- Advertisement -

Бекзат болмысты қаламгер болатын

203

- Advertisement -

Мен Болат ағамен алғаш рет бұрынғы «Достық» алаңындағы үлкен ғимараттың бірінші қабатында орналасқан облыстық радиоға жұмыс істеуге келгенімде таныстым. Бұрын республикалық, облыстық газеттерден мақаласын оқып, сөз саптауына, сөйлем құрауына, ойын түсінікті де ықшам жеткізетіндігіне қызығып, түрін көрмесек те, жазуын білетін адамның басшылығымен жұмыс істеуге келгеніме қуандым. Ол кісі облыстық радионың бас редакторы еді.

6 адамнан құралған шығармашылық топ тәулігіне 6 сағат эфирге шығатын едік. Сол кезде радиода ұзақ уақыттан бері үздіксіз жұмыс істеп келе жатқан Амангелді Нұрпейісов, Қасықбай Асаубаев, Нұржамал Үсенбаева, дыбыс режиссері Несіпкүл Шәметова бар еді. Осы өз істеріне адал, кәсіби мықты жандардың күшімен облыстың ақпарат үні жан-жақты, түсінікті де қарапайым, әдемі тілмен аймаққа жеткізілетін. Радионың ұйытқысы да, тірегі де, жүрегі де – мамандар, білікті кадрлар болғандықтан, мықты журналистерден құралған топ жұмысты ұршықша иіруші еді.

Болат аға бұрын телевидениеде ғана жұмыс істеп, кейін бала босанған соң жұмысқа радиоға шыққан әрі үйде отырып қарайып қалған маған осы кезде көп көмектесті. Жазу стилімді өзгертуге септігін тигізіп қана қоймай, сөз саптауды, түсінікті де қарапайым сөйлемдермен ойымды жеткізуді, дауысты қойып оқуды үйретті. Ешқашан дауыс көтеріп ұрыспайтын, басқалар секілді логикалық қателеріңді мазақ қылмай, онымен жұмыс жасауға үйрететін, дұрыс емес жазылған мәтінді сабырлы қалпында асықпай отырып, алдымен оқып алып, содан сөз қателерін шығарып көрсете бастайтын. Келесі жолы мұндай қателікке жол бермесін, әрі есінде сақталсын дей ме, өз қателерімді өзім жөндеуім үшін қайта жазғызатын.

Ауқымды мәселелерді көтеруге әлі тәжірибем жетпесе де, бастама жасап, ұсынысын айтып, қолдап отыратын. «Сын айта білу, жаза білу, сынды қабылдай білу мәдениетін қалыптастыру керек» деп отыратын үнемі. Сол кезде қазақ журналистикасында енді дамып келе жатқан сын жанрының дамуына үлес қосқан бірден-бір жан осы кісі десем, артық айтпаған болар едім. Сынның өз деңгейінде көтерілуіне мән беріп, «сын жоқ материалда – жан жоқ» деп, біздің материалымызда сынның болуын қатаң талап ететін. Сын мен сатираны ажырата алмайтындарға қынжылушы еді. Жақында бір жазбаларын оқып отырсам: «Мемлекет бар жерде бәрібір цензура болады. Тек ол қисынды, ұлттық мүддені көздеген, мықты заңдарға негізделген болуы тиіс», – депті өзі.

Қашан да аймақтағы түйткілді мәселелерді тауып алып, оларды көтеріп, халықтың қамын жоғары қоятын. «Журналист деген – қоғам мен мемлекет арасындағы алтын көпір» деп, сол қоғамның мүддесін өзінің жеке басынан жоғары қоятын азамат еді. Облыстық баспасөз бетінде Ш.Күзекбаевқа Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласының мән-маңызы, кеңестік жүйе тұсындағы баспасөз бен қазіргі ақпарат саласының бағыт-бағдары туралы берген сұхбатында: «Жалпы, журналистика – мазасыз мамандық. Журналист өмірде болып жатқан құбылыстарға салғырт, немкетті қарап, ойсыз, алаңсыз күн кеше алмайды. Ол оның елден ерекше белсенді не ақылды болғандығын білдірмейді.

