- Advertisement -

Өртпен күрес әлі жүріп жатыр

38

- Advertisement -

Өртпен күрес әлі жүріп жатыр
Дегенмен, елді мекендерге қауіп төніп тұрған жоқ

Бұған дейін хабарланғандай, Абай облысында орын алған апатты орман өртінің салдары адам өліміне әкеп соғып, үш ауылдың тұрғындары эвакуацияланды. 8 маусым күні тұтанған «Семей орманы» резерватындағы өртпен күреске жұмылдырылған 14 орманшы қаза болды. Бұл ауыр қайғы барша Қазақстан халқының қабырғасын қайыстырды. Абай облысына жұмыс сапарымен барған Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 12 маусымды елімізде Аза тұту күні деп жариялады.

Бүгінде Абай облысында тартылған күштер мен құралдармен өртті сөндіру үш бағытта жалғасуда. Құтқарушылардың қызыл жалынмен арпалысып жатқанына бір аптадан асты. Кеше Экология және табиғи ресурстар министрі Зүлфия Сүлейменова жедел штаб өкілдерімен бірге тікұшақпен өрт ошақтарын айналып ұшып өтті.

Жедел штабтың мәліметінше, елді мекендерге қауіп төніп тұрған жоқ. Өртке қарсы арақашықтық пен минералдандырылған жолақтарды жасау, өрт ошақтары мен өрттің периметрі бойынша жиектерге су төгу, өрттің жиегін топырақпен жабу және толтыру жұмыстары жалғасуда. Қазіргі уақытта өрттің жалпы ауданы шамамен 60 мың гектарға жеткен. Ағымдағы ауа температурасы 23-28 градус жылы, солтүстіктен соққан желдің екпіні секундына 7-12 метрге жетеді, жауын-шашынсыз.

Өртті сөндіруге Төтенше жағдайлар министрлігі, Экология және табиғи ресурстар министрлігінен, жергілікті атқарушы органдардан және Қорғаныс министрлігінен 1800-ге жуық адам, 350-ден астам техника жұмылдырылған. Сонымен қатар, тартылған тікұшақтар өрт аумағын аэровизуалды тексеруді және өрт ошақтарына су төгуді жүзеге асыруда. Өткен тәулікте барлығы 535 рет көлемі 1600-ға жуық тоннадан астам су төгілді. Өрт басталғалы бері барлығы 1450 рет көлемі 4000 тоннадан астам су төгілген.

Мәліметтерге сүйенсек, апат аймағында волонтерлер де тыным таппай жұмыс істеп жатыр. Озеркий ауылдық округінде өрт басында жүрген азаматтарға қызмет көрсететін штаб орналасқан.

Семей орманы мен басқа да ормандар – мемлекеттің қорғауындағы ерекше аумақтар. Ормандарда ағаштар отырғызу, күтіп-баптау және өрттен сақтау – орманшылардың міндеті. Орман саласында тілсіз жаудың алдын алуға мүмкіндік беретін технологиялар бар. Айта кету керек, 30 жылдың ішінде мұндай төтенше жағдай болған жоқ. Бүгінде бірқатар облыстарда жергілікті тұрғындардың орманға баруына белгілі бір мерзімге дейін тыйым салу туралы шаралар қабылданып жатыр.

 

Жүрсінгүл ЖАҚЫП

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support