- Advertisement -

Еңбек адамдары – ұлт игілігінің қайнар көзі

76

- Advertisement -

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында «Еліміздің басты құндылығы – адам. Бұл – айқын нәрсе. Сондықтан, ұлттық байлықты тең бөлу және баршаға бірдей мүмкіндік беру – реформаның басты мақсаты. Ұлт саулығы жақсы болса ғана, қоғам орнықты дамиды» дей келе, ел азаматтарының мүддесін жоғары қояды. Міне, сол ел адамдардың еңбек ұжымдары мен өндірістік кәсіпорында азаматтық құқығын қорғайтын бірден-бір қоғамдық ұйым, ол – кәсіподақ.

Президентіміз Қазақстан кәсіподақтары федерациясының ХХVІ съезінің делегаттарына жолдаған Жолдауында «Кәсіподақтар – еңбек адамының құқықтарын қорғау, оның лайықты тұрмыс сапасы мен жұмыс жағдайын қамтамасыз ету жолында мәртебелі миссия атқаратын аса маңызды заманауи қоғамдық институттың бірі. Түрлі кәсіппен айналысатын еңбек адамдары – ұлт игілігінің қайнар көзі. Біз еңбекті Қазақстан қоғамының негізгі құндылығы ретінде дәріптеуіміз керек. Бұл – менің нақты ұстанымым. Осыған байланысты кәсіподақтарға ерекше міндет жүктеледі. Бүгінгі кәсіподақ – Қазақстандағы азаматтық қоғамның басты белгісінің бірі» дейді. Бүгінде Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының мәртебесін асырып, беделін арттырып, әлемдік деңгейде еңбек адамдарының мүддесін қорғап жүрген арда азаматтың бірі және бірегейі, ол – қазіргі таңда Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин.

«Жамбыл облысы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Бағлан Қарашолақовтың айтуынша, Сатыбалды Дәулеталин бұл салаға серпін мен тың серпіліс әкелген азамат. Ол бұл жүгі салмақты, жауапкершілігі зор қызметке қалай келді? Өткенге шегініс жасап көрейік, бұған дейін ол ҚР Кәсіподақтар федерациясы төрағасының бірінші орынбасары лауазымын атқарып келген еді. Ол аталған кәсіподақтар федерациясына мүше кәсіподақ ұйымдары мен кәсіподақтар қозғалысы ардагерлерінен түскен өтінімдер негізінде КФ төрағасы лауазымына кандидат болып тіркеліп, ұсынылды.

Сол тұста елімізде пандемия жүріп жатқан болатын. Сол еліміздегі төтенше жағдайларға байланысты тұңғыш рет Бас кеңестің күн тәртібін қарастыру дистанционды режимде өтті. Сөйтіп онлайн дауыс беру нәтижесінде Сатыбалды Дәулеталиннің кандидатурасы Бас кеңес мүшелерінің көпшілігінің даусымен қолдау тапты. Сонымен көп жылдардан кейін бірінші рет кәсіподақ ортасынан шыққан өкіл басшылыққа осылай келген болатын. Жаңа сайланған төрағаның Кәсіподақтар федерациясындағы еңбек өтілі 2015 жылдан басталған. Содан бері Сатыбалды Дәулеталин кәсіподақтар қозғалысының дамуына елеулі еңбек сіңірді, еліміздің кәсіподақтар қозғалысының көшбасшылары арасында үлкен сенім мен зор құрметке ие болып отыр.

Жоғарыда айтқанымыздай Сатыбалды Дәулеталинның бұл қызметке келуімен салада көп өзгерістер орын алыпты. Қандай жиын, басқосу болмасын ол ең алдымен қарапайым жұмысшы адамдардың мүддесін алдыңғы орынға шығара білген. Мәселен, ол ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің кеңейтілген алқа мәжілісінде еңбек адамдарының көкейінде жүрген мәселелерді билік назарына жеткізді.

