Педагогика ғылымдарының магистрі Гүлхан Сабырханқызы көркем прозада әдеби кейіпкер мен көркем шындықтың арасындағы байланыс маңызды мәселелер қатарына жататынын айтты.
– Прозаның көркемдік-эстетикалық қызметі, әлеуметтік мәні, қоғамдық құндылығы – арнайы зерттеуге сұранып тұрған тақырыптар. Кейіпкер мен шындықтың арасындағы байланыс арқылы әдеби кезеңді, шығармашылық тұлғаны, көркем туындыны толығырақ танудың алғышарттары мен мүмкіндіктері жетерлік. Жазған диссертациялық еңбегімде қазіргі қазақ прозасындағы кейіпкер мен шындықтың байланысының түрлерін де анықтауды көздедім. Олардың басқа әдеби компоненттермен арасындағы қатынастар қарастырылды. ХХ ғасырдағы қазақ прозасының қалыптасу, даму үдерісіндегі кейіпкер мен шындықтың көркемдік функциялары әдеби-теориялық тұрғыдан негізделді. Қазақ қаламгерлері тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы тоқырау тұсында да ұлт тағдырын, елдегі саясиәлеуметтік қайшылықтарды, ғасырлар тоғысындағы адам болмысын, оның ішкі жан дүниесінің айналасындағы ортамен байланысын, ұлттық рухани тауқыметтердің көрінісін, жалпы адам мен қоғам, табиғат байланысын көркем әдебиеттің күн тәртібіне батыл қоя білгеніне ешкім дау айта қоймас. Қазіргі қазақ прозасында өзекті жағдайларды көрсетуге ұмтылған қазақ қаламгерлерінің барша адамзат баласын ойландырып отырған сауалдарға жауап іздеу мақсатында туған, өзіндік ізденістерінің жемісі болып табылатын көркем туындылары жарық көре бастағаны қуантады, оларды ғылыми айналымға қосудың қисыны келді. Қаламгер ұстанымы туындының идеялық-тақырыптық, тілдік, стильдік ерекшеліктерінен ғана емес, сонымен қатар персонаждардың ойлау жүйесінен, шығарманың мағыналық қабаттарынан, образдар мен әлеуметтік ортаны бейнелеу барысында қолданатын көркемдік амалтәсілдерінен де байқалатыны мәлім. Әрбір әдеби кезеңдегі қаламгердің өз шығармасының мазмұндық сипатын, идеялық-тақырыптық, құрылымдық негіздерін айқындау үшін жағдай мен кейіпкерге ерекше назар аударғанын қадап айту керек. Туындыда сомдалған кейіпкерлердің дені жазушының айтпақ ойының бір парасын танытпақ ниетімен бірге қоғамдық-әлеуметтік шындықтың қыр-сырын ашуға бағытталатыны белгілі. Ал қаламгер болса, сол өмірлік жағдайларды өз дүниетанымы тұрғысынан пайымдап, жинақтап, зерделеп, өзінше зерттеп барып, жаңа пікір қалыптастыру мақсатында өмірлік материалдарды көркем кейіпкер жасау үшін әдеби материалға дерек пен дәйекке айналдыратыны туралы көп айтылған. Қазіргі қазақ прозасы бұл мәселелерді жүйелі зерттеуге өнімді негіз бола алады. Аталмыш кезең прозасындағы кейіпкер мен шындықтың, шығарманың образдық-құрылымдық жүйесіне және олардың өзара қарымқатынастарының сыры мен сипатына қатысты мәселелерді қарастырып, жағдай мен кейіпкердің байланыс түрлерінің негізгі түрлерін ажырата отырып, ұлттық прозаның даму үдерістерін тереңірек айқындаудың қажеттігі бар. Әдеби кезеңдер мен шығармашылық тұлғалар арасындағы үндестік, ынтымақтастық, ықпалдастықты, ерекшеліктерді нақты сараптаудың мүмкіндігі бар. Қазіргі қазақ әңгімелеріндегі жағдай мен кейіпкер байланысы – осы күнге дейін арнайы зерттеу жұмыстарының нысаны бола қоймағанымен, кейбір жекелеген жазушылардың шығармашылықтарына, жалпы аталмыш кезеңдегі әдеби үдеріске қатысты әдеби-сын мақалаларда аздыкөпті қарастырылып жүрген ғылыми мәселе, – дейді Гүлхан Аманова.
