Егіс алқабына дронмен тыңайтқыш себілуде

Егіс алқабына дронмен тыңайтқыш себілуде
ашық дереккөз
Егіс алқабына дронмен тыңайтқыш себілуде
Бүгінгі таңда ауыл шаруашылығы құрылымдарына жаңа технологиялар көптеп енгізілуде. Соның бірі – егіс алқаптарына дронмен тыңайтқыш себу. Облыс үшін де тың жобаны Жуалы ауданындағы Күреңбел ауылының тұрғыны Сәулембек Көмекбаев өз егістік алқаптарына пайдалануда. – Өнімнің өнімділігі егіске сіңірген тыңайтқышқа да байланысты. Өзің баптап отырған алқаптан жақсы өнім алғың келсе, оған қаржы салмай, мол өнімге қол жеткізе алмайсың. Қазір күн санап жаңа технологиялар даму үстінде. Кейде оған ілесе де алмай қалатынымыз бар. Дронмен тыңайтқыш себу әдісін Қытайдан көрдім. Бұл құрылғы Қытайда құрастырылған. Тиімділігі жоғары болғандықтан алып, жұмыс істеп жатырмын. Оған салған қаржыны еселеп қайтарамын деген ойдамын. Жаңа құрылғыға қызығушылық танытып отырған шаруашылықтар көп. Жуалы ауданының әкімі Жалғас Мұртаза да, облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрби Жігітеков те қызығушылық танытып, өзге шаруа қожалықтарға таратуға тұрарлық жоба екенін айтып кетті, – дейді Сәулембек Көмекбаев. Техника облысымызда алғаш рет қолданылып отыр. Алдағы уақытта облыс басшылығы жаңа технология өз нәтижесін беріп жатса, облыс көлемінде енгізуді де жоспарлап отыр. – Дронмен тыңайтқыштар себу әдісін Жуалы ауданындағы шаруашылық пайдалануда. Қытайда құрастырылып, жасалатын озық технологияның нарықтағы бағасы 8-14 миллион теңге аралығында. Дронмен тыңайтқышты сағатына 20 гектар алқапқа шашуға болады. Оны арнайы мамандар келіп үйретеді. Алдағы уақытта жаңа технология өз нәтижесін беріп жатса, облыс көлемінде енгізу жұмыстары жүргізілетін болады, – дейді облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрби Жігітеков. Айта кету керек, жамбылдық шаруалар биыл 770,4 мың гектар алқапқа ауыл шаруашылығы дақылдарын отырғызған. Өткен жылмен салыстырғанда 14,4 мың гектарға ұлғайған егіс алқабының 216,3 мың гектарына жаздық масақты дәнді дақылдар, 72,1 мың гектарына майлы, 44,8 мың гектарына көкөніс дақылдары, 18,8 мың гектарына дәндік жүгері, 16,9 мың гектарына бақша, 11,8 мың гектарына картоп, 10,8 мың гектарына қант қызылшасы, 27,9 мың гектарына біржылдық және 30,8 мың гектарына көпжылдық шөп орналастырылған.  

Марат ҚҰЛИБАЕВ

Жуалы ауданы

Ұқсас жаңалықтар