- Advertisement -

Түтінге «тұншыққан» ауыл

109

- Advertisement -

Еліміздің басты байлығы – адамдарға экологиялық залал келмеуі маңызды. Әдетте, экологиялық жағдайлар көбінесе шөлді және шөлейтті аймақтарда туындайды деп ойлайтынымыз рас. Дегенмен, жасыл желекті, таулы аудандардың бірі – Меркі жерінде экологиялық мәселе туындап отыр. Біз жағдайды көзімізбен көріп, тұрғындармен сөйлесіп, жан-жақты зерделеуді жөн көрдік. Жалпы, ауданда «Алдабергенов» жеке кәсіпкерлігіне сенімгерлік басқаруға берілген қалдықтар жинауға арналған полигон бар. Оны Данияр Алдабергенов есімді азамат басқарады. Данияр істің көзін табатын жігіт болғандықтан, Меркі ауданы әкімдігі оны қалап, Алматыдан алдырыпты. Бірақ, Данияр Алдабергеновтің полигоны бар, қалдықтарды жинап әкететін техникасы жоқ. Есесіне, осы полигонға әкеліп тасталған тұрмыстық қалдықтарды сұрыптауға құқығы бар. Қалдықтардың ішінде ең өтімді тауар – шыны бөтелке мен пластикалық бөтелке, былайша айтқанда, баклажка. Әсіресе, баклажканың саудасы қызып тұрған секілді. Тұрмыстық қалдықтарды полигонға жеткізетін азаматтардың қоқысты сорттауға құқылары жоқ.

Ал, «Алдабергенов» жеке кәсіпкерлігі әкелінген қоқысты сорттамаса айыппұл арқалайды. Сондықтан, полигон иесі 10 миллион теңгеден астам қаражатқа баклажканы өңдейтін арнайы техника сатып алған.

Данияр Алматыда тұрады. «Менің Алматыда тұратыным рас. Басқа да жұмыстарым бар. Бұл жаққа сенімді өкілімді бекітіп қойғанмын. Ол барлығын жақсы басқарып, жұмыс жүргізіп отыр. Өзім де келіп тұрамын», – деді ол. Бірақ, Даниярдың сенімді өкілі ол айтқандай бұл істі дұрыс атқарып отырмаған секілді. Біз мұны полигонның іргесіндегі Бердібек Есімбеков көшесінің тұрғындарының жанайқайынан білдік. Мәселен, көше тұрғыны Мұрат Кариев: «Полигон біздің көшеге өте жақын. Ол жаққа тек тұрмыстық қалдықтар тасталуы тиіс. Бірақ, олай емес. Жақын маңдағы көп мал ұстайтындардың қиы да тасталады. Онда темір де, ірі қара малдың терісі де, басы да жатыр. Иісі қолқаны қабады. Полигон өртенген кезде көшемізді көк түтін басады», – деді. Ал, Кәмшат Панақұлова: «Полигонның жабылғанын қалаймыз. Көк түтінге қашанғы тұншығамыз?» деп ренішін жасыра алмады. Аталған полигон жанындағы «Күншуақ» жекеменшік балабақшасында меңгеруші болған Айман Кариева: «Балабақшаны басқарып жүргенде көк түтіннің азабын талай көрдік. Полигон өртенгенде балаларды сыртқа шығару былай тұрсын, терезені аша алмай азапқа түсетін едік. Полигон өртінен көрген құқайымыз аз емес. Бірақ, оның балалардың, тұрғындардың денсаулығына тигізіп жатқан зиянын ешкім ойлап жатқан жоқ», – деп жанайқайын жеткізді. Тұрғындардың сөзін Нұрзада Хасенова, Дәулет Сағымбаев, Нұржан Мәндібаев, Перизат Сейдалиевалар да қызу қолдап, тіпті қажет болса арыз жазуға да дайын екендерін айтты.

Біз полигон басына да бардық. Ол жерде расымен темір де жатыр, тері де жатыр. Ешбір реттілікті байқай алмадық.

Сондықтан, Меркі аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы Ділдаш Күдероваға хабарластық. Ол бізге: «Аталған орталық полигон Меркі ауылдық округіне қарасты Есімбеков көшесінің соңында орналасқан. Аумағы 5,7 гектарды құрайды. Қуаттылығы 107298 текше метр эмиссия рұқсаты бар. Аудан әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің теңгерімінде. Полигонның жан-жағы шөл дала, ал оңтүстік жағынан тұрғын үйлер, балабақша 1,1 километр қашықтықта орналасқан. Былтыр да, биыл да аудан тұрғындарынан арыз-шағым түскен жоқ.

Нысанды соңғы тексеру 2019 жылдың шілде айына тағайындалып, жоспарлы тексеру жүргізілді. Тексеру нәтижесі бойынша санитарлық-эпидемиологиялық талаптардың бұзушылығы анықталып, әкімшілік құқықбұзушылық туралы хаттама толтырылып, 290 мың 375 теңге айыппұл салынып, өндірілді.

Елімізде тексерулерге және профилактикалық бақылау мен қадағалау жүргізуге мораторий енгізу туралы Президенттің 2022 жылғы 7 желтоқсандағы №44 Жарлығына сәйкес, шағын кәсіпкерлікті, оның ішінде микрокәсіпкерлікті дамыту үшін жағдайды жақсарту мақсатында орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдар 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап 2024 жылдың 1 қаңтарына дейін шағын кәсіпкерлік субъектілерін, оның ішінде микрокәсіпкерлік субъектілерін тексерулерді және профилактикалық бақылау мен қадағалауды барып жүргізу тоқтатылған.

Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының 2015 жылғы 29 қазандағы № 375-V ҚР Кәсіпкерлік Кодексінің 144-бабына сәйкес, адамның өмірі мен денсаулығына, қоршаған ортаға, жеке және заңды тұлғалардың, мемлекеттің заңды мүдделеріне төнетін тікелей қатердің алдын алу немесе оны жою мақсатында бақылау және қадағалау органы нақты бақылау және қадағалау субъектісіне қатысты жоспардан тыс тексерулерді тағайындауға негіз болған нақты фактілер мен мән-жайлар бойынша тағайындалады», – деп жауап берді.

Меркіде «Алдабергенов» жеке кәсіпкерлігімен жұмысы тығыз байланысты «Андас-Тазалық» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі бар. Ол мекеменің қазіргі жауапты өкілі – Нұржан Мәжібаев. Бұл мекемеде 7 техника бар. Қолдағы бар техникаларымен аудан аумағындағы оншақты ауылдан тұрмыстық қалдықтар жинайды. Әр үй қоқыс шығарғаны үшін аталған мекемеге ай сайын 400 теңге ақы төлейді. Бірақ, сол 400 теңгені төлемейтін адамдар өте көп. Тіпті, әр ауылда тұрғындардың 75 пайызы қоқыс төлеміне жүрдім-бардым қарайды екен. Бұл, әрине, мекеме жұмысына кері әсер етеді. Бірақ, кейбір ауылдық округ әкімдері де бұл жағдайға немқұрайлы қарап отырғандай. Мекеме жұмысын шығынмен жүргізіп отырғандықтан, Нұржан Мәжібаев аудан әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөліміне жұмысты тоқтататындары туралы да айтқан. Алайда, ондағылар «Әзірге ақырындап жұмыстарыңызды жүргізе беріңіздер, бізден де қолдау болады» деп райларынан қайтарыпты.

Кездесу барысында «Андас-Тазалық» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің мамандары Данияр Алдабергенов басқаратын полигонның біраз жөнсіз істері жайлы айтты. Айтуларынша, полигонда үш арнайы алаң бар. Әр алаңның қолдану мерзімі – бес жыл. Біріншіден, алаң қоқыс тасталған соң жаншылып, тапталып тұруы тиіс. Сонда жинақы болады әрі жағымсыз иісі сыртқа шықпайды. Ал, әр бес жылда бір алаң тегістеліп, жабылып отыруы тиіс. Сонда 15 жыл ішінде үш алаң жабылып, жерге де, тұрғындарға да залалсыз болуы тиіс. Сосын полигон орнын басқа жерден қазуға да болады. Қазіргі полигон орнында ондай заңдылық сақталмаған.

Сондай-ақ, «Андас-Тазалықтың» жігіттері де баклажканы заңсыз сатып жүргені айтылды. Біз бұл жөнінде сұрағанымызда Нұржан Мәжібаев: «Біз баклажка сатқан жоқпыз. Жала жауып отыр» деді. Ал, «Алдабергенов» жеке кәсіпкерлігінің жұмысшылары: «Андас-Тазалық» мекемесінің заңсыз жолмен баклажка сатқандары рас. Бірақ, облыстағы арнайы департамент тексерер кезде ескертіп келеді де, тексерушілер келгенше заңсыз орындарын тазалап үлгереді», дейді.

Біз ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі экологиялық реттеу және бақылау комитеті облыс бойынша департаменті басшысының орынбасары Темір Смағұловтан да мән-жайды білдік. Темір Мәмбетұлы: «Кәсіпкерлердің жұмысына кедергі жасамау туралы мораторий әлі күшінде тұр. Сондықтан, біз полигонды беталды барып тексере алмаймыз. Бірақ, олардың баклажканы сорттағандары дұрыс. Егер сорттамаса біз заң аясында оларға айыппұл саламыз. Бірақ, қоқысты талапқа сай өртемегендері, тұрғындардың арыз-шағымы көбеюі дұрыс емес. «Андас-Тазалық» мекемесі де қазір баклажка жинап, сатып жатыр» деп «Алдабергенов» жеке кәсіпкерлігі бізге шағымданды. Біз бұл іске соттың араласуын талап еттік. Жамбыл облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты аталған азаматтық істі қарап, «Андас-Тазалық» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне қызметін уақытша тоқтата тұру жөнінде биыл 24 шілдеде шешім шығарды. Сонымен қатар, «Андас-Тазалық» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінен қаржылай сот шығыны өндірілді. Алдағы уақытта аталған екі тараптың түсінісіп жұмыс істегенін қалаймыз», – деді.

Тағы бір ойландыратын мәселе, кезінде аталған ауданда тазалыққа жауапты «Жасыл-Меркі» мекемесі болған. Аталған полигон сол мекеменің қарамағында тұрған. Ал, «Жасыл-Меркіні» кезінде осы «Андас-Тазалық» мекемесіне жауапты азаматтар басқарған. Сондықтан, мұнда басқа да бір шикілік бар секілді.

Мұндағылар «Жасыл-Меркі» жүйелі жұмыс істей алмағанын айтады. Кейіннен аудан басшылығы полигонды жеке кәсіпкерге сенімгерлік басқаруға берген. Былайша айтқанда, полигонды мұнтаздай етіп ұстайтын болса, «Жасыл-Меркі» мекемесіне де мүмкіндік берілген.

Біз аудан әкімі Жорабек Баубеков және аталған Экология және табиғи ресурстар министрлігі экологиялық реттеу және бақылау комитеті облыс бойынша департаментінің басшысы мәселені бір жағына шығарады деген ойдамыз.

 

Есет ДОСАЛЫ.

Меркі ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support