Зерттеушілік еңбегімен Халықаралық эксперт атанған Гүлхан Сабырханқызы қазіргі қазақ прозасының көркемдігі мен кейіпкерлерінің байланысын зерттеуде біраз деректерге қол жеткізген.
– Өмірдің кез келген көркемдік түр мен әдеби үрдістен анағұрлым бай, әрі ауқымды екені даусыз. Өйткені ол әр қилы өмірлік мағынаны көркем әдебиетте түгелдей нақтылап, көзбен көргендей анықтап бере алмайды, бұған мысал мен дәлел жеткілікті. Сонымен қатар оны әдеби үрдіс ұсынатын әр түрлі себеп-салдарлық байланыстардың аясына сыйғыза салу да қиын. Көркемдік ойлауға қатысты нақтылы көзқарас пен әлеуметтік-эстетикалық жағдай қоғамдағы күрделі мәселелерді шешуде өзіндік таным мен ойлау ұсынатыны белгілі. Осы тұрғыдан алғанда, қазақ әдебиетінің даму қарқынын өткен ғасырдың соңғы онжылдығындағы жанрлық-тақырыптық өзгерістерден байқауға болады. Қоғамда қалыптасқан әртүрлі жағдайлардың тарихи себептері мен сол уақытқа әсерін, оның көркемдік әдебиетте қай дәрежеде бейнеленуін типологиялық жағынан анықтау әдебиеттану ғылымы үшін өте маңызды екені талассыз. Жеке тұлғаның өміріне әртүрлі объективті, субъективті түрде әсер ететін қоғамдық жағдайды ғылыми тұрғыдан зерттеу оның әлеуметтік, этикалық құндылығын, әрі мәнмағынасын айқындайды. Кеңестік кезеңде жазушылар жеке тұлғаға тікелей әсер ететін жағдайды эпикалық, яғни революция, азамат соғысы, коллективтендіру және тағы басқа ауқымда алуға тырысатын еді. Сондықтан да кейіпкер мен шындықтың арасында тікелей диалектикалық байланыс бары жайында айтылған тұспал көп, ал нақты зерттеулер саусақпен санарлықтай. Әдебиеттануда бір кездері кейіпкерді қоғамдық, әлеуметтік, ұлттық, топтық, таптық, кезеңдік тұрғыдан бөлу қалыптасқан болатын, мұндай жүйелеудің жетістік-кемшілігі туралы да аз айтылған жоқ. Адам кейіпкерінің эстетикалық болмысын көп ретте оның жеке басының ерекшеліктерінен, уақыт пен орта сипатынан, идеялық негізден іздеуді жалпы алғанда мақұлдап, қабылдаған орынды болар. Адам мінезіндегі жалпы мен жалқы сипаттағы тұлғалық қасиеттердің белгілі бір сапада көрінуін көбінесе тарихи негіздермен байланыстыруға да түсіністікпен қарау қажет. «Кейіпкер (іс-әрекет, ой, сезім, тіл) автордың көркемдік-эстетикалық концепциясы» деген пікірдің жаны бар, өйткені оны психология, әлеуметтану, философия салалары осылайша зерттеп жүр. «Энциклопедиялық әдеби сөздікте», «Әдебиеттану терминдерінің сөздігінде» кейіпкерге берілген анықтама сол кезеңдегі аталмыш ұғым төңірегіндегі әр түрлі көзқарастардан, ғылыми таластардан хабар беріп тұр. Сөздікте әрбір ілімнің кейіпкерге байланысты зерттеу ауаны айқындалған, сонымен бірге әдеби кейіпкерді нақты адаммен тең сипатта қарауға болмайтындығы, оның шартты түрдегі көркем бейне екендігі қадап айтылған. «Әдебиет теориясының негіздері» атты оқулықта кейіпкердің әдеби типтің жеке көрінісі деп айқындалғаны белгілі. Бұл пікір кейінірек талай мәрте сыналғанымен, әлі күнге дейін өзінің маңызын жойған жоқ. Қ.Жұмалиевтің, М.Қаратаевтың, З.Қабдоловтың кейіпкер хақындағы ойтұжырымдарын теориялық негіз ретінде қабылдау да өз жемісін беруде, – дейді педагогика ғылымдарының магистрі Г. Аманова.
