- Advertisement -

Қос палуанға құрмет көрсетті

98

- Advertisement -

Жуырда елордадағы «Beeline Arena» спорт кешенінде спорттық және жауынгерлік самбодан ересектер, жастар, жасөспірімдер және параспортшылар арасындағы Азия және Оекания чемпионаты өз мәресіне жетті. Чемпионатқа елімізден 24 параспортшы, 126 шебер және ұлттық құрамадан 72 самбошы қатысып, бақтарын сынады. Жалпы, бұл жарысқа 27 елден 700-ге жуық самбошы қатысқан.

Ел тарихын да алғаш рет ұйымдастырылған сайыстың ашылу салтанатында Азия самбо одағының басшысы, Бүкіләлемдік самбо федерациясының (FIAS) вице-президенті Аламжон Муллаев, Қазақстан спорттық және жауынгерлік самбо федерациясының президенті Айдос Ақжанов сөз сөйлеп, жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі. Атап өтерлігі, спортсүйер қауым бұл жарысты Qazsport арнасынан және FIAS YouTube каналынан тікелей эфирден тамашалады.

Бас-аяғы 36 медаль сарапқа салынған чемпионатта жамбылдық жігіттердің де мерейі үстем болды. Нақтылай түссек, 71 килограмм салмақта Ахметқали Әділет пен 88 килограмм салмақта өнер көрсеткен Нұғыман Бейбарыстың айы оңынан туды. Қос балуан қарсыластарын қапыда қалдырып, әрбір кездесуді өз пайдаларына шешіп отырды. Осылайша, тұғыр биігіне көтерілген жерлестеріміз Сауд Арабиясы Әр-Рияд қаласында өтетін дүниежүзілік жекпе-жек ойындарына қатысуға жолдамаға қол жеткізді.

Күні кеше туған жерге оралған бесағаштық балуандарды ауыл тұрғындары сән-салтанатымен күтіп алды. Бұл күні облыс орталығындағы теміржол вокзалының маңы жанкүйерлерге толы болды. Жастар арасында самбодан екі дүркін Азия чемпионы атанған саңлақтарымыз өздеріне көрсетілген құрметке ризашылықтарын білдіріп, қашанда ел абыройын асқақтатуға күш салатындықтарын жеткізді.

– Ең алдымен, бізді зор қошеметпен күтіп алған баршаңызға шынайы алғысымды білдіремін. Халық сенімін ақтау, ел намысын қорғау – бізге парыз. Айтулы жарыстың жоғары деңгейде өтуіне атсалысқан Мәдениет және спорт министрлігіне, ҚР самбо федерациясына ризамыз. Облыс әкімдігі дене шынықтыру және спорт басқармасына да алғыс айтамыз. Өйткені, біз секілді спортшыларға қолдау білдіріп, көмек көрсетпесе мұндай жетістіктің бірі де болмас еді. Алдағы уақытта да ел сенімін ақтап, өз мүмкіндіктерімізді көрсетеміз деп сенемін. Жеңісті күндеріміз көп болсын, – деді Ахметқали Әділет.

Айта кетейік, дәл осы Бесағаш ауылын былайғы жұрт «Балуандар ауылы» деп те атайды. Ендеше, Азия чемпионы Руслан Мұхаметқалиев пен Еуропа чемпионы Кеңесбек Галиакпаровтай саңлақтардың бүгінгі ізбасарлары осы үдеден шығады деп сенеміз.

 

Есен ӨТЕУЛІ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support