Кәсіподақтар федерациясы жетекшісінің айтуынша, бүгінде Қазақстанда еңбекке ақы төлеу саласына қатысты көптеген сұрақ туындауда. «Қазіргі еңбекке ақы төлеу жүйесінің деңгейлік «аномалия» параметрлері және дифференциациясы экономикалық қызмет түрлерін, шаруашылық субъектілерін, кәсіби- біліктілік топтарын және экономикалық қатынастарды бұзады, сондай-ақ әлеуметтік өзара қарым-қатынасқа салдарын тигізіп, экономикалық өсімді тоқтатады. Сондықтан жедел түрде еңбекке ақы төлеу базалық институттарын өзектендіру қажет. Ол еңбек нормаларын, Бірыңғай тарифтік кестені, кәсіби стандарттарды, ең төменгі жалақы белгілеу әдістемесін қамтиды. Жалақы төлеу саласында минимум кепілдік деңгейі төмендігі осы мәселеде жұмыс берушінің талабын күшейтуге және жұмыскердің лайықты жалақы алу құқығын жүзеге асыруын барынша қиындата түсуге жол береді», – деді ол.

Сатыбалды Дәулеталиннің пікірінше, елдегі әлеуметтік-саяси жағдайдың басқарылу тетігін қалыпты деңгейде сақтап қалу үшін сапалы еңбек қатынастарын қалыптастыруға жоспарлы түрде келу керек. Сондай-ақ, ең алдымен лайықты жалақы төлеуге қол жеткізілуі тиіс.

«Арзан еңбек экономиканы күйретеді. Бұл – мәнсіз өмір десе болады, өйткені адамдар отбасын асырау үшін жұмыс күнінен кейін тағы да «жанталасып жүгіруіне» тура келеді. Лайықты еңбек арзан болмайтынын біз түсінуіміз керек! Бағаланбаған еңбек кедейлік туралы түсінікті орнықтыра түседі. Әлеуметтік және экономикалық қорғансыздық салдарынан қатардағы көптеген жұмыскерлер үрейленіп, ашына түседі. Олар өз құқықтарын және отбасыларының мүддесін қорғау үшін ақылға сыйымсыз және ақырғы іс-әрекеттерге баруы мүмкін. Осындай көңіл- күймен Жаңа Қазақстанды құру және дағдарысты еңсеру мүмкін емес», – деп санайды Сатыбалды Дәулеталин.

«Біздің пайымдауымызша, бейнелей айтқанда қазақстандық жұмыскерлермен жаңа еңбек келісіміне қол қою қажет. Соңғы отыз жылдағы «ескі» еңбек шартының күші сарқылды, ол жұмыскерлердің табысын өсірмейді, экономиканы алға сүйремейді. Жұмыскердің табысын арттыруға бағытталған мемлекеттік әлеуметтік және экономикалық саясатқа күрделі өзгерістер қажет. Бұл өзгерістер жұмыскерге (кәсіподақ ұйымы арқылы) жұмыс берушімен арадағы еңбек дауын шешуге араласуға, оның ішінде қазіргі әлеуметтік диалог жүйесін толықтырып, қолданыстағы бюрократиялық рәсімдерсіз ереуіл өткізуге құқық береді. Оның мәні жұмыскердің табысын арттыруды және құқық алаңында жұмыс берушімен қатынасын анықтап алуға мүмкіндік береді. Бұл жерде әңгіме еліміздегі әлеуметтік шиеленістің азаюы жөнінде ғана емес. Әңгіме әлеуметтік әділеттіктің қалпына келуінде, жұмыскердің жұмыс берушіге және мемлекетке сенімі жөнінде», – дейді ол. Қарап отырсаңыз, Сатыбалды Дәулеталиннің алысты болжай білетін, танымы кең азамат екенін, қала берді еңбек адамының жұмысын қаншалықты жоғары бағалайтындығын аңғару қиынға соқпайды.

