- Advertisement -

Жылыжайы көп елдің жетістігі жұғысты болғай

65

- Advertisement -

Облыс әкімінің орынбасары Қанатбек Мәдібек бастаған делегация Нидерланд Корольдігінде өтіп жатқан «GreenTech Amsterdam-2023» халықаралық көрмесінің жұмысына қатысуда.

Жыл сайын өткізілетін көрменің мақсаты – жылыжай шаруашылығының ең озық технологиялары мен жаңалықтарын дүйім жұртшылыққа ұсыну, саланың бизнес мүмкіндіктерін көрсету.

Биылғы көрмеге 300 компания, 12 мыңға жуық көрермен қатысуда.

Жалпы, бүгінгі таңда Нидерланд Корольдігі ауыл шаруашылығын интенсивті түрде дамытып, жоғарғы өнімділік бойынша жылыжай кешендерін жолға қойған, сол арқылы айтарлықтай жетістікке жеткен әлемнің үздік мемлекеттерінің бірі саналады.

Жамбылдық делегацияның жұмыс сапары аясында, Қазақстанның Нидерланд Корольдігіндегі Төтенше және өкілетті елшісі Асқар Жұмағалиев пен Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы вице-министрі Әбілхайыр Тамабектің қатысуымен өткен жылыжай саласының үздік компанияларымен келіссөздер жүргізілді.

– Біз Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің ұйымдастыруымен Нидерланд еліне жылыжай жүйесін қалай дамытып жатқандығы туралы мәселелермен танысуға келдік. Мұндағы бірнеше нысанды аралап, жылыжай желісіндегі қолданылып жатқан жаңа технологиялармен таныстық. Жамбыл облысы климаттық жағынан алып қарағанда жылыжай желісін дамытуға өте қолайлы. Біз бүгінде облыс әкімінің тапсырмасымен осындай жылыжай желісін дамытуға арналған арнайы жер учаскесін белгіледік. Сол жерлерде өзіміздің алған тәжірибелерімізді пайдаланатын боламыз. Осы елден инвесторлар келіп, жұмыс істейді деген сенімдемін, – деді облыс әкімінің орынбасары Қанатбек Мәдібек.

Делегация Нидерландының жылыжай кешендерінің 80 пайызы шоғырланған Вестлэнд провинциясына барып, жылыжай шаруашылығын дамытудағы мемлекеттік органдардың қызметімен танысты.

Жылыжай шаруашылығының ең соңғы инновациялық технологияларын шоғырландырған «Koppеrt Cress», «Certhon», «Tomatoworld» компанияларының жұмысындағы басты ерекшелік – жоғары өнімділік, өндірістің ғылыммен үйлесімділігі. Аталған жылыжай кешендерінде 1 шаршы метрден 80 келіге дейін қызанақ алынуда.

 

Есет ДОСАЛЫ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support