- Advertisement -

Ізденуден жалықпайтын қаламгер

271

- Advertisement -

Көрнекті жазушы Пернебай Дүйсенбиннің есімі тек жамбылдықтарға ғана емес, күллі қазаққа жақсы таныс. Оның қаламынан туған жауһар дүниелер бүгінде қазақ әдебиетінен ойып тұрып өз орнын алды. Әсіресе, оның балалар әдебиетіне қосқан үлесі ерекше. Қарымды қаламгер биыл 80 жасқа толады.

Қаратаудың Көкжон өңірі туралы, одан шыққан белгілі тұлғалар жайлы әңгіме қозғалса, менің есіме бірінші болып елдің атын шығарып жүрген өнер майталмандары «Қазақстанның Еңбек Ерлері» Асанәлі Әшімов пен Илья Жақанов түседі. «Еліңде тағы кімің бар?» дегендерге «Қазақ әдебиетінің қара нары, туған ауылын Алматы мен Астанаға айырбастамай-ақ өзінің тұщымды, тартымды шығармаларымен биіктен көрініп жүрген қаламгер, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, Сарысу ауданының Құрметті азаматы Пернебай аға Дүйсенбин бар!», деп мақтана әрі масаттана жауап беремін. Расында да бұл жазушының қаламының құдіреті көпшілікті мойындатқан. Иә, жазушы Пернебайдың қаламынан шыққан әңгімелері, повестері, эсселері өзінің қарапайымдылығымен, шынайылығымен, тілінің нәрлілігімен көпшілікті тәнті етеді. Кейде оны балалар жазушысы деп те пікір білдіріп жатады. Онысы да рас. Өйткені, ол ұзақ жылдар туған ауылы Жайылмадағы орта мектептен қол үзбей, ұстаз болып қажырлы еңбек етті, балалардың психологиясын терең меңгеріп, мінездері мен ойларын, тіпті, айтар сөздері мен қылықтарын зерделеп, саралап, өз көзімен көре жүріп ой түйді, оларды өз шығармаларына шебер, орынды пайдалана білді. Сондықтан, оның балалар әдебиетіне қосқан үлесі ұлан-ғайыр. Балалар әдебиетіне кім болса сол батылдық танытып, бара бермейді. Оның ерекшелігін, қиындығын көптеген қаламгерлер жақсы білгендіктен, оған жақындай бермейді. Сондықтан да әдебиеттің бұл саласы басқаларына қарағанда «қатты жаңғақтың» бірі болып қалуда. П.Дүйсенбиннің творчествосына етене қанық әріптестері оны «Балалар әлемінің бағбаны» деп орынды атайды.

Пернебай студент кезінен бастап қоғамдық- әдеби іс-шараларға белсенді араласып, газет- журналдарға мақала жазып, жазушы ретінде қалыптаса бастады, республикалық орталық басылымдарда Леонардо да Винчи, Сикейрос, Сарьян, Левитан, О.Таңсықбаев, Рылов, Коненков, Ш.Жиенқұлова, А.Ғалымбаевалардың өнері мен өмірі туралы очерктер мен көркем әңгімелер жариялады. Жазушының белгілі өнер адамдары, сазгерлер туралы қалам тербеген лирикалық хикаялары еліміздің әдебиет қорына қосылған ерен жауһар дүниелер, құнды еңбектер. Оның «Шуақты белес», «Арайлы таң алауы» атты жинақтары оқырмандардың ыстық лебізіне ие болды.

Оның әр жылдары баспадан шыққан «Жұмбақ жұлдыз», «Кішкентай генералдар», «Ән салыңызшы, Әке!», «Елгезек ертегілер елінде», «Зертөбе» секілді кітаптары шынайы өмірден алынған қызықты хикаялары балалар әдебиетіне қосылған қомақты дүниелер.