Сатыбалды Дәулеталиннің саясатта да алар өзіндік орны бар. Бұлай деуімізге себеп те жоқ емес. Ол өзінің ойлау өресі мен жоғары қабілетінің арқасында шетелдік әріптестерінің алдында биік абыройға ие бола білді. Соның бір айғағы, 2022 жылдың қарашасында Австралия еліндегі Мельбурн қаласында әлемнің 163 елінен 176 миллион адамды біріктіретін Халықаралық кәсіподақтар конфедерациясының (ХКК) V конгресінде мыңнан астам кәсіподақ көшбасшылары мен белсенділері жаһандық күн тәртібін талқылау және Жаңа әлеуметтік келісімшарт туралы Декларацияны қабылдау үшін жиналған еді. Осы жиында ХКК Бас кеңесі Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының бірнеше жыл бұрын тоқтап қалған мүшелігін қалпына келтіру туралы шешім қабылдады.

Сол сияқты 2021 жылдың 10 қарашасы күні Өзбекстан астанасы – Ташкентте өткен кәсіподақтардың халықаралық форумында өзінің нық ұстанымымен ерекшеленді. Ол форумда Сатыбалды Дәулеталин Өзбекстан Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Кудратилла Рафиков және Тәжікстан Тәуелсіз кәсіподақтар федерациясының төрағасы Маликшо Нематзодамен бірлесе әріптестік байланыс орната отырып, Орталық Азия елдерінің кәсіподақтары кеңесін (ОАЕКК) құру туралы хаттамаға қол қойған еді.

Сол кеңесте Сатыбалды Дәулеталин Кеңес қызметінің бағыттары бойынша бірқатар ұсыныстар жасады. Атап айтсақ, «Біріншіден. Жыл сайын Орталық Азия елдерінің Субөңірлік кәсіподақ форумын өткізу, онда біз кәсіподақ қызметінің өзекті мәселелерін талқылап, ортақ көзқарастарды әзірлей аламыз. Бірінші форумды 2022 жылы Қазақстанда өткізуді ұсынамын. Екіншіден. Өзбекстан Кәсіподақтар федерациясы жанынан құрылатын Кәсіподақтар академиясының базасында (егер өзбекстандық әріптестер келіссе) Бірыңғай білім беру хабын қалыптастыру, онда біздің өкілдер тұрақты негізде жаңа білім алып, кәсіподақтың озық тәжірибелерімен алмаса алатын болады. Үшіншіден. Біздің елдердің кәсіподақ шипажайларында кәсіподақ мүшелеріне санаторлық-сауықтыру қызметтерін көрсету үшін кәсіподақтық сауықтыру және туризмнің бірыңғай картасын әзірлеу», – деп Сатыбалды Дәулеталин осылай өз көзқарасымен бөліскен-ді.

Жалпы, Сатыбалды Дәулеталиннің төрағалығымен Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының халықаралық деңгейде қазіргі таңда атқарып отырған және жоспарда бар ілкімді іс-шараларының ауқымы кең. Солардың тағы бірі – 2023 жылы Қазақстанда ХЕҰ мен ХКК өкілдерінің қатысуымен бірінші форумды өткізу жоспарлануда. ОАЕКК аясында Орталық Азиядағы жұмысшы жастардың мәселелерін қарастыратын Бірінші Жастар форумын да өткізу болжануда.

Еліміздегі ең ірі кәсіподақ ұйымы болып табылатын Кәсіподақтар федерациясының ішкі жұмыстары да Сатыбалды Дәулеталиннің басшылығымен жандана түскенін байқау қиын емес. Мәселен, кәсіподақтар жариялаған «2021 жыл – Бастауыш кәсіподақ ұйымы жылы» жарияланған тұста төраға кәсіподақ мүшелерінің санын арттырып, бастауыш ұйымдарды көптеп ашуға күш салды. Нақты айтсақ, соңғы екі жылда 1338 жаңа бастауыш кәсіподақ ұйымдары құрылып, кәсіподақ мүшелерінің саны 102 мың адамға артты. Бұл жұмыс бүгінгі таңда да өз жалғасын тауып келеді. Сол сияқты 2022 жыл кәсіподақ көшбасшыларымен келісе отырып «Әлеуметтік әріптестік жылы» деп жарияланған болатын. Бұл жыл аясында республикалық, салалық деңгейлердегі келісім шарттардың мазмұнына баса назар аударылып, еңбек адамына ұтымды тұстарын күшейтуге көңіл бөлінді. Соның арқасында төрағаның басшылығымен жүргізілген жұмыс барысында елімізде Ұжымдық шарттардың саны едәуір артты. Яғни, республика бойынша соңғы екі жыл көлемінде ұжымдық шарттардың саны 8,7 пайызға жоғарылап отыр. Бұл да Сатыбалды Дәулеталиннің еңбегінің жемісі.

