- Advertisement -

Бағаналы орда, басты орда

107

- Advertisement -

Астана… Ар, серт, тарих, арман, намыс, аманат… Дәл осы сөздердің әр әрпі қазақ деп тебіреніп тұрған тәуелсіздіктің тұла бойы тұңғышы, жүрекжарды жауһары, ол – еңселі егемен еліміздің алтын мөрі Астана. Еліміз азаттық алғанға дейін қаншама нәубетті бастан кешсе, егемендіктен кейін де небір қиын-қыстау кезеңдерді өткеріп келеді. Ал, қиындықпен келген жеңістің әр сәті тарих кенінен ешқашан сарқылмайтын ерлік. Еліміздің егемендік жолындағы сондай ерлігінің бірегейі де осы Астананың іргесін қалағаны. Биыл Отан- Анамыздың жүрегі саналатын алып шаһар ширек ғасырды тарих еншісіне салмақтап, жиырма бесінші жазын қарсы алып отыр.

Әлқисса, тоғызыншы ғасырда ғұмыр кешкен әйгілі ғұлама, ғалым Әбунасыр әл-Фараби өзінің бір трактатын «Қайырымды қала тұрғындары туралы» деп атағаны белгілі. Онда әл-Фараби: «Адамдар бірлестігі шынайы бақытқа жеткізетін істерде өзара көмектесу мақсатын қойған қала – қайырымды қала, ал адамдары бақытқа жету мақсатымен бір-біріне көмектесіп отыратын қоғам – қайырымды қоғам» деп терең тұжырым жасайды. Бабамыздың айтуынша, кез келген қала қайырымды, мейірімді, көрікті, тартымды болуы үшін оның әсем архитектурасынан бұрын ақылды да парасатты басшысы һәм мәдениеті мен әдебі биік халқы болуы қажет. Сонда ғана ол шаһар кісінің өмір сүруіне жайлы, ұрпақ өрбітуге қолайлы мекенге айналмақ.

Мұнан кейін ғұмыр кешкен, он екінші ғасырдың ойшыл-ғұламасы, абыз шайыр Қожа Ахмет Ясауи өзінің хикметтерінде қай елді мекен болмасын, онда тұрып жатқан халық та, билік те, ең алдымен, иманға ұйып, имани қалпын сақтап, бір-біріне қиянат пен кесірлік, зұлымдық пен залал жасаудан аулақ жүруді өсиеттеп, имандылықпен қатар өзінің ежелгі әдет- ғұрпы мен салт-дәстүрін сақтаған һәм асыл құндылықтарды өскелең ұрпаққа аманаттай білуін қалаған. Кешегі ұлы дала философы Асан Қайғының Есіл өзенін көргенде: «Жары менен суы тең, жарлысы мен байы тең болатын жер екен», деп Жерұйықты іздей жүріп арқа төсінде айтқан ойы қабыл болып, бұл күнде Астана шаһары әлемдік арағайындықтың алаңына, қайырымдылықтың қамалына, саяси, рухани, экономикалық толқындарды тоғыстырған ұлттық жігердің арнасына, оғлан ұрпақтың ордасына айналды. Тіпті, «Менің арманым – елімнің басын теңдікке, қолын билікке, тақымын атқа, аузын аққа жеткізу» деген Абылай ханның да орындалмай кеткен арманы шаһар салу еді. Міне, осы тұрғыдан алғанда халқымыздың көрегенділігі мен кемеңгерлігі қай заманда да риясыз ризашылықпен қарайтын ерлікпен пара-пар парасаттылық.

Саяси, рухани және пәлсафалық мәні астарлы әрі терең елорда тарихы, бүгіні, болашағы және жетістіктеріне ел куә.

Жасыратыны жоқ, Кеңес өкіметі тұсында, өз қолымен қала салмақ түгілі, қазақ ұлысы ел болып еңсе көтере алмағаны тарихи шындық. Сондықтан, асқақ тәуелсіздігіміздің арқасында ардақты Астанамыздың іргетасын қалау мүмкіндігі туды.

Сонау Геродоттың жазбаларында «сақ» деп таңбаланған, ежелден еңселі егемен ел болуды армандаған ұлтымыз бүгінде Алпамыс пен Ертөстіктей уақытпен жарысып жан-жақты жетілген, Еуразияның жауһарына айналған елордасымен мақтанатын күнге жетті.

Расында да астана шаһары өзінің балауса жастығына қарамай, ғасырларға саятын жойқын мақсаттарды, айқын белестерді бағындырды.

Сұңғыла саясаткерлер мен ғалымдардың, ақын-жазушылар мен жастардың мүмкіндік мінбері ретінде миллиардтарға мойындалды, ізгі арманды іспен дәлелдей білді, әлі де дәлелдеп келеді.

Біз үшін Елорданың осынау ғазиз һәм ғаламат ғұмырының өзі толағай жеңіс, табысты жетістік. Егемен қазақ елі үй түгілі, еңселі елордасының іргетасы нар-намыспен қалап, айналасын орманға айналдырып, өскелең ұрпаққа өшпес өнегелі тәрбие беруде. Күмбезі күллі әлемге жарқыраған астана шаһары кешегі өткен бабалар рухы мен келешектің жарқын нұрына деген бүгінгі буынның шексіз құрметі, сәулелі сенімі, риясыз тартуы десек, асып айтқандық болмас.

Мұқым елге аты мәшһүр Отырар мен Тараз секілді көне шаһарлар түркі бабаларымыздың тектілігін, өркениетін мәңгілікке айғақтап тұрғаны шындық. Ерте уақытта Ақыртасқа жерасты құбырын тартып, таудың саф суынан нәр алған бабалардың даналығында мін жоқ. Ал, бірер жыл бұрын Жуалы топырағынан анықталған, бір емес, үш қабатты үйлері бар, тарихшылар Тараздан да ежелгі деп пайымдап отырған Баркуаб қалашығының өзі түркі бабаларымыздың сәулеттік шеберлігін айғақтап тұрғандай. Осыған қарап-ақ қазақ ұлысы мәңгілік шаһарлардың авторы болған тектілердің ұрпағы екенін аңғару қиын емес.

Бүгінгі ұрпақ өз тәуелсіздігінің бойтұмарына айналған Елордасының да әр кірпішін үлкен перзенттік парасатпен қалағаны шындық. Һәм сол Елорда төрінен күллі қазақ ұлысына Мәңгілік Ел ұлттық идеясының бастау алуы тегін емес. Мұның барлығы әу бастағы бекзада бабалардың даналық сертімен, өнегелі өсиетімен өрнектеле үндесіп жатыр. Қазақ ертегілерінің түп- төркіні һәм бастауы болған Ер Төстіктегі Самұрық құсының өзі түркілердің ең алғашқы тотемдерінің бірі болғаны жалпы тарихтан белгілі. Сол Самұрық жұмыртқалаған алып Бәйтеректің өзі бүгінгі бас қаланың басты символына айналды. Тәуелсіз қазақ елінің ұрпағы көгінде қалықтап, байрағында желбіреген, күн тәжін киген қырандай самғап, алтын ұя – ұланғайыр Ұлы Даласының тыныштығын, берекелі бірлігі мен ырысты ынтымағын күзетіп жүргендей.

Олжаны жайсаң Қазақ халқымыздың төгілген тері мен ерен еңбегінің, мемлекетіміздің саялы саясатының нәтижесі, тұғырлы тәуелсіздігіміздің, еңселі елдігіміздің, айбарлы азаттығымыздың жемісі. Тарихтың аса бір қысқа мерзімінде бой көтеріп, әлемде әрбір кезеңдерден бері астана болып келе жатқан талай да талай, әйгілі де әйдік қалалардан өзінің сән-салтанатымен ерекшеленіп, адамзаттың бүгінгі өркениеті алдындағы өзінің тарихи миссиясын адал атқарып, адам баласының жақсылықтар мен татулық, бірлік пен ынтымақтастық және бауырмалдық үмітінің шырағын жағып келе жатқан мәдениеттің ошағы, ғылым мен білімнің қазыналы ордасы Астана қаласы әрқайсымыздың жүрегімізден ойып тұрып орын алған. Ендеше, Мәңгілік Ел болуды мақсат тұтқан мемлекетіміздің інжу- маржаны, жастардың жауһары, Арқа төсіндегі ару Астанамыздың мерейі тасып, беделі асқақтай берсін!

 

Нұржан ҚАДІРӘЛІ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support