Әрбір мәселеге өз дауысымен, өз пікірімен батыл араласу – журналистің басты парызы. Көбіне жұрт аңғара бермейтін нәрселерді сезіп қою, байқап қалу, соны жариялау – міндеті. Ал, жазу, жариялау дегеннің артында үлкен жауапкершілік жатады. Жазғаныңды біреу түсінеді, қолыңды алғысы келеді, біреу түсінбейді, қолыңда өлгісі келеді. Мазасыз күй кешу дегеніміз – осы», – депті. Иә, айта берсек, мазасыз мамандықтың білгірі, өз ісінің адал маманы, халық жанашыры бола білген Болат аға Мәуленовтің облыс журналистикасының қарыштап дамуына еңбегі өлшеусіз болғандығын байқауға болады.

Ол аймақтың ақпарат ардагерлері әрі өз істеріне адал, кәсіби мықты жандар – Қасықбай аға мен Аман ағаның жанашыр әріптесі ғана емес, қызметтегі інісі, бауыры да еді. Радионың алтын қоржынынан әдемі әуендерді жинақтап қана қоймай, оны әдемілеп өңдеп, халыққа таратуға ықпал жасап отыратын Несіпкүл әпкенің өзі неге тұратын? Қоңыр даусымен орыс тілінде хабар тарататын, өзі оны алдымен қағазға өрнектеп түсіріп алып, Болат ағаға көрсетіп, ол кісінің редакциялауынан өткен соң ғана басып шығаратын Нұржамал әпкеміздің жүріс-тұрысының өзі неге тұратын? Өте кербез, сұлу, әдемі жанның дауысы да әдемі еді.

Дегенмен, мақтау сүйетін әйел халқы ғой, жақсы сөздер айтылып отырмаса, шығармашылық шабыт та тоқтап қалады. Осының бәрін елеп-ескеріп, өз қызметкерлерінің барлық жағдайын жасап отыратын, олардың шығармашылығының көтерілуіне ықпал етіп, әрқайсысының мінезіне сай әрекетпен жұмысты жоғары деңгейде ұйымдастыра білген Болат ағаға қарап, мен қайран қалатынмын.

Неткен мықты адам, не деген ұстаз, білікті де білгір журналист, керемет басшы деп, одан үйренерім көп екенін білдім. Жақсы ұстаз ретінде ол кісі де үйретуден қашпады. «Журналист деген өзі түсінбейтін нәрсені өзгелерге түсіндіретін мамандық», – деп шетелдік бір жазушының әзілдеп айтатын сөзі бар. Жас буын жөнінде ой қозғағанда осы әзіл есіме түсіп отыр. Мұның астарын түсіну керек. Ол журналист көбірек оқуы, көбірек білуі керек дегенге саяды. Әсіресе, жас журналистерімізге тікелей қатысты бұл. Бір іске, бір жиынға, бір кісіге барғанда ондағы қозғалатын мәселенің мәнісінен хабарсыз, дайындықсыз күйде бара жататын тілшілер аз емес.

Журналист шеберлігі тақырып, кейіпкер табу, ел-жұрттың көкейінде тұрған мәселені тап басып тану, оқырман жүрегіне жол табу сияқты қасиеттермен бағаланады ғой», – депті ол кісі жоғарыда аталған сұхбатында.

Менің жазуға икемімді байқап, бірқатар мақалаларымның облыстық «Ақ жол» газетінде жарық көруіне ұйытқы болып жүрді. Мен секілді жас журналист үшін жазғанының жарыққа шыққанын көруден артық бақыт жоқ болғандықтан, шығармашылығыма шабыт бітіп, жазу өнеріне ынтам да арта түсті. Кейіннен тілі қиын, стилі өзгеше ғылыми мақалалар жаза бастағанымда, Болат аға: «Ой, бәрекелді, сен ғалым болып кетуің де мүмкін»,– деп тағы да шабытымды қамшылап қойды. Сол кезде аспирантурада оқып жүрген маған мұндай жақсы сөздер керек-ақ еді.