Тағы бір төрағаның айтылмай қалған қыры, еңбек адамының кәсіпорындағы қауіпсіздігіне басымдық беруі, оның қауіпсіздігін қорғауға бағытталған ұсыныстары мен жобалары. Бұл ұсыныс кезінде барлық кәсіподақ төрағалары тарапынан қолдау тапқанымен, өнеркәсіп ұйымдары бұл мәселені айналып өтуге тырысты. Бірақ Сатыбалды Дәулеталиннің талабы мен табандылығы жұмысшылардың қауіпсіздігін бірінші орынға шығарды. Соған қарамастан Кәсіподақтар федерациясы 2023 жылды «Қауіпсіз еңбек жылы» деп жариялады. Осы арқылы қоғам назарын өзіне аудара білді. Осылайша ол қоғамның да назарын өзіне аударып, бірінші кезекте жұмысшылардың жұмыс орнындағы қауіпсіздігі мен оның өмірін сақтап қалуды алдына үлкен мақсат етіп қойды. Бүгінгі таңда өндіріс ошақтарында жұмыс берушілер жұмысшылардың еңбек қауіпсіздігінің сақталуын алдыңғы орынға шығаруда. Бұл да Сатыбалды Дәулеталиннің табандылығының жемісі деуге болады.

Биыл 27 қаңтарда Астанада Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының ұйымдастыруымен «Жаңа қоғамдық келісім: әділетті еңбек қатынастары» атты әлеуметтік әріптестердің форумы өтті. Форумда Әлеуметтік әріптестік жылы аясында өткен жылдың қорытындысы да қаралған болатын. Оның жұмысына Кәсіподақтар федерациясының және оның мүше ұйымдарының кәсіподақ көшбасшылары, Әзірбайжан, Молдова және Түркия ұлттық кәсіподақ орталықтарының басшылары, Халықаралық еңбек ұйымы мен Халықаралық кәсіподақтар конфедерациясының өкілдері, сондай-ақ, әлеуметтік әріптестер қатысты.

Сол басқосуда Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин қатысушылар алдында сөйлеген сөзінде кәсіподақтар Мельбурн қаласындағы Халықаралық кәсіподақтар конфедерациясының V Конгресінде қабылданған Жаңа әлеуметтік келісім тұжырымдамасы аясында әділетті еңбек қатынастарын құруда жаңа қадамдар жасауды ұсынып отырғанын атап өтті. «Дүние жүзі бойынша еңбек саласын дамытудың ең маңызды шарты – адамға бағытталған жаңа әлеуметтік келісімді қалыптастыру және лайықты еңбек жағдайларын қамтамасыз ету, бұл өз кезегінде аймақтық, ұлттық және жаһандық деңгейде әлеуметтік-экономикалық жүйелердің тұрақты дамуына ықпал етеді», – деді ол өз сөзінде.

Сатыбалды Дәулеталин жұмыс істейтін азаматтардың табысын бөлудегі теңсіздік пен кедейшілік мәселесін шешуде кәсіподақтардың рөлі ерекше екенін үнемі айтып келеді. Ол: «Біздің мақсатымыз – көпшіліктің мүддесі үшін, яғни, бүкіл қоғамның тұрақты дамуының мүддесі үшін ұлттық табысты қайта бөлуге белсенді түрде ықпал ету. Әлеуметтік әділеттілікті алға бастыру – бүгінгі күні кәсіподақтардың алдында тұрған басты міндет», – деп есептейді.

