- Advertisement -

Жұмысқа құлықсыз жастар қайдан шығады?

209

- Advertisement -

NEET — терминін қазақ тіліне аударсақ, «Не жұмыс істемейтін, не оқымайтын, не өзге де істермен айналыспайтын адам» дегенді білдіреді.

Білімі, белгілі тәжірибелік дағдылары бар, бірақ оқуды және жұмыс істеуді жалғастыруды қаламайтын, біреудің асырауындағы адамдарды «NEET жастар» деп атап жүрміз. Сондай-ақ, кездейсоқ жұмыстар арқылы ақша табатын фрилансерлер, біліктілігі мен тәжірибесі жоқ, қосалқы шаруашылыққа жұмылдырылған ауыл жастары, оқуды жалғастыруды қалайтын, бірақ мүмкіндігі жоқ күнкөрісі төмен отбасыдан шыққан мектептің түлектері, жетімдер, денсаулығының нашарлығынан жұмысқа орналасуда қиындықтары бар мүмкіндігі шектеулі адамдар, бас бостандығынан шектеу орындарынан босап шыққан, есірткілік және алкогольдік тәуелділігі бар, оңалтудан өткен жастар да осы топқа жатады.

Қарапайым отбасынан шыққан баланың NEET жасқа, яғни жұмысқа ынтасы жоқ адамға айналуына не себеп? Мамандардың айтуынша, оған ең алдымен өскен ортасы, достары мен туған-туысқандарының қарым- қатынасы әсер етеді. Әсіресе, ата-ана баланың өз бетімен жұмыс істеуіне мүмкіндік бермей, бәрін сыртынан шешіп қоюы, онсыз да ерке баланы енжарлыққа, «ас піс, аузыма түс» дейтіндей жалқау кейіпке алып келеді.

Бәрін үйдің үлкендері кесіп-пішіп, бетіне жел тигізбей, шектен тыс өбектей беруі баланың ертеңін ойлау қабілетін тежеп, жауапкершілікті сезіндірмейді.

Бірін «үйдің жалғызы» деп мәпелесе, енді бірі ата-әжесінің тұңғыш немересі болған соң, қарттардың зейнетақысын санап алып, оңай олжаға иек артып үйренеді. Ондайлар үшін, яғни ауырдың үсті, жеңілдің астымен жүріп үйренгендер үшін – өмір сүру қиынға соғып, жұмыс істеу азапқа айналады.

Бала күнінен тәрбие көзі дұрыс болмаған соң, кім-кімді де есейген шақта есін жидыру оңайға соға қоймас. Олар жұмыс істеуді ойлағанның өзінен депрессияға түседі. Ал, үлкендер жағы жабылып жүріп жұмысқа тұрғызса, үнемі бір жерден екінші жерге ауысып, бірде басшыны жамандап, енді бірде шаршап-шалдыққанын жыр етіп, іске икемі болмай, өмір бойы өзгелерден көмек сұрап, туған-туыстарына алақан жайып, арқа сүйеп өтеді.

Жуырда «Amanat» партиясы облыстық филиалы жанындағы жастарды қолдау жөніндегі қоғамдық кеңес отырысында да осы «NEET санатындағы жастардың үлесін азайту мәселесі туралы» сөз қозғалған болатын. Еліміздің болашағы – жастар болғандықтан, олардың масылдығы мен жұмыссыздығы расында басты проблема.

Қазіргі таңда жалпы жұмыспен қамту шаралары 2022-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту ұлттық жобасы аясында жүргізіледі. Биыл алғашқы маусымда жұмыспен қамту органдарының ықпалымен 35 жасқа дейінгі 11 276 жас жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартылған.

Атап айтқанда, 4372 адам ваканттық жұмыс орындарына орналасса, 632 жас онлайн оқытуға, 722 түлек жастар практикасына, 293 жас әлеуметтік жұмыс орындарына жолданып, 1993 жас ақылы қоғамдық жұмыстарға тартылған. 17 жас ұрпақтар келісімшартына, 200 жас алғашқы жұмыс орны жобасына, сондай-ақ, 2956 жас «Бастау-Бизнес» жобасымен кәсіпкерлік негіздеріне оқуға жолданып, 91 жас қайтарымсыз грант алған.

Ел Президентінің 2022 жылғы 1 қыркүйектегі Жолдауына сәйкес, осы жылы жастарға 2,5 пайызбен микрокредит беру мақсатында облыс бойынша 347 адамға 1735 миллион теңге көлемінде микрокредит беру жоспарлануда. Бағдарламаға 21-35 жас аралығындағы жастар қатыса алады.

– Уақытша бос жүрген жастардың әлеуметтік мәртебесін анықтау мақсатында «Жастар ресурстық орталықтарымен» жүргізілген адрестік жұмыстардың нәтижесінде 38 518 жастың әлеуметтік мәртебесі анықталып, «Отбасының цифрлық картасы» ақпараттық жүйесінде өзектендіру жұмыстары мамыр айының соңында толықтай аяқталды. «Отбасының цифрлық картасы» ақпарттық жүйесінде жүргізілген өзектендіру жұмыстарының нәтижесінде уақытша бос жүрген 5 818 жас анықталды. Уақытша бос жүрген жастардың санын азайту мақсатында олар жұмыспен қамтудың белсенді шараларына және әртүрлі деңгейде ұйымдастырылатын мәдени-көпшілік іс-шараларға, кеңес беру алаңдарына тартылуда, – деді облыс әкімдігі жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Ғалижан Мейірманов.

5 жасқа дейін баласын патшадай күтіп, 15 жасқа дейін құлындай жұмсаған қазақ, 15 жастан асқан соң досындай сырласа да білген. Олай болмаған жағдайда:

Тамағы тоқтық,

Жұмысы жоқтық,

Аздырар адам баласын!

 

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support