- Advertisement -

Аймақ ахуалы айтарлықтай жақсаруда

35

- Advertisement -

«Ақтоған» жоғары сұрыпты макаронымен мақтанады

Қазіргі таңда аймақтың шаруа қожалықтары егін жинау науқанына бел шеше кірісіп кеткен. Осындай қарбалас үстінде Т.Рысқұлов ауданындағы «Ақтоған» шаруа қожалығының жұмысымен Сенат депутаты Сәкен Қаланұлы да танысқан болатын. Өйткені, қожалық өз міндетін жоспарлы түрде атқарып, бар шаруасын бір жүйеге түсіріп қойған.

Жетекшісі Сеит-Хасан Ахаевтың айтуынша, шаруашылық 1999 жылы құрылыпты. Негізгі бағыты – егін шаруашылығы, сонымен қатар егіннен алынған өнімді кластерлік әдіспен өңдеп, нарыққа шығару. Шаруашылық 50 адамды жұмыспен қамтып отыр.

Жалпы, қожалық мемлекет тарапынан берілетін барлық көмекті алып келеді. Бүгінгі таңда шаруа қожалық еншісінде 8 комбайны, 11 «К-701» және «К-700» тракторы, 4 «МТЗ» тракторы мен 8 жүк автокөлігі, 1 экскаватор мен 5 қызметтік жеңіл автокөлік бар. Бұдан бөлек, шаруашылықтың 6 мың тонналық элеваторы уақыт талабына сай цифрландырылған. Автоматты түрде дән тазалап, кептіріп, артады.

Жоғарыда айтқанымыздай, шаруашылық өз алқаптарынан жиналған өнімін жоғары сұрыпты ұнға айналдырып, одан жоғары категорияға жататын макарон өнімдерінің 25 түрін өндіреді. Өнімін елордамыз Астана мен Алматы, Тараз қаласына өткеріп отыр. Шаруа қожалық жетекшісі сенаторға ауданда жанар-жағармай маусымдық жұмыс кезінде уақтылы берілмейтінін жеткізіп, мүмкін болса жанар-жағармайды ауданға ертерек бөлгізуге бастамашы болуын сұранған еді.

Бұдан кейін, депутат Көгершін ауылында «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында салынып жатқан спорт кешенінің құрылыс жұмысын көрді. Бұл нысанды жаңа оқу жылы қарсаңында тапсыру жоспарланған екен. Кешенде волейбол, баскетбол, футбол және басқа да спорт үйірмелері ашылатын болады. Келесі кезекте Сәкен Қаланұлы Жақсылық ауылындағы мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында салынған 75 орындық «Нұр-Ай» бөбекжай бақшасының да жұмысын көріп, бөбекжайдағы жатын, асхана бөлмелерін аралап шықты. Сонымен бірге, Құлан ауылындағы құрылысы жүріп жатқан 300 орындық мектептің құрылыс жұмыстарын көрді.

Ағын су тапшылығы Қордайда әлі де сезілуде

Қордай облыстағы экономикалық әлеуеті жоғары өңірдің бірі. Сенат депутаты Сәкен Арубаев осы ауданға жасаған жұмыс сапарында бірқатар шаруа қожалықтарында болып, диқандардың тыныс-тіршілігімен танысты. Соның бірі – Сарыбұлақ ауылдық округіндегі «Самғау» шаруа қожалығы. Қожалық жетекшісі Евгений Трубниковтың айтуынша, биыл ол 130 гектарға күнбағыс, 47 гектарға арпа, 200 гектарға дәндік жүгері, 90 гектарға қант қызылшасын орналастырыпты.

– Биыл ғылыми негізде испандық мамандардың көмегімен алғаш рет қанатқақты жоба ретінде күнбағыс орналастырып, одан жақсы өнім алу үшін тамшылатып суару жүйесін енгізіп отырмыз. Соның өзінде судан тапшылық көрудеміз. Біздің талап-тілегіміз, егер күнбағыстан өнімді төмен алған жағдайда, шығынды өтеудің жолы қарастырылса. Мысалға, егер бау-бақша яғни, қарбыз басқа да дақылдың шығынын өтеуге гектарына 400-500 мың теңгеден беріледі деген ақпарат естідім. Күнбағысқа да осылай төленсе, – деді ол.

Жалпы, Қордай өңіріндегі 36 мың гектар суармалы алқаптың бүгінгі таңда 6 мың гектарына су жетпей отыр. Сәкен Қаланұлы шаруа мәселесін мұқият тыңдап, шығынды басқа да дақылдармен бірдей есептеуге жұмыс жүргізетінін, өтініш назарға алынғанын жеткізіп, мұндай пилоттық жобаға қолдау көрсету қажеттігін атап өткен еді.

Келесі кезекте Сенат депутаты «Левый ветка» каналын көрді. Каналға түсіп жатқан 4-5 текше метр сумен 19 мың гектар алқап бүгінге дейін ылғалдандырып келіпті. Алайда, су тапшылығына байланысты бүгінде канал құрғап қалған. Осында Сенат депутаты шаруалармен кездесіп, олардың ұсыныстарын тыңдады. Аудан шаруалары «Қалғұтты мен Ноғайбай ауылдарына екі су бөгеті орнатылса, егістікке су жеткізуге мүмкіндігі артып, су тоспалары су тапшылығын жоюға септігін тигізер еді» дейді.

Қордай ауданы әкімінің орынбасары Жұлдызбек Бақаевтың айтуынша, ол екі бөгетті салу үшін жобалық-сметалық құжаттама әзірленген. Сенат депутаты каналдан бөлек басқа да егін су жүйелерін аралап көрді. Сәкен Қаланұлы егер су тапшылығын жоюға екі бөгет әсер етсе, мұның қаржысын қарастыруға күш салатынын жеткізді.

Бұдан кейін, халық қалаулысы ауданда құрылыс жұмыстары жаңа басталған мемлекеттік мұрағаттың құрылысын көрді. Сапар соңында сенатор аудандық мәслихат депутаттарымен кездесті. Аудан депутаттары да бірқатар шешімін күткен мәселелерді көтеріп, сенатормен еркін форматта пікір алмасты. Сапар соңында Сәкен Қаланұлы өңірдегі бірқатар құрылыс нысандарын аралап, «ОтарБиофарм» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жұмысымен танысты.

 

Марат ҚҰЛИБАЕВ.

Т.Рысқұлов, Қордай аудандары.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support