Халықаралық сарапшы өзінің зерттеу еңбегінде әдеби туындыдағы кейіпкердің белгісі оның әлеуметтану, психология, философия сияқты ғылым салаларының кейіпкерге беріп жүрген анықтамасынан айырмашылығын айқындайтынын ашып көрсеткен.
– Шын мәнінде, әдеби мінездің эстетикалық мәнін анықтауда оның бойында психологиялық, философиялық, әлеуметтік ерекшеліктердің болатынына назар аударған жөн. Бірақ бұл ерекшеліктермен қатар кейіпкер жасаудың әдеби-көркемдік әдістерін яғни «не» және «қалай жасалады» деген ұғымдарды білу маңызды. Өткенді бағамдасақ, ұлттық прозамызда әдеби кейіпкерлер енді бірде белгілі бір қалыпта көрініс берсе, енді бірде, сезімдік иірімдерімен ерекшеленіп, тұлғаланады. Ұлттық әдебиеттану ғылымында аталмыш мәселеге қатысты пікірлер сан алуан, тіпті кереғар көзқарастар да баршылық. Сонымен қатар кейбір зерттеу жұмыстарында кейіпкер құрайтын негіздер әртүрлі сапада бағаланып жүргені де белгілі. Қазақ прозасының тарихына қатысты зерттеулердегі кейіпкер болмысына орай айтылған пікірлердің көбінесе оның бір дәуірмен, қоғаммен байланысына ерекше мән берілгенін көреміз. Персонаж бойынан сол дәуірдің ұлттық, эстетикалық белгілерін іздеу де кездесіп отырады. Осы орайда, аталмыш проблема төңірегінде біраз ой қорытқан ғалым З. Қабдоловтың анықтамасы осы пікір аясынан шығады: «Мінез – адамның ішкі болмысы, белгілі қоғамдық жағдай қалыптастырған қоғамдық құлқы, барлық психологиялық ерекшеліктерінің жиынтығы» деп мінездің қоғаммен, ортамен байланысына баса көңіл бөлген. Кейіпкер мәселесін зерттегенде, жазушылардың шығармашылық ізденістерін тиімді түрде қарастыру үшін зерттеушілердің ұстанымдары әртүрлі сапада болғанын байқау қиын емес. Бас қаһарман кейіпкері сыншылар, әдебиетшілер назарына ғасырдың алғашқы жартысында жиірек ілініп, зерттеу объектісіне айналған: бірде ұнамды образ М.Хасенов, ол бірде замандас тұлғасы М. Қаратаев, М. Базарбаев, Р. Бердібаев, Х. Әдібаев, С. Байжанов, Н. Ғабдуллин, Ж. Ысмағұлов, Б.