1979 жылы ре спубликалық «Жалын» журналында жарық көрген «Жұлдыздар неге жылайды?» атты лирикалық хикаясы (повесі) әдеби ортаны дүр сілкіндірді. Ол қазақ прозасындағы балаларға арналған шығармалар қорына өзгеше құбылыс болып енді. Қаламгер осы алғашқы кітабымен-ақ әдеби ортаның назарын өзіне бірден аудартты. Аталмыш повестің бас кейіпкері мылқау бала Тайжанның тағдыры, оның көзімен сұм соғыстың салған ауыр зардабы шынайы шындық тұрғыда суреттеледі. Қаламгерлік қасиеттің көрінісін дөп басқан шығармада тілдің тамаша образдылығы, повестің көркем мазмұндылығы айрықша көрініс тапқан. Кітаптағы «Сол бір асу» атты әңгіменің кейіпкері жұмысшы батальонынан қашып жүргені, бұлқынған асау сезімдер, қиямет қорқыныш пен жылт еткен үміт сәулесі психологиялық әсермен нанымды суреттелген. Әңгімені оқи отырып, өз ісінен опық жеген кейіпкер тағдырына бейжай қарай алмайсың. Ақыры адами асыл қасиеттің биік шыңынан аса алмай ақ түтек боранға ұрынып мерт болған кейіпкер өліміне де ақтық шешімді автордың өзі шығарады. Жазушының бұл еңбегі республикалық «Дарабоз» конкурсының жеңімпазы атанды.

1994 жылы «Балауса» баспасы жариялаған жабық конкурста «Дәуреннің ойыншықтары» атты повесі екінші бәйгені иеленді. «Жалғыз салт атты», «Арманымның ақ құсы», «Дөңгеле, күн, дөңгеле», «Бастау» атты бәйге алған шығармалары алғашқы жинақтарда жарияланған.

Жазушы П.Дүйсенбин ерекше еңбекқор, ізденімпаз қаламгер. 2003 жылы «Шежірелі Сарысу» атты көлемді кітабы көпшіліктің қолына тисе, 2007-2015 жылдары «Үркердей болып көшкен жұрт», «Сарысунама», «Шеркешнама» деректі кітаптары жарық көрді. Ондағы мәліметтерді жинау оған жеңіл болған жоқ, бірнеше айлап ел-жұртты аралап, өңір шежірешілеріне жолығып, талай тарихи еңбектерді «қопарып», архивтерге жүгінді. Мысалы, бір ғана көрнекті «Шеркешнама» деректі шежіре кітабына мәліметтер жинау үшін оның 9 жылға жуық уақыты кетіпті. Оның материалдарын жинау үшін Атырау, Маңғыстау, Батыс Қазақстан облыстарының ауылдарын табандылықпен аралап, көнекөз қариялармен жүзде сіп, олардың айтқан шежірелері мен ел аузындағы аңыз әңгімелерді ерінбей диктофонға жазып, одан кейін оларды ақ қағазға түсіріп, сараптап-зерделеуге қанша уақыт кетті десеңізші?! Міне, қандай таңғаларлық еңбекқорлық!

Бес жүзден астам қазақстандық Ұлы Отан соғысына қатысып, Кеңес Одағының Батыры атанды. Солардың арасынан ол атаққа ие болған қазақтар жайлы мәліметтерді Пернебай аға тірнектеп жинап, олардың жалпы саны 105 екенін дәлелдеп, олар туралы энциклопедиялық түрлі түсті кітап шығарғаны да оның ыждаһаттылығын, ізденімпаздығын көрсетеді. 2015 жылы жазылған «Есен сау жүріңізші, асыл ата!» шығармасы 533 автордың арасынан ерекшеленіп, бас жүлдеге ие болды. Қаламгердің қаламынан ауыл балаларының өмірін қамтыған повестер, әңгімелер, өлеңдер, ертегілер туған. Оның «Жұмбақ жұлдыз сәулесі» және екі томдық «Балдәуреннің бұлтсыз аспаны» көркем еңбектері үшін Пернебай Дүйсенбинге 2021 жылы Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығы берілді. Жазушының бірнеше кітабы орыс тіліне аударылған.

Мақтауға тұрарлық адамды ел мақтайды, сыр етіп жеткізеді. Қаламгер аға туралы ел арасында әрдайым жылы пікір айтылады. Әсіресе, үзеңгілес жазушы ағайындар әркез Пернебай Дүйсенбин жайлы көптеген жағымды пікірлер айтып, олардың біразы облыстық, республикалық газет-журналдарда жазылып та жүр. Алыстан іздемай-ақ, бірнеше белгілі жазушылардың пікірін келтірейік: «Кішкентай генералдар» мен «Біз, Төлепбек атай, самолет командирі және Пальма» атты екі повесі де жас оқырмандарға үлгі боларлық, өзіндік ерекшелігі бар туындылар. Бұл шығармаларды, ең алдымен, бүлдіршіндерге арналған адамгершілік, азаматтық сабағы деп бағалаған абзал. Пернебай Дүйсенбин шығармалары идеялық, көркемдік қасиеттерімен ғана емес, шұрайлы тілімен де дараланады», деген пікір білдіріпті сардар жазушы Әзілхан Нұршайықов («Қазақ әдебиеті» 4.03.1983 ж.).