«Әлеуметтік әріптестіктің мазмұндық бөлігінде құрметтің үш түрін көрсету керек – Еңбек адамына құрмет, азаматтардың еңбегін құрметтеу, еңбек қатынастары тараптарының мүдделерін құрметтеу». Осы бір үш қағида Сатыбалды Дәулеталиннің басты ұстанымы болды. Бұл ұстанымынан айнымаған ол кез келген жиын мен халықаралық форумда еңбек адамына құрмет, яғни, жоғарыда келтірген ұстанымын әрдайым бірінші орынға қойып отырды.

Сатыбалды Дәулеталиннің айта берсе, қоғам өмірінде табысы мұнымен де шектеліп қалмайды. Мәселен, оның бастамасымен 2022 жылдың 6 қазанында Орталық Азия елдерінде әлеуметтік әділдікке жету жолын алға бастыру үшін ОАЕКК мүшелері мен Халықаралық еңбек ұйымы арасында Алматы декларациясына қол қойылды. «ОАЕКК ХЕҰ әріптестерімізден толық қолдау көруде. Біздің ортақ мақсатымыз – Кеңестің рөлін күшейту және өңіріміздегі 15 миллион жұмыскер үшін лайықты еңбек пен әлеуметтік әділдікті қамтамасыз ету үшін ортақ әлеуетімізді кеңейту. Әлеуметтік әділдікті қалпына келтіру – бүгінгі кәсіподақтардың алдында тұрған басты міндет», – деп атап өтті Сатыбалды Дәулеталин.

Оның айтуынша, еңбек саласын дамытудың ең маңызды шарты – Еңбек адамына бағытталған Жаңа қоғамдық келісімді қалыптастыру.

ҚР Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин бастаған делегация 2021 жылы облысымызда жұмыс сапарымен болған кезде өңірдегі кәсіподақ жұмысының ілгері басуына көп септігін тигізді. Өңірдегі кәсіподақтар бірлестігі тарапынан барлық ақпарат төрағаның назарына ұсынылды. Сол басқосуда әлеуметтік әріптестік пен әлеуметтік және еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі өңірлік үшжақты комиссия мүшелеріне қарата айтқан сөзінде Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин кәсіпорындардағы жұмыскерлердің әл-ауқатын жақсарту бойынша әлеуметтік әріптестіктің барлық тараптарының бірлескен өзара іс-қимылы қажет екенін атап өтті.

«Бір жағынан, өңірдегі даулы жағдайдың барынша аз болуы әлеуметтік және еңбек саласындағы мәселелердің туындауының алдын алу жөніндегі жұмыстың тиімді жүргізілетінін көрсетеді. Әлеуметтік әріптестік тараптарының өзара іс-қимылы, Жамбыл облысындағы әлеуметтік әріптестік пен әлеуметтік және еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі үшжақты комиссия отырыстарында еңбек дауларының алдын алу мәселелерінің тұрақты талқылануы осыны дәлелдейді», – деп Сатыбалды Дәулеталин облыста атқарылып жатқан жұмыстарға оң бағасын берген еді.

Осы басқосуда «Жамбыл облысы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Бағлан Қарашолақов та аймақта атқарылып жатқан жұмыстардың барысына тоқталып, есеп берген болатын. Яғни, Сатыбалды Дәулеталин оң баға бергеніндей аймақта аз жұмыс атқарылмаған. Ауыз толтырып айтарлықтай жұмыстар сол жиында айтылып, лайықты бағасы да берілген еді. Жалпы, Кәсіподақтар федерациясының бастамалары негізінде облыстық кәсіподақ ұйымдарының жұмыстары оң нәтиже беріп отыр. Мәселен, бастауыш кәсіподақ ұйымдары жылы аясында – 2021 жылы облыста 56 жаңа бастауыш ұйым құрылып, мүше саны 2499 адамға жетті. Ал, әлеуметтік әріптестік жылы аясында ұжымдық шартпен қамту жұмыстары жанданып облыста 10,4 мың ұжымдық шарт жасалып, бұл шарамен кәсіпорындардың 94 пайызы қамтылған болатын. Бүгінгі таңда облыстық кәсіподақтар жұмысының ілгері басуына оның өңірдегі 15 салалық кәсіподақ ұйымдарының қосып отырған үлесі де аз емес. Бүгінгі таңда облыс көлемінде 124 мыңнан аса кәсіподақ мүшелерін қамтитын 1404 бастауыш ұйым жұмыс істеуде.

