- Advertisement -

Ене мен келін

122

- Advertisement -

Бүгінде ене мен келіннің арасындағы келіспеушілік күрделі мәселеге аналып отыр. Ал, олардың сыйыспауына не себеп?

Кейбір енелер келінді екінші сортты адам сияқты көреді. Көбіне келін өз амбициясы жоқ, тек қызмет көрсетуші позициясында болады. Келін келгенде бүкіл үйдің тірлігі соныкі с екілді қарайды. Уақыт өте келе келін де бұдан шаршап, ешкімнен қолдау болмаған соң арада жанжал шығады.

Таяқтың екі ұшы болатынындай, келіндердің де кінәсі бар. Өйткені қазір көп келіншек әлеуметтік желіде психолог, коучтарды зерттемей, оңды-солды тыңдайды. «Бөлек шығу керек. Енелерді басындырмау керек. «Жоқ» деп айтуды үйрену керек» деген сияқты сөздерді оқып, тыңдап алып, оны да дұрыс қолданудың жөнін білмейді.

Үшіншіден, ене мен келін дауына ер адамдардың да ықпалы бар. Негізінде ата- анаға қарау перзенттің міндеті. Еркек не істеді? Келінді әкеледі де мойнынан жүк түскендей барлық жауапкершілікті әйеліне өткізіп, үйдің шаруасын ойламай өзі ары қарай жүре береді. Ең бастысы – үйінде жары ата-анасына қарап отыр. Келін әкелсем болды, әке-шешем разы деп ойлайды.

Содан кейінгі себеп, жыл сайын бала туу. Бұл да ене мен келін байланысына әсер етеді. Денсаулығын қалыпқа келтірмей, жыл сайын бала тапқан келіншек өзге түгіл, тіпті өзіне қарауға уақыт таппайды. Күйзеліске түсіп кетуі мүмкін. Сол жағдайларда күйеу, ене, қайын әпке, қайын сіңілі келінге қолдау көрсетуі керек. Баланы қарау, жеткізу – үлкен жауапкершілік.

Осындай бірнеше себептерден кейін келінді енесі үйінен қуып жіберсе, оның баратын жері болмаса, не істеу керек? Отбасында жанжал шығып, зорлық- зомбылық орын алса полиция қызметкерін шақырады. Егер жағдай ушығып, үйінен кететіндей болса, әйелдерге арналған дағдарыс орталығына келеді. Сенім телефондары да бар. Сонымен қатар, әр ауданда жеке кабинеттер ашылған. Ол жерде психолог, әлеуметтік қызметкер жұмыс істейді.

«Жамбыл облыстық зорлық- зомбылық құрбандарына әлеуметтік көмек көрсету орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі 2014 жылдан бері жұмыс істейді. 9 жылдың ішінде 1600- дей әйелдер мен балаларға көмек көрсеткен. Ең бірінші нәзік жандыларға керегі – психологиялық жәрдем. Одан кейін әлеуметтік қызметкерлер, заңгерлер, жалпы 8 түрлі көмек көрсетіледі.

Жағдай тек күйеу мен әйел, ене мен келін арасында ғана болмайды. Ортада балалар қиналатыны рас. Күнде әкесі мен анасының ұрыс- керісін, жанжал-төбелесін көрген баланың психикасы да бұзылады. Орталықта балалар психологы жұмыс істейді. Бірақ, бала біраз жақсы болғаннан кейін қайтадан отбасына барып, бұрынғы жағдай қайталанса оның психологиясына кері әсер етеді.

Мәселе түптеп келгенде тәрбиеге тіреледі. Дағдарыс орталығының директоры Жамал Калыбекова: «Бірінші кезекте аналарды тәрбиелеу керек», дейді. Себебі, қызын үйінен ұзатқан соң ертесіне телефон соғып «Енең не деді? Қайын сіңілің не істеп жатыр?» деп сұрайды. Қыздың анасы араласқаннан кейін жас келін енесін тыңдай ма, анасын тыңдай ма, соны білмей дал болады. Қазір кейбір аналар «Ішіме сыйған, сыртыма да сыяды» деп айтады екен. Бұл қате пікір. «Ұрысып қалдыңдар ма, үйге кел» деп емес, керісінше ақыл айтып, қызына бақыт тілеп, оның отбасылық өміріне араласпағаны дұрыс. Ал, келіндер болса сол отбасының сөзін өз анасына жеткізеді. Содан кейін екі арада ұрыс басталады.

Психолог Санира Шаймұрат аталған мәселе бойынша өз пікірін айтты. «Ене бізге ұстаз ретінде келеді. Балалық шақта қалып қалған, шешілмеген мәселеміз болады. Бір шешілмеген есеп сияқты. Кейін біз соны реттемейтін болсақ, проблеманың жауабын таппасақ, сол жерде қалып қалған сезімді жетілдіру үшін өмірімізге ене, күйеу сияқты тағы бір адамдар келеді. Былай айтқанда, олар біздің өмірімізге келетін ұстаз. Алла Тағала қандай да бір ішіміздегі, жан дүниеміздің дерттерін емдеу үшін оларды бізге жібереді. Терапияға келген кезде оны түсініп алуға болады. Қай жерден кетті, не үшін бұл ситуация болып жатыр, ол адам сізге неге керек? Соның барылығының өз себебі бар», дейді ол. Әр адам өзінен бастау керек.

Енесі «келін де біреудің қызы» деп жұмсақ қарап, дұрыс бағдар көрсетсе, келін де жолдасымның анасы, балаларымның әжесі деп сыйлап, құрмет көрсетсе, әркім өз орнында болса, арада түсініспеушілік орын алса, бір- бірінің сыртынан тон пішпей, екеуара сөйлесіп шешіп алса, ене мен келін мәселесі мұндай дауға айналмайтын еді.

 

Назерке СӘНДІБЕК.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support