«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Қазақ әдебиетінің жаңа дәуіріндегі қаламгер

Қазақ әдебиетінің жаңа дәуіріндегі қаламгер
Ашық дереккөз
2005 жылдың күзі. Тараз Мемлекеттік университетінің акт залында сонау өткен ғасырдың 70-80 жылдарында поэзия сахнасына бітімі бөлек, болмысы басқа болып келіп, отыз бір жасында марқұм болған жерлесіміз Бауыржан Үсеновтің шығармашылығына арналған еске алу кеші өтті. Бұл кешке Алматыдан ақындар мен достары, бауырлары, туған жері Жуалыдан туыстары мен аудан азаматтары келіп, облысымыздың белгілі қоғам қайраткерлері мен қаламгерлері түгел қатысты. Солардың ішінде Бауыржан Үсеновты аңсап, сағына досы, курстасы, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университеті журналистика факультетінің деканы Бауыржан Жақып та сонау Алматыдан келген еді.

Досына деген сағынышын төгілте сөйлеген естеліктерімен, арнау өлеңдерімен жеткізді. Сол кеште ақынның көркем тіл, ой шеберлігі, сағыныштан туған шынайы жырлары Бауыржанның адамгершілік қасиеттерімен астасып, Тараз жұртшылығы мен студенттерінің есінде ерекше қалып қойды. Студенттер кейін ол туралы менен сұрап, кітаптарын іздеп, оқи бастады. Тараз оқырмандары мен студенттері ақын Бауыржан Жақыппен осылай танысқан еді. Содан бері мен ақынмен сәті түсіп бірнеше рет кездестім. Оның кішілік, кісілік, адамгершілік қасиеттеріне тәнті болдым. Жерлесіміз, қазақтың алқалы ақын қыздарының бірі, «Алаш» сыйлығының иегері Ғайни Әлімбекқызының облысымызда өткен шығармашылық кешінде Бауыржанның нағыз ақындығы, әдебиеттің қас шебері екендігі, тіл мен ойды әдемі астастыра жеткізетін қабілеті ерекше танылды. Жалпы, жақсы адами келбеті мен аңқылдаған ақжарқын мінезі, керемет ұйымдастырушылық қабілеті есте қалды. Бүгін енді біз, әдебиетшілер қауымы құрметтеп жүрген Бауыржан ақынымыздың «Білте шамның жарығы» жинағы Абай атындағы Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылып жатқанын Ғайни ақыннан естігенде, ерекше қуанышта болдым. Сол қуаныш қолға қалам алғызып, ақынның өлеңдері туралы пікір айтқызуға жазу үстеліне алып келді.

Жақсы ақын, жақсы адам бүгінгі қоғамға керек. Есімі мен еңбегі халыққа танылып, оқырмандары мойындаған майталмандар Тәуелсіз Қазақстанның мақтанышы ғана емес, мызғымас мықты тірегі. Қазақта тұғыры биік тұлғалар жоқ та емес, көп те емес. Сонадайдан көзге шалынып, көңіл төрінен орын алар сом тұлғаның бірі де бірегейі – Бауыржан Жақып деп ойлаймын. Бұл ойға мен ақын поэзиясымен терең танысу барысында келдім. Жаратқанның шексіз мейірі түсіп, ойын терең, бойын биік етіп ерекше жаратқан екен. Оның үстіне, қазақтың ұлылары Абай, Шәкәрім, Мұхтарлар келген Ұлы мекенде дүниеге келуді пешенесіне нәсіп етіпті. Бұл да кездейсоқтық емес. Кітабының алғашқы беттерінде берілген «Рухымның алтын бесігі» өлеңінде ақын құтты мекеніне ризашылығын білдіре кеңінен көсіліпті:

Көктемде күтіп жыл құсын,

Самғатқан көкке жыр құсын.

Рухымның алтын бесігі,

Тербей бер мені, Шыңғысым.

Керемет! Абай бастаған ұлылар қалың орманды қақ жарып өскен зәулім биік самырсындар ғой. Көкпен бой таластырып тұр. Соған қарағанда, тұлдыр тақырға бітпеген, құнарлы алқаптан жаралған Бауыржан ақында да рухани өмірде Абайша тереңдеу, Шәкәрім, Мұхт ардай с амғау бола бермек деп ойлаймын. Туған жердің ұлылығын мойындап, оған табынған ақын – нағыз патриот. Осы тұста Бертіс биден қалған:

Ақылы елден асқан ақының болса, мақтан,

Ынтымағы жұрттан асқан жақының болса, мақтан, – деген бір сөзі ойға оралып тұр.

Кітапты ашып оқыған сайын оқи түскің келеді. Шындықты жұрттың бәрі біліп, бәрі көріп жүргенімен, оны ортақ сырға айналдыру, жырға айналдыру тек ең таланттылардың қолынан келетін сияқты. Ұлы күш шынайы суреттеу мен сөз картинасын сол қалпында беру жолдарын тек солардың құлағына ғана сыбырлап тұра ма деп қаласың. «Білте шамның жарығы» өлеңін оқыған кезде ерекше күйге ендім, жол тастамай бірнеше рет оқыдым. Жүрегім шым ете түсті, бірінші өлеңнің өзі ойымды алысқа ала қашты:

Жанымызға жарық беріп,

Парақтардан әріп теріп.

Сол жарықпен оқушы едік,

Небір кітап алып келіп.

«Мың бір түн» де қаласаң бар,

Жалп-жалп жанып дара шамдар.