Кәсіпорындар арасында ұжымдық шарт жасасу кәсіподақтар алдында тұрған үлкен міндеттің бірі. Облыста өткен сол басқосуда: «Облыс, қала және аудандарда ұжымдық шарттардың мазмұнын талдау жөнінде кәсіподақтар мүшелерінің қатысуымен сарапшы топтарын құруды біз Үкіметке ұсындық. Өйткені кез келген кәсіпорынның «конституциясы» болып табылатын құжат ол – ұжымдық шарт. Оның сапалы мазмұнда болуының арқасында жұмыс беруші мен жұмыскерлер арасындағы қарым-қатынастың көптеген даулы мәселелерінен құтылуға болады», – деп атап өткен еді Сатыбалды Дәулеталин. ҚР Кәсіподақтар федерациясы төрағасының сөзінше, соңғы кездері еңбек даулары мен кикілжіңдерінің басты себебі – жалақының төмен болуы. Екінші себебі – жұмыс берушілердің жұмыскерлермен келіссөз жүргізуге құлқы болмауы.

«Жұмыс беруші кәсіпорынның табысы мен оның өркендеуі қарапайым жұмыскердің көңіл- күйіне, олардың жалақысына қанағаттануына тікелей байланысты екенін толық түсінбейінше, еңбек дауларынан арыла алмайды. Барлық әлеуметтік әріптестерді, яғни, жұмыс берушілерді өз кәсіпорындарындағы жұмыскерлермен осындай қарым-қатынастан бас тартуға шақырамын», – деді Сатыбалды Дәулеталин қорытынды сөзінде.

Ол Жамбыл облысына жұмыс сапары барысында көп мәселенің басын ашып айтты. Кәсіподақтар өкілдері тарапынан айтылған барлық талап-тілектер Кәсіподақтар федерациясының назарынан тыс қалмайтынын да сауатты жеткізіп, өзінің қолдауын сөзімен ғана емес, бастамаларымен де аңғартқан еді.

Биыл Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы Орталық Азия елдерінің кәсіподақтар кеңесіне төрағалық ету қызметін бастады. Өткен жылы Кеңес мүшелерінің бір ауыздан қабылданған шешімімен Ұйымның Бас хатшысы болып қазақстандық кәсіподақтардың көшбасшысы, Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин сайланған болатын. Бұл міндетті де ол жауапкершілікпен атқару үстінде. Жалпы, бүгінгі таңда Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы құрамында 23 салалық, 17 аумақтық кәсіподақ бірлестігі, 16 мыңнан астам бастауыш кәсіподақ ұйымдары болса, онда 1,7 млн. жуық кәсіподақ мүшесі бар.

Қорыта айтқанда, Сатыбалды Телағысұлының байыпты да байсалды, ерекше дилпломатиялық сарындағы көшбасшылығы қандай жұмысты бастаса да, қандай жобаны қолға алса да ілкімді істер мен батыл бастамаларымен ерекшеленіп тұрады. Еліміздегі індет жағдайында ол өзін еңбек адамының шынайы жанашыры ретінде көрсетті. Ісімен дәлелдей алды. Тәуелсіздік жылдары бастары бір қазанға сыймай келген 3 ірі республикалық кәсіподақтар бірлестігін бір орталыққа жинап, Үкіметпен, жұмыс берушілер қауымдастығымен бірлесе отырып Бас Құжатты қабылдауға қол жеткізілді. Әртүрлі объективті және субъективті себептермен мүшелігі тоқтап немесе арақатынас алшақтап қалған халықаралық кәсіподақтар қауымдастықтарымен «әріптестік көпірі» қайта жалғана бастады. Бір сөзбен айтқанда, мұның барлығы да Сатыбалды Дәулеталиннің қажырлы еңбегі мен табанды іскерлігінің жемісі. Мұндай ардақты азамат қандай болса да құрмет пен үрметке лайық!

 

Марат ҚҰЛИБАЕВ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support