«Бұл – Қара Қарындаш пен Ақ Альбомның бастан кешкендері туралы әдемі ертегі. Тілі жеңіл, жатық. Ара-тұра ұшырасатын кібіртіктер өңдей келе жөнделіп кетсе, бұл хикая қазақ балалары үшін ең қызғылықты кітаптардың біріне айналар еді», деген баға береді көрнекті қаламгер Мұхтар Мағауин («Лениншіл жас» 30.12.1986 ж.).

«Пернебай Дүйсенбиннің «Шуақ» әңгімесі шопандар өмірінен, соның ішінде Алғабай тіршілігінен сыр шертеді. Жазушы Алғабайдың болымсыз іс-әрекеттерін көрсете отырып, оның шын мәнінде қандай адам екенін танытуда үлкен шеберлік көрсеткен. Алғабайдың бүкіл әрекетінен, сөйлеген сөзінен, үзік-үзік ойынан, автордың тек қана демеп, сүйемелдеп отыратын самарқау баяндауынан шопан ата бірте-бірте қомақтанып, нағыз еңбек адамының сом тұлғасына айналады. Бір қарағанда тартыс та жоқ сияқты, бірақ бағдарлап үңілсең, талай жерде бой көтеруге ұмтылған тартысты Алғабайдың шынайы еңбек адамы ретіндегі рухы жеңіп, оны тұралатып тастап отырғанын аңғарасың. Пернебайдың бұл әңгімесін сәтті шыққан туындылар қатарына жатқызуымыз керек», депті Сайымжан Еркебаев («Жұлдыз» №12.1984 жыл).

«Пернебайдың үлкен шығармашылыққа барар жолдағы баспалдағы аса күрделі де қасиетті, текті де тегеурінді өнер дүниесін түсінуден, танудан бастау алады. Сөз жоқ, жазушының өнер тақырыбына терең бойлап, оның алуан қыры мен сырын түсінуге, құдіретін өзгенің жүрегіне жеткізуге ниеттенуі көп дүниеге көзін ашты, суреткерлік мұратын айқындай берді», дейді белгілі жазушы, сақа журналист Қали Сәрсенбай («Егемен Қазақстан» 4.01.1994ж.).

«Ал біз қазіргі қазақ ертегісі қандай болуы керек деген сұрауға жауапты жас жазушы Пернебай Дүйсенбиннің «Сары Сөмке және оның достары туралы ертегі» атты повесінен таптық. Оның кейіпкерлері ертектен-ертекке бір қалыпта аумай көшіп жүретін қу түлкі, аш бөрі, қорқақ қоян емес, аты өшіп қалған хан да, уәзір де, тазша бала да емес, кәдімгі күнде қолға ұстап мектепке апаратын Сары Сөмке, сурет салатын дәптер, бояу қарындаштар мен әуелете доп тебетін қонжық…

Повестің тілі де жатық. Кібіртіктемей еркін оқуға оңтайлы. Автор бір тарауда Сары Сөмкені, енді бір тарауда бояу қарындашты, келесі тарауда сурет салатын дәптерді «сөйлетеді». Бірақ сюжет тұтастығының ара-жігі ажырамаған, композициялық құрылысы сәтті», деп ой түйеді Жүсіпбек Қорғасбеков («Лениншіл жас» 28.02.1985 ж.).

