Тікелей эфирдегі өмір

Тікелей эфирдегі өмір
ашық дереккөз
Тікелей эфирдегі өмір
Күнделікті ғұмырын әлеуметтік желіге жүктеген былай тұрсын, өмірі таңнан қара кешке дейін тікелей эфирде өтіп жатқандардың заманы туды. Қазақ қоғамына танымал «Facebook», «Instagram», «Tik tok», «Bigo live» сынды бірнеше сайттың тікелей эфирі бүгінгі таңда өзінше бір әлемге айналды. Бұл сайттарда біреулер нәпақа тауып жүрсе, енді бірі өзіне назар аударту үшін барын салып әлек. «Facebook», «Instagram» желілерінің тікелей эфирі арқылы көбіне түрлі іс- шара, жиналыс, ән-шашу тамашалауға болады. Ара-тұра поэзия оқитындар бой көрсетіп қоятыны да бар. Ал жарнама жасауға, түрлі жағдайда жетістікке жеткен жандардың онлайн ойы мен «ақылын» тыңдауға тікелей эфир таптырмайтын мүмкіндікке айналды. Ал, бұл сайттардағы ел алдына шығудағы ең ұтымды тұсы – дертке дауа, жанға шипа іздеген жандар мен түрлі қиындыққа тап болғандар, үйсіз-күйсіз жүрген жетім-жесірдің баспана алуына себепкер болып, эфир арқылы қаражат жинап беру мүмкіндігінің артуы таптырмайтын сауапты іс екені айдан анық. Бұл тұрғыдан тікелей эфирдің пайдасы шаш-етектен болып тұр. Біз зер салып, зерттеу жүргізгендердің ішіндегі «Bigo live-тың» ерекшелігіне тоқталар болсақ, бұл тек тікелей эфир арқылы ғана қолданысқа енген сайт. «Күлтөбенің басында күнде жиын, күнде той» демекші, бұл сайт мұнда тіркелген жастардың ойын-сауық отауына айналған. Эфир арқылы жүргізуші атанып, қаражат тауып жүргендер де жеткілікті. Ол үшін бойыңда ән айтуға қабілетің болса болды. Одан бөлек, көсіліп көсем, шешіліп шешен болып, жұртты аузыңа қарата алатын қабілетің болса, көрермен өзі ұнатқан жүргізушісіне түрлі картина форматындағы онлайн сый-сияпат жібереді. Жүргізуші оны кейін қаражатқа айналдырып ала алады. Алайда, желі қолданушылары күн өткен сайын түрленіп, жаңарып, жасарып, «жаңалық ашып» келеді. Ал, ең сорақысы, мұнда тікелей эфир арқылы іш киіммен би билеп, тәнін саудалап, жарнамалайтын қаракөздер көбейді. Олардың ең жасы 14-тен енді асса, 60-тың асқарынан асқан қазақ әжейдің де тікелей эфир арқылы жасап жүрген түрлі былығы мен қылығын көз шалды. Бұл тұрғыда жігіттер жағы да қалыспайды. «Күйеу іздеп жүрмін» деп, ернін шиедей түске бояп алып, қымсынбастан қылымсып отырған қазақ жігіттерін де көруге болады. Мұнда әсіресе көзге түсуге құмар, өзіне әбден назар аудартуға ынтық жандар камераға тіпті тәуелді. Олар эфирде ұйықтап, эфирде оянып жүр. Өзін «тролль» атап кеткен, жағымсыз жандардың қылығы да жаға ұстатарлық. Олардың кейбірінің басты ойы адам жанын жаралау болса, енді бірі ақша талап ету үшін түрлі арсыздыққа барады. Тролль-жігіттер қыздардың сеніміне кіріп, жұрт көзінше бірге эфирге шығып, сүйіп қалғанына сендіріп, соңыра түрлі жағдайда қыздарды барынша масқаралау мақсатында айласын асыра бастайды. Сөйтіп, бірде аңғал қыздың жалаңаш суретіне қол жеткізсе, енді бірде ешкімге айтпаған ауыр күнә немесе құпиясын біліп алып, «ата-ана, туған-туыстарыңа айтамын» деп қорқытады. «Суретіңді эфирде таратамын» деп, ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстайды. Сөйтіп, қыздарды отырса – опақ, тұрса – сопақ етіп, қорлаудан алдына жан салмай, сонысын мақтанышпен айтып та жүреді. Ал, «Tik tok» желісі заманауи тілмен айтқанда трендтегі, қолданысы кең сайт. Мұндағы тікелей эфирдің де өз қызығы бар. Күні-түні камерасын қосып қойып, бар күйбең тіршілігін эфир алдында өткізетіндердің қатарында түрлі отбасылар көзге түсуде. Сондай опасыз отбасының бірі – араққа салынған ерлі-зайыпты. Оларға бәрібір. Ұялмаған – әншінің кері. Онсыз да тас-талқаны шыққан тағдырының әр минут, сағатын көрермен алдына «лақ еткізеді». Күйеуі тісі жоқ қызыл иегін көрсете күліп, күнұзақ әйелі екеуі бірігіп ащы су ішіп отырады. Одан қалса, қызыл шеке болып төбелеседі. Сәлден соң қайта құшақтасады. Қайта ішеді. Күнделікті осы көрініс камера алдында қайталанып жатады. Ең сорақысы, әке мен шешенің төбелесі мен тепкісін, ұрысы мен ырың-жырыңын бақылап, бір бұрышта кішкентай ұл мен қыз отыр. Ішер асы жоқ бүлдіршіндер, күнұзақ әрдеңені талғажау ететіні де көрініп тұр. Бұл бейкүнә періштелер үшін басқа өмір жоқ. Барша жер бетіндегі ғұмырды өздерінің сүреңсіз сарайында өтіп жатқан күндермен өлшейтінін кіртиген көздерінен-ақ танисың... Өз-өзімен бірде күліп, бірде есеңгіреп анашаның әсерімен эфирден шықпайтын бір байдың жалғыз қызы, күнұзақ ақыға ащы бұрыш жейтін мешкей бала. Олардың әр сәті камераның алдында өтіп жатыр. Бірақ, олардың өмірі құдды алдын ала жазылған сценарий, шоу дерсің. Расында олар арнайы роль ойнап жүрген жоқ, эфирде осылай өмір сүріп жүр. Ең өкініштісі де сол...  

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ

Ұқсас жаңалықтар