- Advertisement -

Атыңнан айналайын, Кенен ата!

44

- Advertisement -

Арқа төсі, Алаш төрі – Елордада боз даланың бозторғайы, әрі бұлбұл, әрі дүлдүл ақын Кенен Әзірбаевқа ескерткіш ашылды. Өміршең ұлттың өскелең ұрпағына өшпес өнегелі өнер туындыларымен мәңгілік мұра қалдырған өр тұлға ескерткішінің ашылуына зиялы қауым өкілдері, қоғам қайраткерлері, руханият жанашырлары қатысты.

ХІХ ғасырдың аяғында дүниеге келіп, ХХ ғасырда ұлттық рухтың ұлы өнерпазы, жырауы һәм ақыны, жыршысы һәм күйшісі, әншісі һәм композиторы, шежірешісі һәм ірі қоғамдық қайраткері болып танылған Кенен Әзірбаевтан халқымыздың алтын қорына сан-салалы мол мұра қалды.

Он жасынан қолына қазақтың қара домбырасын алып, сөз патшасымен сырласқан оның айтыстары, жыр-дастандары, аңыз-әңгімелері өз алдына бір төбе болса, әндері мен өлеңдері өз алдына мол дүние. Ел өміріндегі елеулі кезеңдердің ешқайсысы да – ұлт азаттық көтерілісі дейсіз бе, қоныстандыру дейсіз бе, кәмпескелеу, әйел теңдігі, сауатсыздықты жою, Ұлы Отан соғысы, тыңды көтеру, бәрі- бәрі ақын шығармашылығынан тыс қалмаған. Халық өмірінде Кенен Әзірбаев үн қоспаған, өзінің жарқын талантының шуағын төкпеген бірде-бір айтулы оқиға болған жоқ. Бүгінде елдің елдігін дәлелдейтін, кемелдігін толықтыра түсетін рухани жәдігерлерімізді ардақтау, ұлыларымызға мың мәрте тағзым етіп, есімдерін ел есінде жаңғырту – азаматтық парыз. Сондай алаштың абзал ұлдарының бірі де бірегейі Кенен Әзірбаев кейінгі буынға баға жетпес асыл мұра – он жеті дастан, жүз елу ән, оннан аса айтыс, мыңға тарта өлең, халық қазынасынан жинақтаған қат-қат қолжазбаларын аманаттап кетті. «Екі Кенен тумайды, Алатауға ексең де!» деп абыз ақынның өзі айтқандай, қайталанбас өнер иесінің ұлағатын ұлықтап, насихаттау – бүгінгі буынның борышы.

Осы тұста Астана төрінен бой көтерген ескерткіш өнер иесінің ізбасарлары үшін рухани олжа болды десек, артық болмас.

– Кенен ақын туралы көп айтуға болады. Ол – халықтың адамы. Ол кісі туралы айтылып та, жазылып та жатыр. Ескерткіш орнату бұрыннан ойымда жүрген іс еді. Осы жаңадан салынып жатқан көшеден арнайы алаң берілді. Міне, сол алаңда асқар тауымның асқақ тұлғасы бедерленген ескерткіш бой көтеріп отыр. Бұл біз секілді тікелей ұрпақтары үшін ғана емес, жалпы ұлттың ұрпағы, келешегі үшін игілігі мол іс деп санаймын, – деді ашылу салтанаты барысында ақынның ұлы Бақытжан Кененұлы.

Халқымыздың сал-серілік, жыраулық және айтыскерлік дәстүрлерін жалғастырған өнер иесінің құрметіне өткен шарада зиялы қауым мен қоғам қайраткерлері жүрекжарды лебіздерін жеткізді. Жыраудың елге кең танылған әндері айтылып, өлеңдері оқылды.

Айта кетсек, ескерткіш елордадағы Кенен Әзірбаев пен Жұмекен Нәжімеденов көшелерінің қиылысында орналасқан. Тұғырдың биіктігі 2 метрге жуықтайды, жалпы биіктігі 3,2 метр.

 

Нұржан ҚАДІРӘЛІ

Астана қаласы

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support