Жазушының «Саят» повесі туралы сыншы, ғалым Бекен Ыбырайымов: «…Көргені мол, бала Саят қарау да қайырымсыз тірліктен жаны шошынып безінді. Шәріп атай сатып алып берген ақ тайқарды әкесінің атып салатын сәті Саяттың жан дүниесін ерен күшпен сілкіндірген. Әдемі де әсерлі суреттелетін ситуация. Әкесінің ашуы да, ақ тайқардың атылуы да, Саяттың күйзелісі де бәрі дәлелді. Қысқасы, шығарманың шарықтау нүктесі бала оқырмандарды селқос қалдырмайтыны сөзсіз. Адам табиғаты мен пейілі оның тірлігіне байланысты, сол арқылы танылатынын П.Дүйсенбин балалар үшін дәлелді, нанымды бейнелеген» («Қазақ әдебиеті» 11.10.1985ж.).

Міне, Пернебай Дүйсенбиннің шығармаларына деген қандай жоғары баға?! Осының барлығы жазушының жалықпай алға талпынуының, ерен еңбектенуінің, ізденімпаздығының арқасында келген дегеніміз жөн, яғни еңбекпен келген жетістік, табыс.

П.Дүйсенбин тек белгілі қалыптасқан жазушы ғана емес, ол – өлкетанушы, тарихшы. Өзінің өсіп-өнген өңірдің, қазыналы да киелі Қаратау бойындағы ел-жұртының тарихы мен табиғатын, ел арасындағы жер атаулары туралы, тарихқа енген белгілі ел азаматтары туралы мәліметтерді жан-тәнімен үңіле зерттеп, зерделеп, оларды газет-журналдар беттерінде ұдайы жариялап жүрген қаламгер. Бұл да оның еңбексүйгіштігінің, ізденімпаздығының, табандылығының бір қыры.

…Осыдан бір жыл бұрын Жаңатаста жазушы, өнер зерттеушісі, композитор Илья Жақанов ағамен жақсы бір кездесу болды. Аудандық мәдениет сарайында ауданымыздың, игі жақсылары бас қосып, Илья ағаның шығармашылық кешін тамашаладық. Сол кеште жергілікті белгілі жазушы Пернебай Дүйсенбин де бой көрсетті. Кеш соңында дастарқан басында біраз ой-пікір бөлісуге уақыт тауып, И.Жақановтың кіндік қаны тамған Ақтоғай ауылында болдық. Сол бір сәттерде уақыт тауып Пернебай ағаны сөзге тартуға мүмкіншілік туды. Сонда ол:

– Жуалылықтар өздерін «генералдар өлкесі, генералдар мекені» деп мақтанса, біздің сарысулықтар еш қысылмай «біздің аудан өнер мен жазушылар өлкесі» деп батыл айтуларына болады. Илья Жақанов, Кәрібай Ахметбеков, Дулат Шалқарбаев, Әбді Шынбатыров, Әбдеш Қалмырзаев, Берік Шаханов, Қали Сәрсенбай, тарих ғылымының кандидаты, жазушы Бейбіт Қойшыбаев, ақындар Тынышбай Рахымов, Маралтай Райымбекұлы, Ескендір Естемесов, Артығали Ыбыраев, Әлсейіт Әлменов, Төлеу Үшқоңыров, жазушы-сыншы Әлия Бөпежанова, кино және театр актері Асанәлі ағамыз Әшімов… Тағы кімдерді ұмыттық? Иә, айтпақшы, олардың қатарына қазақ опера өнерінің майталманы Амангелді Сембин, жезтаңдай әншілір Сауле Жанпейісова, Гауһар Қаспақова, Ардақ Исатаева және басқаларын да қосуға болады, олар да осы Сарысу өңірінің перзенттері. Шөкімдей бір ғана Жайылма аулынан қанаттанып ұшқандары қаншама?! Мен де сол киелі топырақта 1943 жылдың қоңыр күзінде дүниеге келіппін. Соғыстың қайнап тұрған жылдары, одан кейінгі елді қалпына келтіру, ес жию кезеңі халыққа өте ауыр тиді.

