- Advertisement -

Тілшінің қаламы – қаруы, жазуы – жанының дәруі

129

- Advertisement -

Тілшінің қаламы – қаруы, жазуы – жанының дәруі. Журналист десе, ең алдымен шындықтың шырақшысы атанған, әйгілі жазушы, қазақ журналистикасының корифейі, ұлт әдебиетінің ұстыны Шерхан Мұртазаның «Журналист – это қаранар, но мизерный гонорар» деген қанатты сөзі ойға орала беретіні бар.

«Ақынның тілі – қылдан нәзік, қылыштан өткір» деген сөз бар. Жан қалауы адамды алыстан мұнартқан армандарға бастайды. Мейлі ол ақын болсын, басқа болсын, журналистикаға аңсары ауған жастардың дені әдебиетке қандай да бір қызығушылық арқылы қолына қалам ұстайтыны әлімсақтан аян.

Бүгінде Шу аудандық «Шу өңірі» газетінің бас редакторы қызметін атқарып жүрген Ерғали Қартайғанның да бірер жыл бұрын белгілі ақындардың өлеңдерін оқып, әлеуметтік желілерге салғанын көргенбіз. Ал, студент күнінде жасаған бейнерепортаждары You Tube-те «сайрап» тұр.

Қай кезде де сабырлы қалпынан танбайтын, елдің сөнуге шақ қалған үмітін қалам-қуатымен жалғайтын Ерғали шын мәнінде өз ісінің кәсіпқой маманы. Облыстық «Жамбыл-спорт» газетінің қазанында қайнаған жас журналист жастардың ұстаханасына айналған «Арай» газетінде де шеберлігін шыңдады, майталман мамандардың кеңесін құлақ қойып тыңдады. Одан ұтпаса, ұтылған жоқ. Шарболаттай ширықты, жаңа биіктерді бағындыруға ден қойды.

«Жамбыл-спорт» – салалық газет болғандықтан, Ерғали аталмыш басылымды өз мүмкіндігін толық ашып көрсете алды деуге болмас. Талмай тер төгіп, аянбай еңбек еткеніне қарамастан, «Арай» жастар газетінде де аса көп еңбек ете қойған жоқ. Есесіне ол облыстық «Ақ жол» газетінің Мойынқұм және Шу аудандарындағы меншікті тілшісі қызметін атқарған жылдары жұртты толғандырған тақырыптарды жазып, екі аудан халқының алғысын арқалады. Аспады, саспады, жауапкершілік жүгін арқалаудан қашпады.

От қылатын, шоқ қылатын жиырма бестің ауылынан енді асқанда талантымен тасқа басқан мақалалары оны төрге оздырды. Шу аудандық «Шу өңірі» газетінің бас редакторы қызметіне тағайындалып, облыстық бас басылымның түлегі жаңа міндетті мойнына алды.

«Біз мектеп қабырғасында оқып жүргенде болашақ журналистерді даярлайтын «Жас қалам» үйірмесі жұмыс істеді. Үйірмені сол кездегі «Шу өңірі» газетінің бас редакторы Нұржан Қадірбеков жүргізген еді. Ойды ширататын, қиялыңа қанат бітіретін осы бір қосымша сабаққа қатысып, ауданда, мектепте өткен іс-шараларды аудандық басылым бетінде жариялап, сабақты ине сәтімен келген кезде жыр да жаздық. Біздің жазған өлеңдеріміз, мақалаларымыз аудандық басылымнан бөлек, облыстық газеттерде де жарық көретін. Ондай сәтте көңілді шаттық кернейтін. Осы бір үйірменің арқасында журналистика саласына қадам бастық.

«Шу өңірі» газетінде 2021 жылдан бері редактор қызметін атқарып келемін.Алдыңғы буын ағалар жастардан тек жаңашылдықты күтетіні рас. Ұжымда барлығы 15 қызметкер бар. Оның ішінде шығармашылық топ 9 адамды құрайды. Орыс бөлімінде екі журналист, қазақ бөлімінде үш журналист қызмет етеді. Жұмысшылардың жұмысқа жауапкершілікпен қарауын талап етемін. Одан бөлек, сараптамалық, сыни материалдар жазған кезде әріптестердің тақырыпты терең зерделеуіне ден қоямын. Біздің ұжымда жан-жақты әрі ылғи ізденіс үстінде жүретін журналистер қызмет етеді», – дейді Ерғали аудан айнасының бүгінгі тыныс-тіршілігі туралы ой қозғап.

Мамандығына адалдығымен алдыңғы буынның алғысын арқалаған Ерғали кез келген жаңашылдықты жедел үйренуге әзір. Бүгінде ол журналист ретінде ғана емес, тастаяқ шебері ретінде де республикадағы майталман мамандарды мойындатқан болатын.

Журналистер арасында ұйымдастырылатын бильярд турнирінің барлығында чемпион атанған әріптесіміз бүгінде кәсіпқой спортшыларға қарсы да тамаша ойын үлгісін көрсетіп жүр. Жуырда қаламы мен кийін қатар ұстаған әріптесіміз республикалық «Жас Алаш» газеті ұйымдастырған Сейдахмет Бердіқұлов атындағы алғашқы бильярд турнирінде еліміздің әр қиырынан жиналған кіл мықтыны ойсырата жеңіп, Алматыдан олжалы оралды. Тілшілердің арасында өткен ең ірі додада қатарынан оза шапқан саңлақ журналистің ойынына тамсанған журналистика корифейі Несіп Жүнісбай: «Әріптестердің мұндай деңгейге көтерілгенін алғаш көріп тұрмын. Бұл жігіт кәсіпқойлар арасында да жүлдегер атанатын күн алыс емес» деп тамсанған еді. Несағаның аузы дуалы ма, кім білсін, Ерекең жақында кәсіпқой спортшылар арасында облыс чемпионы атанды.

Қаламының желі бар әріптесіміздің салада да, спортта да әлі талай биікті бағындыратынына біз де күмәнданбаймыз. Өйткені, еңбекпен есейген Ерғали еңбек жолында тер төгуден ешқашан жалықпайды.

 

Мақпал СҮЙІНБАЙ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support