- Advertisement -

Сен оларды жатырқама, өмір!

100

- Advertisement -

Сахна төрінде қыран құстай самғап, құлашын кеңге жайып шыр айналған қыз-жігіттер ғажап биімен тамсандырмай қоймады. Саусақтары майысып, буындары қайысып, бірде көкте қалықтап, бірде көлде жүзген аққудай ырғалғаны әуезді әнмен біте қайнасып, үйлесе шарықтап, ән құшағында әуелей түскені расында ешкімді бейжай қалдыра қоймасы анық еді. Себебі, жүрегінің түкпіріндегі сезім ноталарын – қиыла қараған көз қырымен-ақ айтып тұрды…

Әуен ырғағымен қалықтап жүрген ұл-қыздар музыканы естімей-ақ билеп жүр дегенге сене алмайсың. Олардың құлағы бұл әлемге тарс жабылып қалған. Естімейді, сөйлемейді де. Қоғаммен біте қайнасып, меңіреу тіршіліктің бітеу өміріне өздерінің бар екенін, бәрінен оқ бойы озық өнер көрсетуге шамасы жететінін олар сахнада, көпшіліктің көз алдында дәлелдеп-ақ тастады. Әсем әуенге қосылып, жадырай билеп, жарқырап топ жарып шыққандары – олардың түйсігінің, сезімінің, түсінігінің біз ойлағаннан әлдеқайда биік екенін айтып тұрды.

Менің көзім бишілерге қарама-қарсы көрермендер жақта тұрған әйелге түсті. Ол бір отырып, бір тұрып, сахнадағылармен бірге қозғалып, шыр айналды. Бірде құлаш сермесе, бірде қолдарын жайып, дамылсыз қимыл үстінде. Ол сол сәт бәрін ұмытып кеткендей. Ән біткенде әйел иіліп балаларға ілтипат білдірді, ал балалар көрерменге ізет көрсетіп, қолдарын кеудесіне қойып, тағзым жасады. Солай ырғатылып сахнадан түскен ұл-қыздар, ұстаздарымен қауыша құшақтасып, мәре-сәре күйде көз ұшында кетіп бара жатты.

Осынау әлемнің тырс еткен дыбысын естімей ғұмыр кешіп, дыбыстауға да мұршасы келмеген жасөспірімдерді музыкамен гармонияда билеуге баулып жүрген жан кім? Есігін тарс жауып алған қатыгез әлемді би арқылы жалт қаратуға тырысып, естімегенін естігендей, айтпағанын айтқандай етіп ұқтырған адаммен тілдесуге асықтық. Шәкірттерімен емен-жарқын араласып кетіп бара жатқан ұстазды тоқтатып алдық.

Балалар үнсіз ғана бас изеп, күлімсіреп тұр. Олардың жанарынан апайларына деген зор құрметті айтпай танисың.

Ләззат Абитжанова №3 «Мейірім» арнайы мектеп-интернатының бастауыш сынып мұғалімі екен. 2003 жылы «Әулиеата» университетін бітіріп, осы саңырау және нашар еститін балаларға арналған мектеп-интернатқа тәрбиеші болып қызметке орналасады. Міне, сол жылдардан бері білім алып жүрген әрбір оқушысы өз баласындай болып кеткен.

– Таңертең әр баламен құшақтасып амандасамын. Мен оларға жақсы көретінімді айта алмағандықтан, сезімімді осылай жеткіземін. Балаларды құшақтағанда олардың бойындағы жылылықты сезініп, өз бойымдағы мейірімді оларға беруге тырысамын. Сабақ барысында «Тыныш, түзу отыр» деп балаларды шектеген емеспін. Менің оқушыларым алдымда емін-еркін отырады. Есесіне, олар маған бар сырын айтып, құпияларымен бөліседі. Оларға ұстаз емес, екінші анасындай болғым келеді. Бізде бәрі эмоциямен білінеді. Сондықтан, олар өте сезімтал. Балалармен жақын тілдесіп, олармен дұрыс түсінісу мақсатында қимыл-қозғалыс, ым-ишара арқылы түрлі курстарға қатысып, кітап оқып, әлеуметтік желідегі арнайы сайттардан ізденіп жүріп, әрбір қимыл-қозғалыстың мән-мағынасын үйреніп алдым. Бала күнімнен би өнеріне жақын едім. Түрлі іс-шара ұйымдастыруға атсалысып, балаларды байқауларға дайындап, би өнеріне баулып жүрмін. Нәтижесінде олар түрлі жеңіспен оралып, төбемізді көкке жеткізіп жүр. Мен бұл балалармен жүрекпен сөйлесемін,– дейді Ләззат Аманжолқызы.

Иә, жүректен шыққан дүние ғана жүрекке жететіні рас қой. Мен де үнсіз әлемнің иірімінде жүрген бүлдіршіндерге қарап, жүрегіме қолымды апарғаным сол, олар да бір демде кішкентай қолдарын жүрекке қойып, бастарын изеп жатты.

Сен оларды жатырқама, өмір!

 

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ

 

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support