Майтанов, бірде коммунист бейнесі Ф. Оразаев, С. Қирабаев түрінде қарастырылып келген. Әрине, заман талабына сай жазылған туындылар мен оларға берілген баға да соған сәйкес объективті сипатқа ие болатыны мәлім. Әр туындыны сол қоғам жемісі деген пікірге тоқтар болсақ, ол оған бүгінгі заман талабымен қарау барысында көптеген кемшіліктердің беті ашылары анық. Сондықтан да кемшіліктерді ойша түзеуден гөрі, әр кезеңдегі әдебиетке қойылған талаптардың тұрғысынан жүйелеп зерттеудің берері көп. Әдеби кейіпкер өзіне тән болмысындағы (специфика) эстетикалық шындықты танытуы арқылы ерекшеленетіні белгілі жайт. Бірақ, бұл таным оның философия, психология, әлеуметтану сияқты ғылым салаларының ауқымындағы кейіпкерлік мүмкіндіктерін шектемейді, қайта осылай өзінің зерттеу объектісіне қатысты жақтарын толық пайдалана алатындығын ескеру маңызды. Сонымен қатар әдебиеттану ғылымы бұл ғылым салаларымен өте тығыз байланыста екенінің бір себебі осында жатқандай. Өйткені, адамның ішкі жан дүниесінде болып жататын әр түрлі психологиялық ерекшеліктерін қоғамда алатын әлеуметтік орны мен өзіндік дүниетанымын, философиялық тұғырнамасын анықтау әдебиеттану ғылымы үшін өте маңызды. Сондықтан да мінездің табиғатына қатысты кейбір психологиялық ұғымдар сөз өнері ғылымында оның эстетикалық мәнін толық толтырады деу қате тұжырым беретінін айта кету жөн сияқты. Адам мінезін психологиялық жақтан зерттеуде Н.Д.Левитовтың «Вопросы психологии характера» атты еңбегі зерттеушілердің назарын аударып отыр. Ол өзінің аталмыш еңбегінде адамға мінездеме беру – тұлғаның тек өзіне тән психологиялық ерекшеліктерін көрсету, яғни бір адамды басқалардан өзгешелейтін ерекшелігін табу. Тек сол ерекшеліктер ғана тұтас бір адамның мінезін анықтауға мүмкіндік береді. Бірақ бұл ерекшеліктер сипаты бір жақты емес, қарама-қарсы болуы да мүмкін. Сонымен қатар кейіпкерде «жетекші» (доминант) мінез қашанда болатынын айтады. Шынында кейіпкердің кейіпкерін тануда оның тұлғалық ерекшелігіне назар аудару арқылы зерттеу ұтымды екені даусыз. Көркем шығармада бұл ерекшеліктер бірде әлсіз, бірде күшті, енді бірде мүлде байқалмауы мүмкін. Сондықтан аталмыш мәселеге қатысты ұғымдарды қарастырғанда кейіпкердің бойындағы «өзекті» табу арқылы зерттеу көп жайдың мәнін бажайлауға септігін тигізері анық, – деген Гүлхан Сабырханқызы ұлттық сөз өнері ғылымында реалистік мінездер мен классикалық мінездерге қойылатын талаптың көбінесе бірдей болып жүргендігіне назар аудартты.
Оның айтуынша, классикалық мінез жасалу шарты реалистік мінезден мүлде бөлек.
