Дархан даланың дара данышпаны

Дархан даланың дара данышпаны
ашық дереккөз
Дархан даланың дара данышпаны
Дәл осы тақырыппен Тараз қалалық жастар ресурстық орталығында жастармен жүздесу өтті. Басқосу барысында Ұлы Даланың ұлағатты перзенті Мәшһүр Жүсіптің маржан мұралары мен жастар тәрбиесіне қатысты айтылған өсиеттері талқыланды. «Сенімен Болашақ» республикалық ата-аналар қоғамдық бірлестігі мен Тараз қалалық жастар ресурстық орталығы ұйымдастырған мазмұнды басқосуға М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің құрметті профессоры, доцент, филология ғылымдарының кандидаты Сейсекүл Исматова, аталған қоғамдық бірлестіктің облыстық филиал басшысы Дәурен Бағжанов пен психолог Марал Хантөреқызы, облыстық «Aq jol» газетінің бөлім меңгерушісі, ақын Нұржан Қадірәлі, Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының туғанына 165 жыл толуына орай қазақ тілді мобилографтар арасында өткізілген республикалық байқаудың бас жүлдегері Олжас Айтбанов және жоғары оқу орындарының студенттері қатысты. Шара барысында «Сенімен Болашақ» республикалық ата-аналар қоғамдық бірлестігінің құрылтайшысы, идея авторы, қоғам қайраткері Нұркен Асановтың бастамасымен Мұхтар Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтының құрастыруымен шығарылған Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының бес томдығы таныстырылды. Өз сөзінде Сейсекүл Молдабекқызы дала абызының ауыз әдебиетіне қосқан өлшеусіз үлесін айта келе, жаңа жинақтың құндылығына кеңінен тоқталды. Ал, Нұржан Қадірәлі бес томдық жинақ «Жаңа Қазақстанда» өсіп- өнген ұрпақтың рухани бес қаруына айналатынын жеткізіп, жастардың шығармашылығын шыңдауға бағытталған ұтымды ұсыныстарымен бөлісті. Айта кетсек, бес томдықтың алғашқы кітабында Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының өмірбаяндық және әртүрлі тақырыптағы өлеңдері берілген. Одан кейінгі кітаптарында ой-толғаныстары, тұлғалар жыры, аңыз өлеңдер немесе риуаяттары, жетпіс баптан тұратын ғибратнамасы, дастандары, аңыз-хикаяттары, айтыстары, арнаулар мен жоқтаулары және мысал өлеңдері енген. Аталған бес томдық кітап республика бойынша 100 мектеп, 100 кітапхана, 100 университет және 100 мешітке таратылып жатыр. Шарада Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының туғанына 165 жыл толуына орай, қазақ тілді мобилографтар арасында өткізілген республикалық байқаудың бас жүлдегері Олжас Қалмаханбетұлының бейнетуындысы көпшілік назарына ұсынылды. Жиынды қорытындылаған «Сенімен Болашақ» республикалық ата-аналар қоғамдық бірлестігі облыстық филиалының басшысы Дәурен Орайұлы жастарға ғаламтор мен мобильді құрылғылардың мүмкіндігін барынша тиімді пайдаланып, басқосуда көрсетілген бейнетуынды секілді мазмұнды дүниелер түсіріп, замандастарының санасын ұлттық құндылықтарға бұруды ұстанымға айналдыру қажет екенін айрықша атап өтті. Мектеп қабырғасында тәлім алып жүрсе де, қазақ әдебиетінің інжу маржандарымен сусындап өсіп келе жатқан Мерей Мейрамбек пен Жәнел Шаймахан Мәжһүр Жүсіптің жырларын нақышына келтіре оқып, жиналғандардың қошеметіне ие болды.  

Нұрсезім ЖАРҚЫНБЕК,

М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті конвергентті журналистика мамандығының

3-курс студенті.

Ұқсас жаңалықтар