Кейіннен әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінде ғылым кандидаттығын қорғап, М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетіне келгенімде, ол кісі маған қыз баласы үшін ғылым жолы, оқытушылық дұрыс екенін көңіліме тимей, шын жанашырлықпен, үлкен мәдениеттілікпен жеткізді. Менің жетістігіме қуанды. Маған ағалық, шын жанашырлық көңілмен ақылын айтып отырды.

Өзінің очерк, сұхбат пен толғаулары топтастырылған «Мұз бен гүл» кітабын маған қолтаңбасын жазып беріп тұрып, өзінің зейнеткерлік демалысқа шыққанын, дегенмен әлі де журналистикадан қол үзбей, жазып тұратынын айтты. Соңғы рет сөйлескенімізде «Жамбыл» облыстық телеарнасынан «Ғұмырнама» телехабары түсіріліп жатқанын және осы хабарға шәкірті ретінде пікір айтуға келуімді сұрады. Камера алдына сөйлеуге келген маған қашан да сабырлы, кішіпейіл де салмақты ұстазым: «Мен туралы жаман жақтарым болса да, қысылмай айта бер. Еш ренжімеймін. Тек сен өз ойыңды ашық айтуың үшін мен кетіп қалайын», – деп шығып кетті.

Бәрі біткен соң, хабардың жүргізушісі Ғайни Әлімбекқызы менің ол кісіні мақтағанымды айтып еді: «Мен мақтауды сүймейтін адаммын ғой», – деп күлді. Дегенмен, марқайып қалғандай болды маған.

Сондай бір жаны жайсаң, көңілі таза, адал да шыншыл, рухани биік, жастарға әлі де бергенінен берері мол ұстаздың аз жасағаны – көңіліңді құлазытады. Жақында Болат аға туралы жазылған «Болмысы – бекзат» деп аталатын естеліктер жинағы шыққанын көріп, әлеуметтік желіге ойымды жазғанымды көріп, ұлы Думан маған әкеліп берді.

Ағаның мәңгі өшпес бейнесі мен ешкімге ұқсамас қолтаңбасы бас мұқабасына шығарылған кітаптың алғысөзінде асқар таудай әкенің өнегесін, баласына қалдырған баға жетпес мұрасы – ақыл-кеңесі мен тәрбиесін, бүгінде ұмыт болып бара жатқан – адалдық, шыншылдық, қарапайымдылық сынды құндылықтардың үлгісін көруге болады.

Барлық әріптестері, ағайын-туысы ол кісінің жақсылығын, жақсы істерін, даналыққа толы сөздерін, кемеңгер ойларын беріпті. Осының барлығын оқып отырып: «Өлді деуге бола ма, айтыңдаршы, Өлмейтұғын артына сөз қалдырған» деген ұлы Абайдың сөзі есіме түсті. Болат аға туралы айтылар сөздер тұрғанда, ардагер-журналист М.Дүйсебаев айтпақшы, «Шындықтың шырақшысы» бола білген есім ешқашан өлмек емес. Ағаның елге қалдырған асыл мұрасын немерелері мен шөберелері әлі де жаңғыртатына кәміл сенемін.

Филология ғылымдарының докторы, профессор Сәмен Құлбарақ «Мұз бен гүл» – шеберлік лабораториясы» деп, ол кісінің өзі барда шыққан еңбегіне осындай керемет ат қойыпты. Расында, бүгінгі қазақ журналистикасында кемшін болып жатқан осындай еңбектермен жас журналистердің шеберлігін мықтылап шыңдауға болады. Себебі, кәсіби журналистің әр кездері жазған очерктері, толғау-сұхбаттарын жасау стилі, жазу тілі жастарға өнеге болуы тиіс.

Айта берсек, қазақ журналистикасының тарланы, ақпарат саласының үздігі, баспасөз ардагері Б.Мәуленов туралы жазар сөз де, өскелең ұрпаққа, жас тілшілерге өнеге болар іс те көп. Өшпейтін рухани мұра, өрісті өнеге қалдырған, асау өмір өзенінде ағынға қарсы жүзе біліп, журналистика саласының шыңын бағындырған майталман журналист есімі ұмытылмақ емес.

 

Толқын ӨМІРБАЕВА,

филология ғылымдарының кандидаты, М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің қауымдастырылған профессоры.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support