– Классикалық кейіпкерде кейіпкердің ішкі әлеміндегі әртүрлі қарама-қайшылықтарға емес, жалпы абстрактылы ұғымдарға жетекші мән беріледі. «Классицизмде сатқынсатқынға, екі жүзді-екі жүздіге», ал «А-Аға тең» деген дағдылы пікір сөзімізді дәлелдей түсетіндей, реалистік мінездің бойына әртүрлі қарама-қайшылықты ұғымдар кешенді топтасып жаңа бір сапа тудырады. Сондықтан көркем шығармадағы кейіпкердің мінез-құлқын талдағанда әрбір ұғымның қыр-сырына жете мән бермеу біржақтылыққа ұрындырары даусыз. Кейіпкер қашанда еңбек тәжірибесінде, өмірлік тартыстар, күрестер үстінде қалыптасып, тәрбиеленеді. Әдеби туындыда кейіпкер кейіпкері кез келген қиындыққа төтеп бере алатындай қалыптасуы үшін міндетті түрде соған сәйкес орта болуы шарт. Сөзімізді нақтылай түсу үшін В.В. Фащенконың әртүрлі сәттерде, яғни ситуацияларда қалыптасатын адам мінездерінің бірлігі, кейіпкердің өзегі, негізі екендігіне баса назар аударуын айтуға болады. Зерттеуші адам концепциясын қалыптастыруда мінездің бойындағы жетекші қасиетті оң бағалайды. Өйткені әдеби кейіпкер қашанда көркем әдіспен, нақты бір жағдаймен, өнердің өзіне тән мәнімен байланыста болып, үнемі даму үстінде қалыптасады. Әдеби кейіпкер шығарманың көркемдік жүйесімен тікелей байланыста болғандықтан, оның бойына шығармашылық әдістердің ерекшеліктері де жинақталған. Сондықтан романтикалық, модернистік кейіпкерлердің реалистік образдардан айтарлықтай айырмашылығы бар. Реалистік кейіпкерге тән ерекшеліктер – жағдай таңдаудағы еркіндік, тар қалыпқа түспегендік сияқты сан қырлы сипаттар. Әдебиет тарихында бір кезде «типтік жағдайдағы типтік кейіпкер» деген түсінік қалыптасқаны белгілі. Бұл ұғым кейіпкердің бойына сол дәуірге тән жиынтық белгілерді топтастырып, бір ғана тұлғаның бейнесін ашуға шығармашының ішкі әлемі толықтай бағынышты болды. Реализмнің алғашқы даму кезінде жағдай ұғымы мінездің қалыптасуын анықтағанымен, көркем шығармада әдеби кейіпкердің бейнеленуіне тек көмекші қызмет атқарғаны белгілі. Кейіпкердің кейіпкері – оның ішкі рухани әлемі, өзіне тән белгілерінің бірлігі, әртүрлі жағдайдағы адамның мінез-құлқының жетекші типі. Мінездің бойына сол дәуірдің, ортаның, уақыттың негізгі ерекшеліктері топтастырылған. Демек, мінездің өзегінде ұлттың да, белгілі қоғамдық құрылыстың да тарихи жақтан қалыптасқан сапалық көрінісі жатыр. Осы көзқарас тұрғысынан алғанда қазіргі әдебиеттану ғылымында сын көзбен бағаланып жүрген «ұлттық мінез», «кеңестік мінез» деген ұғымдар қолдан жасалынған деу басы артық жай сияқты. Өйткені аз немесе көп көлемде болсын ол дәуірдің, қоғамдық құрылыстың белгілері, әсері мінездің бойына қалыптасатыны талассыз. Қазіргі әдебиетте мінез адамзаттың күрделі тағдырындағы, сан салалы тарихи өміріндегі жағдаймен тығыз байланыста қарастырылуы орынды. Жазушылар көркем образ жасауда адамды бір жағынан күнделікті қарапайым тұрмыста көрсеткісі келсе, екінші жағынан «ұзақ» тарихи өмірдегі адамның тіршілік кешу мүмкіндігін сынау арқылы да көрсеткісі келеді. Адам міндетті түрде өзіндік ерекшелігі бар қоғамдық құрылыста өмір сүреді. Сондықтан мінез жөнінде сөз қозғағанда біз оның сол қоғамның өкілі екендігіне көңіл бөлеміз, – дейді әдебиетті зерттеуші.
Халықаралық сарапшы өз еңбегінде кеңестік жүйеден егемендікке өткен адамның ғасыр алмасуында «кіммін, бағытым қайсы, жағдайым нешік?» деген сұрақтарға қайта-қайта үңіліп, жауап іздей бастағаны ұлттық әдебиетте де көрініс тапқанына тоқталады.