Небір көне кітаптарды,

Оқытатын қара шалдар…

Неткен шынайылық! Бәрін де өз басымнан өткерген деймін, бәрі демен туралы жазылғандай, себебі мектепке барып хат танығаннан бастап кішкентай ауылдың бүкіл кемпір-шалдарының радиосы да, теледидары да болғанмын. Қолға түскен қисса-дастандар, батырлар жыры сол білте шамның жарығымен ауылдастарымның талайының жанын тербеп, көзіне жас алдырып, сезімдеріне ерік бергізген еді. Әсіресе, жырдағы уақиға желісіне қарай апаларымыз бен аталарымыздың: «Ой-бууий, өліп қалды ма?», «Әттеген-ай, ал-даа, сорлы-аай» деген өкінішті дыбыстары мен ілесе шыққан көз жастары жырды оқып отырған өзіңді де еріксіз жылатушы еді. Осы картина өлеңді оқу барысында менің бала кезімді (сонау 1957-58 жылдар) көз алдымнан өткізіп, электр тоғындай жан-дүниемді шарпып өтті. Поэзия мен оқырман арасындағы байланыс, поэзия адам санасымен егіз дүние деген ұғым осы ғой деймін. Шынайылық деп те осыны айтамыз.

Қай өлеңін қанша қарасам да артық-ауыз ештеңе таба алмадым. Бауыржан ақын шын мәнінде өмірде де, шығармашылықта да өзін батыл ұстайтын секілді. Көптеген өлеңдерінде халқының өткені мен болашағын ақын ретінде жырлап, болашаққа тура жол нұсқайды, кейіпкері мен халқын белсенділік пен батылдыққа шақырады. «Аңшы» өлеңінде ақын:

Бабалардан қалған бұл да бір дәстүр,

Сол дәстүрді жалғаймын деп мың жас тұр.

Атам заман кәсібім ғой аңшылық,

Атым барда мен көрмеген жер бастыр.

Осы шумақта ата-баба дәстүрі мен бүгінгі жастар, бүгінгі қоғам, тарих арасындағы шексіз байланысқа куә боласың. Бүгінгі көңіл жеткен жерге көз, пейіл жеткен жерге сөз жетіспестей болып тұрған заманда бар үмітті өскелең жастарға артып, өз қатарластарының да олардан қалмауына үн тастап, бабалар ізін жаңғыртуға шақырып тұр. Мұндай азаматтық пафос ақынның: «Абыралы көтерілісі», «Тамыздың жиырма тоғызы», «Қылует», «Туған жерге оралу», «Қонақжайлылық», тағы басқа көптеген өлеңдерінде кездеседі.

Ақын – дала перзенті, оның бел баласы. Сол даланың жастайынан сырын ұғып, тілін түсініп өскен, жүрек соғысын, лүпілін саусақпен басып барлап өскен ерекше сезімдегі жан. Бұдан келіп азаматтық тұлға пайда болады. Бауыржанның жыр жинағынан азаматтық лириканың оты да, ұшқыны да бар екенін оқып көріп, қуана қол соғып отырдым:

Ар жаныммен, бар жаныммен құштым мен,

Қазақ Елі ұштым сөйтіп үстіңнен.

Бір тұйғын құс сияқты едім ұшқанда,

Бір қауырсын болып жерге түстім мен.

Бұл белгі барлық өлеңдерінде де бар.

Ақын өлеңдерінің тіл, ұйқас, буын, бунақ сандарының үйлесімділігінде сөз жоқ. Ал, суреттеуге, кейіптеуге, салыстыруға келсек хас шебердің өзі екені көрініп тұр. Ол арнау өлеңдерінен, табиғатты суреттеген жырларынан көрінеді. «Аманжол Әлтаевтың фейсбуктегі суретіне» деген өлеңі осылардың бәрінің жиынтық көрінісі іспеттес. Сөзбен өте тамаша, айнытпай сурет салған.

Ақын жырларын талдай берсек айтылар ой да бірімен-бірі астасып, өріліп кете берері сөзсіз. Сондықтан айтылған ойлардың тобықтай түйініне келейік. Жалпы, ақынның барлық ісі, оның поэзияны, әдебиетті түсінуі толығымен нағыз өнер-өмірге қызмет ету идеясымен сусындаған, соған орай халыққа, жалпы адамзатқа қызмет ету идеясымен астасып жатыр. Ақынның еркін ойы, оны тарих пен мәдениет теориясымен тамаша ұштастыра алғандығы – оның шеберлігі.

Бұл жинақта ақын қазақ әдебиетінің ұлттық жаңғыру мен халықтың идеясын ұштастыра отырып, бүгінгі дамуымызға қажет тақырыптың бәрін үлкен ақындық шеберлікпен, тереңдікпен жырлай білген. Оқырманға, халқына берер тәлімі мол жырлар. Сондықтан бұл еңбек Абай атындағы Мемлекеттік сыйлыққа әбден лайықты. «Білте шамның жарығы» талай жанның жанын жылытып, санасына сәуле берері, патриоттық сезімін оятары хақ. Бұл жарықтың сәулесі ұзаққа жетеді.

Ақынын ардақтаған ел аман болсын, өлеңге ізеттің өнегесін көрсетсін.

 

Сейсегүл ИСМАТОВА,

профессор, филология ғылымдарының кандидаты,

Жуалы ауданының Құрметті азаматы.

 

 

Ұқсас жаңалықтар