- Advertisement -

Ежелгі ескерткіштердің ертеңі не болмақ?

119

- Advertisement -

Кеше Шерхан Мұртаза атындағы руханият және тарихтану орталығында өңірдің тарихи нысандары мен жәдігерлеріне қатысты өзекті мәселелер талқыланған жиын өтті. Басқосу барысында сала мамандары ескерткіштердің сақталуына байланысты ұсыныс-пікірлерін ортаға салды.

Тарихи Тараз шаһарында түркі дәуірінен бастап, тәуелсіз қазақ еліне дейінгі аралықты қамтитын жауһар жәдігерлер жетерлік. Дейтұрғанмен, кешегіні келешекпен байланыстыратын бұл құндылықтарымызға тікелей қатысты мәселелер де аз емес. Облыс әкімінің орынбасары Еркін Үйсімбаевтың онлайн қатысуымен өткен кеңес отырысында салаға қатысты қордаланған мәселелер жан- жақты талқыланды.

–2020-2022 жылдар аралығында облысымызда жаңадан 14 ескерткіш орнатылған болатын. Оның ішінде 8 нысан заңсыз орнатылған. Мәселен, Сарысу ауданында 2020 жылы «Чернобыль құрбандарына», «Ауған соғысы жауынгерлеріне», «Саяси- қуғын сүргін құрбандарына», «Қаратау қыраны», «Тыл ардагерлері», «Ұлы Отан соғысы жауынгерлеріне», «Айтбай Назарбекұлы», «Семей ядролық сынақтарында әскери міндет өтегендерге» ескерткіштері мен стелалары орнатылған. Соған қарамастан, биыл Т.Рысқұлов ауданы Көкдөнен ауылында Оңғар Айтқұлұлына заңсыз бюст орнатылды. Осыған орай, Тараз қаласы мен аудан әкімдіктеріне жаңадан ескерткіш орнату кезінде аудан әкімдіктері тарапынан Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрінің «Монументті өнердің жаңа құрылыстарын орнату қағидаларын бекіту туралы» №103 бұйрығымен бекітілген талаптарын орындауды, аудан әкімдіктері бөлген жер учаскесін және қаржыландыру мәселесі шешілген жағдайда, ескерткіштің идеялық ұсынысты жетекшілік ететін аудан әкімі орынбасарының қолымен ұсынуды тапсырамыз, – деді басқосуды ашып беріп, жүргізіп отырған облыс әкімдігі мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Ерлан Жүнісбай.

Ал, жиынның негізгі баяндамасын жасаған «Тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау және қалпына келтіру дирекциясының директоры Қуаныш Дәурембеков биыл Тараз қаласындағы Әулиеата кезеңіне жататын Х.Бектұрғанов, А.Асқаров және А.Пушкин көшелері мен тарих және мәдениет ескерткіштерінің жай-күйіне жүргізілген мониторинг жұмыстарына кеңінен тоқталып өтті.

Өз сөзінде дирекция басшысы облыс орталығында сонау 1904-1910 жылдары іргесі қаланған ғимараттардың бұл күнде әбден тозығы жетіп, топырағы үгілгенін, сәйкесінше сараланып, идеологиялық маңызына қарай оларға қайта жаңғырту жұмыстарын жүргізу қажет екенін алға тартты. Кеңес мүшелері аталмыш тарихи кезеңге жататын нысандардың басым көпшілігі жекеменшік иелігінде екенін айтып, ғимараттарды қажеттілігіне қарай жан-жақты зерделеудің маңыздылығын талқылады.

Сонымен қатар, облыс аумағындағы, шалғай аудандардағы тарихи нысандардың тағдырына қатысты ұтымды ұсыныстар айтылды.

 

Сая ЕСБЕРГЕН,

М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті конвергентті журналистика мамандығының 3-курс студенті.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support