– Бұл жылдары өнімді еңбек еткен қаламгерлеріміздің қатарына Д. Әшімхановты, Р. Мұқанованы, А. Алтай, Н. Ораз, Қ. Аманжол, Қ. Түменбай, С. Оспанов, Қ. Жиенбай, Т. Ахметжан, Д. Рамазан, А. Кемелбаева, Д. Амантайды жатқызуға негіз бар. «Батыстың кейбір жазушылары болмысты кейіпкердің сана-сезіміндегі күрделі толқыныстар арқылы беру тәсілін ұсынады. Рухани жалғыздықтан тартатын жапасын, өмірдің мәнін іздеуден тұратын ізденісін терең ашады. ХХ ғасырдағы көркем ойдың үлкен жаңалығы осы» деген пікірде осы кезең жазушыларының прозасындағы жағдай мен кейіпкердің байланысының жаңа қырларын табуға негіз бар. Бұлардың дені әдебиетке қайта құрудың қатысушылары және тәуелсіздік куәгерлері болып келді. Олар ел өміріндегі өзгерістерді өздері сезе отырып, оны түсінуге, тануға, бағалауға мүдделі болды. Қаламгерлердің осы жолда әлемдік әдебиеттегі көркемдік ізденістерге жиі жүгінгені жасырын емес. Бұл орайда мынадай тұжырымға назар аударуға болады: «Қазіргі кезде дүние жүзі көркем әдебиетінде өмірді бейнелеудің әдіс-тәсілдері, көркемдік машықтары, әдеби-тәжірибелер бой көрсетті. Олардың бірқатары қалыптасу үстінде. Модернизм, авангардизм, мифологизм, эксизтенциа лизм, сюрреализм сияқты ағымдар өркениетті елдер әдебиетінің тарихында өз ізін қалдырды. Енді осы әдіс-тәсілдерге үрке қарауды қою керек сияқты. Көркемдік ізденістері алуан түрлі егемен еліміздің ешкімге ұқсамайтын жаңа дәуірінің ұлттық әдебиетін жасау алдымызда тұрған зор міндет». Жастар прозасында осындай ізденістер баршылық. Көркем әдебиет нұсқалары өзінің табиғаты мен ерекшеліктеріне орай қоғам келбеті мен қазіргі өмірдегі мінездері әр алуан дәреже деңгейде өрнектейтіні анық. Адам тіршілік етіп отырған әлеуметтік қоғамның болмысы кез келген көркемдік түрден және әдеби үрдістен әлбетте бай болып келеді. Уақыт барысының, адамдар ұғымының, қоғамның саясиәлеуметтік, ұждандық сипатына сәйкес әдебиет пен өнердің де түрленетіні туралы аз айтылған жоқ. Осындай пікірдің қалыптасуына қоғам мен адам, адам мен табиғат арасындағы қарым-қатынасты, қайшылықты құбылыстарды философиялық тұрғыдан тереңірек суреттеуге деген ұмтылысы бар шығармалардың көптеп көрінуі қызықтырады, – деген Гүлхан Аманова қазіргі әдеби шығармалардың тереңіне үңілдірді.
Рас, әдеби туынды әр кезеңдегі қоғамның болмысын көркем түрде бере отырып, болашақ ұрпаққа тарихи дерек бола алады. Сондықтан әдебиеттің зерттелуі – келешекке құнды мұра.
Қамар ҚАРАСАЕВ
Ұқсас жаңалықтар
Қазақ өлеңіне қолдау мен құрмет
- 1 желтоқсан, 2025
Ақын Ғайни Әлімбекқызының шығармашылық кеші өтті
- 28 қараша, 2025
Ақпарат
Шаруалардың маңдай тері ақталатын күн жақын
- 25 қыркүйек, 2025
Әлемде транзит үшін бәсеке күшейіп бара жатыр – Тоқаев
- 8 қыркүйек, 2025
Цифрландыру пойыздың кешікпеуіне көмектесе ме?
- 21 тамыз, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді




