Тамдыдағы ауру ошағы бақылауда

Тамдыдағы ауру ошағы бақылауда
ашық дереккөз
Тамдыдағы ауру ошағы бақылауда
Жуырда Талас ауданы Тамды ауылында сібір жарасының қоздырғышы анықталып, төрт адам ауруханаға түскен болатын. Қазіргі таңда олар облыстық денсаулық сақтау мекемелерінде күйдіргі ауруының терідегі түрі бойынша емделуде. Бүгінгі күні науқастардың жағдайы тұрақты, емдеу процедуралары мен басқа да арнайы шаралар жүргізілуде. Облыс әкімдігі ветеринария басқармасы ветеринариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бөлімінің басшысы Талғат Қожабергеновтың айтуынша, Тамды ауылының тұрғыны екі танысымен бірлесіп, қорасында ауырып тұрған танасын мал дәрігеріне көрсетпестен сойып алған. Соның артынша қолдарына жара шығып, аудандық аурухана дәрігерлеріне жүгінген. – Ол кісілерден күйдіргі ауруының терілік формасы айқындалып, үш адам жұқпалы аурулар бөліміне жатқызылған. Біз күнделікті ауруханамен байланысып, хабаралып отырмыз. Қазіргі таңда науқастардың жағдайы жақсы, ем қабылдауда. Дәрігерлердің айтуынша, бір-екі күнде ауруханадан шығарылады. Ал, ауруға оң нәтиже көрсеткен ірі қараның еті толық жиналып, терісімен өртеліп, жойылды. Тамды ауылына карантин қойылып, ауыл шаруашылығы жануарлары мен мал өнімдерін ол ауылдан шығару мен әкелуге шектеулер енгізілді.Тамды ауылынан басқа елді мекендерде, оның ішінде Қаратау қаласына карантин мен шектеу қойылған жоқ. Тұрғындардан тек ресми ақпарат көздеріне сенуді сұраймыз, – дейді Талғат Қожабергенов. Бөлім басшысының айтуынша, бүгінгі таңда ауру ошағында талаптарға сәйкес індеттің алдын алу бойынша эпидемиологиялық және эпизоотиялық іс-шаралар жүргізілуде. Жалпы, сібір жарасының қоздырғышы жүздеген жылдар бойы топырақта сақталатын ауру. Оның қоздырғыштары күн ыстық кезде шаңмен көтеріліп, жануарларды ауруға шалдықтырып, жедел түрде өтетін болғандықтан, әр жерден бой көрсетіп тұрады екен. Былтыр осы кезеңде 5 адам күйдіргі індетінің терідегі түрінен емделіп шығыпты. Бұл індеттің алдын алу тек сібір жарасына қарсы вакцина егу болғандықтан, мал иелеріне иелігіндегі жануарларын жылына бір рет сібір жарасына толық егілуін қамтамасыз ету қажет. Бұл жағдайға байланысты облыс әкімінің орынбасары Қанатбек Мәдібектің төрағалығымен аса қауіпті инфекциялардың алдын алу және жою жөніндегі жедел штабтың отырысы өткізіліп, онда барлық қызметтерге эпизоотияға және эпидемияға қарсы іс-шараларды күшейту туралы арнайы тапсырмалар берілген. Бүгінгі таңда Тараз қаласы мен аудандардың ауыл шаруашылығы жануарларының еті сатылатын мал базарлары мен сауда орындарында етті және тірі малды тасымалдау мен өткізуде бұзушылықтарды анықтау мақсатында ветеринариялық инспекция тарапынан тексерулер күшейтілген.  

Марат ҚҰЛИБАЕВ

Ұқсас жаңалықтар