- Advertisement -

Сын қашанда шын болуы керек

136

- Advertisement -

Кеше «Көне Тараз» кешенінде облыс әкімі Нұржан Нұржігітов азаматтық қоғам өкілдерімен кездесті.

Басқосуда облыс әкімдігі ішкі саясат басқармасының басшысы Ұлана Сламбекова өңірдегі үкіметтік емес ұйымдардың атқарып жатқан жұмыстары туралы хабарлама жасады.

Алқалы кездесу барысында «Шебер шаңырақ» мүгедектер қоғамдық бірлестігінің төрайымы Анар Бексұлтанова, «Ақбұлақ» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Нілзия Рақышева, Талас ауданындағы «Таластың сөнбес сәулесі» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Айсұлу Байболатова, сарысулық ерікті Бауыржан Балғабаев, тағы басқа да үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері сөйлеп, атқарып жатқан жұмыстарымен қатар, өз ұсыныс-пікірлерін айтты.

Мәселен, «Шебер шаңырақ» қоғамдық бірлестігінің төрайымы, белгілі кәсіпкер Анар Бексұлтанова өзі басқаратын ұйымның жұмыс істеп жатқанына 10 жыл болғанын, осы жылдар ішінде көптеген мемлекеттік гранттар ұтып алғанын, жұмыс істеймін деген адамға мемлекет тарапынан қолдау бар екенін, тек ынта мен жігер керектігін сөз етіп, бірқатар ұсыныстарын ортаға салды.

Оның айтуынша, жыл сайын облыс орталығында өтетін халықаралық қолөнершілер көрмесі қарсаңында оған қатысушы жергілікті қолөнер шеберлеріне көбірек қолдау көрсетілсе, ұлттық құндылықтарымызды барынша танытуға мүмкіндік болар еді. Ал, Нілзия Рақышева үкіметтік емес ұйымдарға мемлекеттік тапсырыс арқылы берілетін қаражаттың көлемін көбейту қажеттігін баса айтты.

Басқосуда өңірдің азаматтық қоғам өкілдері Тараз қаласындағы «Жастар аллеясын» тиімді пайдалану, қайырымдылық қорлары жұмысының ашықтығын қамтамасыз ету, мемлекеттік сатып алу барысында оны жергілікті ұйымдардың жеңіп алуына мүмкіндік жасау, мүмкіндігі шектеулі азаматтардың жоғары білім алуына мемлекет тарапынан қолдаудың тиімді жолын қарастыру, ұлттық құндылықтарымызды жастар арасында насихаттауға үкіметтік емес ұйымдарды көптеп тарту сияқты мәселелерді көтеріп қана қоймай, соларға қатысты өздерінің ұсыныстарын да ортаға салды.

Кездесуде облыс әкімі Нұржан Нұржігітов сөз сөйлеп, басқосудың маңыздылығын атап өтті.

– Бүгінгі басқосудың мақсаты – сіздердің атқарып жатқан жұмыстарыңызбен танысып, ұсыныс-тілектеріңізді тыңдау, алда атқарылуға тиісті жұмыстарды талқылау. Бүгін сіздердің тараптарыңыздан көптеген ұтымды ұсыныстар айтылды. Олардың барлығы алдағы уақытта ескерілетін болады. Біз сіздермен бірлесе жұмыс істеуге қашанда дайынбыз. Себебі, өңірдегі үкіметтік емес ұйымдардың қоғамымыздың дамуына қосып жатқан үлесі аз емес. Осы бағыттағы бірлескен жұмыстарымыз жалғаса береді деп сенемін. Бүгінде тұрғындарды ең алдымен жол жөндеу, ауыз сумен қамтамасыз ету, газдандыру, қоғамдық көлік жайы, азық-түлік бағаларын тұрақтандыру сияқты маңызды мәселелер толғандыратыны жасырын емес. Биыл бұл бағытта бірқатар жұмыстар атқарылып жатқанын білесіздер. Тараз қаласында 144 көше орта жөндеуден өтуде. Қоғамдық көлік мәселесі де біртіндеп шешіліп келеді. 2025 жылға қарай облыс тұрғындарын таза ауыз сумен 100 пайыз қамтамасыз ету жоспары тұр. Міне, осындай жұмыстарды атқару барысында мәселені көтеріп қана қоймай, сіздер мен біздер бірлесе жұмыс істеуіміз керек. Қазір биліктің атқарып жатқан сан салалы жұмысына халықпен кездесу барысында, түрлі жиындарда, әлеуметтік желілер арқылы түрлі сын айтылып жатады. Дегенмен, сын қашанда шын болуы керек. Негізсіз, дәйексіз ақпараттар таратпаған жөн. Қазір барлық салада шешілмей жатқан мәселелер кездесетіні рас. Оны шешу үшін жұмыстар атқарылып жатыр. Осы жұмыстарға сіздер де белсене араласады деп сенемін және соған шақырамын, – деді Нұржан Молдиярұлы.

Кездесу соңында облыс әкімі Нұржан Нұржігітов бір топ азаматтық қоғам өкілдерін Құрмет грамотасымен және Алғыс хаттармен марапаттады.

 

Жүрсінгүл ЖАҚЫП

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support