Менің балалық шағым сол ауыр кезеңге тұспа-тұс келді. Жарытып жөнді киім киіп, тойып тамақ ішпеген кездеріміз аз болмады. Бірақ, халық барлығына түсіністікпен қарап, бірігіп бар қиындықтарды жеңе білді. Ауылдың тыныс- тіршілігін, өмір мен еңбектің ауыртпалығын, ұлттық әдеп-ғұрыпты, салт-дәстүрді жастай бойымызға сіңіріп өстік. 1960 жылы орта мектепті бітіріп, қолыма аттестат алдым, бірден жоғары оқуға баруға мүмкіншілік болмай, совхоздың құрылысшылар бригадасына қабылданып, құрылысшы болып үш жыл еңбек еттім. 1963 жылы ҚазМУ-дің филология факультетіне оқуға қабылдандым. 1964-1967 жылдары Украинада әскери борышымды өтедім. 1967-1969 жылдары университетке қайта оралып, журналистика факультетін бітірдім. Студенттік жылдары қоғамдық істерге белсене қатысып, біраз «сызған- жазған шимайларым» газет-журналдарда жарияланып, әр дәрежеде орынды бағаларын алып жатты. Тіпті, университетте сабақ берген ғалым-ағаларым: «Жазушы болам деген ойың болса, бір жолын тауып Алматыдан кетпе» деп ақылдарын айтты. Бірақ, туған жер, туған ауылдың тартылу күші мені өзіне көндірді. Атамекеніме оралдым. Ауылдық мектепте ұстаз, директордың орынбасары, директор қызметтерін атқарғанда, мезгіл-мезгіл балалармен саяхатқа шығып жүрдік. Жайшылықта ашыла қоймайтын бала табиғаты жаңа кеңістікке, еркіндікке шыққанда толығымен ашылады, ойын бүгіп қалмайды. Олардың әңгімелеріне құлақ асып, ой-сырына қанығасың. Ауыл балаларының арасында мектепте түрлі қызықты оқиғалар болады. Сол себепті балалар туралы жазған маған қызық, жүрегіме жылы. Көрген-білгенімді, ойға түйгенімді әңгіме, хикая етіп жазып, газет-журналдарға жолдап, бірнеше кітапты баспалардан шығардым. Олардың басым көпшілігі балалар өмірінен алынған сандаған тақырыптарға арналған бейнелі дүниелер. Менің шығармаларым негізінен балаларға арналған. Балалар әдебиеті – қиын жанрдың бірі. Балалар жазушысы жеңіл, балаларға ұғынықты тілде жаза білуі керек. Сол талаптардан шығуды алдыма мақсат етіп, нені және қай тақырыпқа қалам тербесем де іздендім, әркез ой таразысынан өткізіп отырдым. Сондықтан болар, жазғандарым оқырмандарды қызықтырып, қолдау тапты. Тәубе, кіндік қаным тамған, кір жуған туған ауылымнан алшақтамай жүріп жеті мәрте республикалық жабық әдеби байқауларға қатысып, олардың лауреаты атандым, Халықаралық «Алаш» сыйлығына ие болдым. Бұлар мен үшін үлкен дәреже, еңбегімнің бағаланғаны, ұстаған қаламыма деген құрмет, – деп ойын түйді.

Біз әңгіме етіп отырған көркемсөздің шебері, жазушы Пернебай Дүйсенбин Қазақстан Жазушылар одағының мүше сi, Сарысу ауданының Құрметтi азаматы, «Еңбек Қызыл Ту» орденiмен, «Красный вояк» жауынгерлік төсбелгісімен, «Жеңiстiң 20 жылдығы» «Тәуелсіздіктің 25 жылдығы», «Астананың 20 жылдығы», «Жамбыл облысына сіңірген еңбегі үшін», «Сарысу ауданына – 90 жыл», «Мәслихаттың XX жылдығы» және басқа да мерекелік медальдарымен, грамоталар мен Алғыс хаттармен, бірнеше қоғамдық бірлестіктің төсбелгілерімен марапатталған. Бірақ ол үшін басты марапат – оған деген көпшіліктің құрметі, оқырмандарының сүйіспеншілігі.

Әрине, бұл мақалада қаламгердің шығармаларындағы көркемдік ерекшеліктері мен сөз саптау, сөйлем құрау тәсілдеріне, жазушының тапқырлығына, композиция, сюжет, диалог құру шеберлігін талдауға терең бара алмадық. Оның барлығы кезекті бір бөлек мақалаға жүк боларлық дүние. Оларды ғылыми тұрғыдан арнайы зерттесе де артық болмас еді.

Ұлт руханиятына өз үлесін қосып жүрген қаламгерге әдебиет көгінде қанатыңыз талмай, самғай беріңіз деген тілек айтамыз.

 

Сағындық ОРДАБЕКОВ,

медицина ғылымдарының докторы, профессор,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

Сарысу ауданы

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support