Кәсібіне адал жан

Кәсібіне адал жан
ашық дереккөз
Кәсібіне адал жан
Біздің кейіпкеріміз – Жамбыл магистралдық желі бөлімшесіне қарасты Жамбыл электрмен жабдықтау дистанциясының электрмен жабдықтау ауданының электромеханигі Нұржан Есалиев. Ол 1983-1986 жылдар аралығында Ауғанстан астанасы Кабулда зенитті ракеталық полкте Отан алдындағы азаматтық борышын аман- есен атқарып келгенде әкесі: «Балам, сәл тынығып ал, жұмыстың реті болар» деп, ұлының аман оралғанына қуанған екен. – Әкем Бекжан ол кезде Тараз станциясындағы желілік ішкі істер бөлімінде қызмет ететін. Біз тәртіпке бағынуды, адал еңбектің қадірін білуді сол кісіден үйрендік. Сөйтіп, әне-міне деп жүргенімізде желтоқсан айы келіп, оңтүстік астанада жастар бас көтерді. «Желтоқсан оқиғасы» біздің отбасын да айналып өткен жоқ. Алматы қаласында сигнал беру және байланыс дистанциясында еңбек етіп жүрген үлкен ағам Әбіл сол тарихи оқиғаның бел ортасында жүріп, мерт болды. Ал, бізге «көлік қағып, қайтыс болды» деген хабар келді. Перзентінің қазасына әкем ұзақ уақыт қайғырып жүрді, біз жұбатумен болдық. Ол кезде екінші ағам Берік Жамбыл электрмен жабдықтау дистанциясында қызмет ететін. Бір күні мені жұмысқа шақырды. Бұл ұсынысқа әкем де қарсы болмады. Екі ұлының бір ұжымда қатар жүргенін қалаған болар. Өкінішке қарай, Берік ағам да өмірден өтіп кетті, – дейді Нұржан Бекжанұлы. Міне, 1987 жылдан бері бір кәсіпорында табан аудармастан 36 жыл еңбек етіп келе жатқан Нұржан Есалиев алғаш монтер болып жұмысқа қабылданады. Бір қызығы, осы жылдар белесінде бірде бір рет тәртіптік ескерту алмапты. Жылдардың еңбекпен еселенетініне – адал еңбектің, біліктілік пен білімнің, ұжымдағы сыйы мен қадірінің арқасында жететініне көзі жеткен маман жауапкершілікті де сезіне білді. Шығысы – Ақыртөбе, батысы – Шөлдала, солтүстігі – Жұма станциясы аралығындағы бағдаршамдар мен станция, разъездердің ток көзімен тұрақты қамтамасыз етілуін қадағалайтын Нұржан Бекжанұлы басшылық жасап отырған электрмен жабдықтау ауданы цехында 20 шақты маман еңбек етеді. Олардың үшеуі– жас маман. – Алғаш жұмысқа кіргенде электромонтер Александр Четворов деген білікті азаматтан үйренгенім көп болды. Өте сауатты маман болатын. Бүгінге дейін аралас-құралас болып, кеңес алып тұрушы едік, кейін тарихи отаны – Ресейге көшіп кетті. Жас мамандарды қолдау, бағыт- бағдар беру сабақтастығы әлі де үзілген жоқ. Жоғарыдағы үш жас маманның бірін қол астыма алып, білгенімді үйретіп, тәжірибемді бөлісіп жүрмін. Біз үшін ток көзі – тіршілік көзі. Егерде болат жолдың бойында бағдаршамда немесе станцияларда ток көзі үзілсе ол қозғалыс қауіпсіздігі үшін үлкен кедергі. Қала берді, станция тұрғындарына да қызмет етеміз. Жұмысымыздың маңыздылығы осында. Қысы-жазы, ыстық аптап пен суық ызғарда далада жүреміз. Оған реніш танытып жатқан ешкім жоқ, бастысы жауапкершілік. Телім бойын жағалай алып жүретін «Фермер» көлігіміз де жаңа. Өйткені, жұмыс орнын жоғары деңгейде ұйымдастыруда, еңбекті қорғауда кәсіподақ тарапынан қолдау бар. Дистанция басшылығы да арнайы жұмыс киімі мен құрал-жабдықтармен қамтамасыз етіп отыр, – дейді ол. Мен Нұржан Есалиевпен жұмыс соңында кездесіп, сұхбаттастым. Ақшолақ, Ақыртөбе жақтан келген сәті екен. Мынадай күннің ыстығында шаршап-шалдыққан жанды көрмедім. «Бұл жұмысқа әбден ысылдық қой», – деп күлімдеді ол қоштасарда. Бәлкім, бұл еңбек адамының шынайы болмысы шығар.  

Ерман ӘБДИЕВ, журналист.

Тараз.

Ұқсас жаңалықтар