Адасты ма екен, анасы...

Адасты ма екен, анасы...
ашық дереккөз
Адасты ма екен, анасы...
Өмірлік қиын жағдайдағы балаларды қолдау орталығына беттедік. Бұрынғы атауы балалар үйі болатын. Қақпаны ашып, ішке кірдік. Асыр салып ойнап жүрген бір топ бала доптарын тастай сала бізге қарсы жүрді. – Кімге келдіңіз? – дейді жан-жақтан қаумалап. Ең жақын тұрған 4-5 жасар тәмпіш танау, сары баланы көтеріп алдық. Жел үрлеген кекілі желбіреп тұр. Шашынан сипап: «Атың кім?» дейміз жан-жақтан. Ол кетік тістерін көрсете жымиып: «Менің мамам келді ме?» деп қалды. Жөпелдемеде жауап таппай, үндеместен жанарымызды тайдырып, бұрылып кеттік... Тіршілігі тәлкекке түскен титтей тағдырластардың шаңырағы бұл. Бірінің әке-шешесі туыла салып, тайып тұрғандықтан шырақ алып іздесең де таппайсың. Енді бірінікін Құдай алып қойған. Бірен-саранының жағдайы жоқ болған соң, «жеткенше, жетілгенше» деп, уақытша осы ортаға қосып кеткен. Сондықтан ерекше, сондықтан бөлек, әсерлі. Бұл анасыз қалған балалар әлемі. Ең кіші жастағылардың бөлмесіне кірдік. 3 жас шамасындағы бүлдіршіндер томпаңдап ойнап жүр. Ойларында түк жоқ. Бірақ ішкі жандүниең себепсіз-ақ сол бейкүнә бөбектердің көзінен мұң, жүрегінен дақ іздеп кетеді. Сөйтесің де, өзіңнен-өзің аяп, өзіңнен-өзің шерленесің. Өз-өзіңе жауабы жоқ сұрақ қойып, өз-өзіңнен күйінесің. Дені көпшіл, ашық. Кез келгені қойныңа кіріп кетеді. Қылықты, тәтті. Кезек-кезек құшақтап, маңдайынан иіскеп жатырмыз. Бұрышта тұрған бірі өзінен-өзі жылап қоя берді. Сөйтсем, оған көңіл бөлмеппіз... Бүгінгі таңда орталықта 66 бала тәрбиеленіп жатыр. Оның ішінде 14-і жетім болса, 52-сі ата-анасының қамқорлығынсыз қалған. Олардың 30-ы қыз, 38-і ұл балалар. Мұндағы балалардың барлығы мектепке барады, білім алады. Шығармашылығын дамытып, өз өнерлерін шыңдау мақсатында халықаралық, республикалық, облыстық, қалалық түрлі байқауларға белсенді түрде қатысады. Мұнда 22 балаға мемлекет тарапынан жәрдемақы тағайындалған.   «Әрбір баланың өз отбасында өмір сүруге құқығы бар» деген қағидамен отбасына орналастыру жұмысының нәтижесінде 2019-2023 жылдар аралығында 125 бала отбасына орналастырылған. Оның ішінде отбасы үлгісіндегі балалар үйіне – 34, қамқоршылыққа – 45 және 24 бала патронаттық тәрбие бойынша болса, 1 бала асырап алынған. Ал 21 бала өз ата-анасына оралған. – Жетімдік балалардың әлеуметтік-психологиялық дамуына қатты әсер етеді. Әсіресе, жаңа түскен кезде өзін-өзі реттеп, бағыттауы бұзылады. Ата-анасынан айырылған, орталықта, интернатта өскен балалардың психологиясы басқаша. Жалпы, мұндай ортаға жаңа түскенде балғындар бес түрлі жағдайды басынан кешіреді. Алғашында жаңа ортаға келген бала шоктан не болып жатқанын түсіне алмай қиналады. Екінші шиеленісу кезеңінде ол жақындарын сағына бастайды. Үшіншісі – ашылу кезеңі. Бұл уақытта ызақорлық танытып, өзінің жанын ауыртқан ересектерге ашуланып, өкпе-ренішке толы күндерді басынан кешіреді. Төртінші – депрессия уақыты. Депрессиядан шығару жолында ұстаздар тер төгіп, бұл кезеңнен жабылып жүріп шығарады. Бесінші – көну, мойындау, қабылдау. Сөйтіп, бала біртіндеп жаңа өмірге үйрене бастайды. Айналасында болып жатқан оқиғаларға қызығушылық танытып, позитивті сезімдер пайда болады. Уақыт-емшінің жетегінде жүріп, тағдырына мойынсұнып, кейін өз қалпына түседі, – деді орталықтың психологы Әйгерім Шайнусова. Ақыл-есі кіре бастаған бала орталыққа жаңа түскен кезінде осындай арпалысқа толы күндерді басынан кешіреді екен. Иә, мұнда бәрі бар. Әсем киім, әдемі ойыншық, ыстық ас, құшағы ашық тәрбиешілер. Тек ата-ананың мейірімі ғана жетпейді... Осыдан бірнеше жыл бұрын балалар үйінде тәрбиеленген Гүлнұрмен танысқан едік. Әңгіме ауаны тереңдеп, жеке басына жеткен тұста: «Әкем мен анам ажыраса сала 2 және 4 жасар әпкелеріме қосып, жаңа туған мені балалар үйіне өткізіп кеткен. Жеккөремін! Анамды қарғыс атсын! Қандай жағдай болса да, анасы баласынан бас тартпауы тиіс. Ешқашан кешірмеймін» деді жанары жасқа толып. Сәлден соң: – Мамам мені радиодан тыңдауы мүмкін бе? – деп сұрады. – Әрине, – деген сәтте: – Онда қосыңызшы микрофонды, – деді қыз көз жасын сүртіп. Сәлден соң: – Анашым! Мен сізді сағындым! Өмір бойы күтіп жүрмін. Сізді қатты жақсы көремін, – деп жатты, әлдекім айтқызбай қоярдай асыға сөйлеп... Гүлсезім есімді қыз да жадымда жатталып қалыпты. «Анамды бір иіскесем арманым болмас еді» деп жиі айтатын. Кейін «анасын тауыпты» деп естідік. Гүлсезіммен де арнайы кездестік. Гүл жүзі құлпырып, ажарлана түсіпті. Жоғары оқу орнын бітіріп, жұмыс істеп жүр екен. Пәтері де бар. Анасы туралы айтыла бастаған тұста: – Анамның кім екенін танымай, білмей жүргенде соның ғана саулығын тілеп ұйықтап, соның ғана бақытын тілеп оянушы едім. Шашымнан сипағанын, маңдайымнан сүйгенін, айналып-толғанғанын ойлайтынмын. Тіпті, «ол мені іздеп таппай жүрген шығар» деп уайымдайтынмын. Жүрегімде одан асыл адам болмайтын. Кейін анамды іздеп тапқан кезде, көз жасым сорғалап, алдынан құшақ жая жүгірген едім. «Керегің жоқ» деп көкірегімнен итерді. Кеудемнің сол тұсындағы жүрек деген кесек ет жүрісінен жаңылып қалғандай ма, әлде соқпай қалған сияқты ма, әйтеуір абдырап қалдым. Сондай сөзді естуден асқан қасірет те жоқ шығар. Анамды көргеніме, тапқаныма өкінемін. Одан да арманымда жасап алған анаммен түсімде қауышып жүрген кезім бақыттырақ еді, – деді Гүлсезім мұңайып. Ана безсе баладан, бәрінен де сол қайғы!.  

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ

Ұқсас жаңалықтар