Әмедия палуанның ерлігі

Әмедия палуанның ерлігі
ашық дереккөз
Әмедия палуанның ерлігі
Жаз айларында Көкдаладағы жайлауда ол кісінің үйімен көп жыл көршілес отырдық. Ол кісінің жүріс-тұрысы ауылдағы шаруашылықтың белсенді басқарушыларының біріндей көрінетін. Біз балалар ол кісіні көбінесе Маршал Буденныйға ұқсататынбыз. Әйтеуір тегін адам емес, бір ерекше қасиеті болуы керек деп өзіміз іштей жобалап, топшылайтынбыз. Кейінірек ол кісіні жұрт «Әмедия палуан» деп атайтынын естіп жүрдік. Ел арасында алып күш иесі, ертеде трактор жүргізген. Бригадир болған. Елге абыройлы іс істеген деген сияқты сөздер айтылып жататын. Біз бұл сөздерді естігеніміз болмаса, сөздің байыбына бара бермейтінбіз. Кім күшті емес, кім трактор жүргізбеді, деп іштей талқылап қоятынбыз. Ол кісі ірі қара мал бағатын. Баласы Бердалы ол кісінің көмекшісі болатын. Ол кісінің жұбайы Кенжекүл апа әкейдің нағашы қарындасы болып келеді. Көбінесе қонаққа жиі шақырысып тұратын. Жанат деген қызы менімен бірге Көкдала бастауыш мектебінде қатар оқитын. Рысжан келіні сондай мейірімді жан еді. Төменгі Шу бойынан Жайлаукөл совхозы ашылып, төменгі Талас бойындағы Көкдалада отырған ел сол жаққа көше бастады. Алдыңғылардың бірі болып, Әмедия ағайдың үйі де көшіп кетті. Адамдар да қызық. Тірі кездерінде адамдардың жақсысы жоқ, өлгеннен кейін бәрі жақсы деген түсінік айтылып келеді. Кейбір отырыстарда ерлік, батырлық туралы сөз айтыла қалса ауылдастардың арасында Әмедия қарияның аты айтыла бастады. Айтылғанда қалай. Аңыз, үлкен ерлігі, батырлығы, палуандығы туралы құлшына айтады. 1950 жылы Шу-Мойынты теміржолының құрылысы басталғаны белгілі. Осы құрылысқа облыстың әр аудандарынан жұмысшылар шақырылады. Сарысу ауданынан да аудандық Совет атқару комитетінің хатшысы Айтбай Назарбеков жұмысшыларды бастап барады. Алғашқы кезде құрылыста жұмыс істеу қиынға соғыпты. Жергілікті жердегі, құрылысқа жан-жақтан келген өзге ұлт өкілдері сырттан келген жұмысшыларға әртүрлі қысым көрсете беріпті. Бірі басқаның тамағын жеп отырған жерінде қару кезеп, пышақ көрсетіп тартып жеуді әдетке айналдырса, бірі соққыға жығатын болған. Солардың бір тобы Сарысудан барған жұмысшыларға да соқтығыпты. Түсте киіз үйде ет жеп отырса, 4-5 адам қолында пышағы бар, кіріп келіп алдындағы еті бар табақты алып кеткен көрінеді. Олар кеткен соң, Әмедия: «Айтбай, мына жағдай сүйегімізге таңба болды. Менің ел арасында «Әмедия палуан» деген атым бар ғой. Бұлай нәсібімізді, тамағымызды өзгелерге жегізіп қоя алмаймыз. Менің қолым мен аяғым тез қимылдайды. Алдыма келген адамды көз ілеспес жылдамдықпен құлатып саламын. Жұдырығымнан ауыр соққы алғандар көпке дейін есін жинай алмай жүреді. Бәлкім өліп кетуі де мүмкін. Сендер менің артқы жағымнан пышақ салып алмауын қадағаласаңдар, мен аянбай іске кірісемін. Осыған келісейік», деп жерлестеріне ақыл тастайды. Бәрі мұны қолдайды. Келесі бір келген келімсектерді Әмедия орнынан тұра салып, көзді ашып, жұмғанша естерінен тандырып тастайды. Олар осыдан кейін қайтып келмей кетіпті. Сөйтіп бұзақылар Сарысулық жұмысшыларға келмейтін болыпты. Жұмыс уақыты аяқталып жұмысшылар ауылдарына қайта бастайды. Жұмысшылардың жетекшісі Айтбай Назарбеков Әмедияны қасына алып, тиісті еңбекақыларын алып қайтуға Мойынтыда қалады. Ақша қаражаты қолдарына тиіп құмдағы сексеуіл арасымен Шу теміржолдарына келіп, поезға билет алып, Жамбылға қайтпақшы болып келе жатса алдарынан 5 бұзақы шығып, ақшаларын тартып алуға шабуыл жасайды. Айтбай: «Сен ақшаны алып, Шу стансасына барып билет ала бер, тірі қалсам бір сағат көлемінде барамын. Бармасам, елге сәлем айт. Осы жерде қалармын», деп бұзақылармен айқаса кетеді. Айтекең Шу стансасына жетіп, поезд жол бастығының кабинетіне кіріп, жағдайды айтып, екі билет алып отырғанда Әмедия кіріп келеді. «Не болды?», деген Айтекеңнің сұрағына: «Бесеуі де шала жансар қалды. Мені қамаймын десеңдер қамаңдар, соттаңдар», – дейді. Поезд жол бастығы: «Сені туған анаңнан айналайын, міне екі билеттерің, елдеріңе аман-есен қайтыңдар, – деп батасын берген екен. Сол Айтекең көп жылдар Мойынқұм аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болып қызмет атқарған жылдары Сарыарқаға мал жайлауға шыққанда малды аралауға барғанда бір шетте сиыр бағып отырған Сарысу ауданының ірі қара бақташысы Әмедияның үйіне барып қонып жүреді екен. Мұны күндеген Мойынқұмның кейбір ферма меңгерушілері біздің қонақтарға арнап тігілген алты қанат ақ киіз үйіміз тұрғанда, айдаладағы қараша үйлі ірі қара бақташысы Сарысудың адамдарының үйіне барып қонатыныңыз қалай деп өкпе-наз айтады екен. Сонда Айтекең осы сырды ашса керек. Кейін Айтбай ағаймен бір екі жерде дәмдес-тұздас болдым. Сондай бір сәтте осы жағдайдың қаншалықты шындыққа сәйкес келетінін сұрадым. Ол кісі терең ойланып, әңгімені әріден бастап кетті. «Соғыстан кейінгі жылдар еді. Мен өзі Ұлы Отан соғысына басынан аяғына дейін қатысқан адаммын. Елге оралып аудандық Совет атқару комитетінде нұсқаушы, бөлім меңгерушісінің орынбасары, жауапты хатшы, бірінші орынбасары қызметін атқардым. Сол жылдары жоғарғы жақтан Амантай Дәулетбековке Кеңес Одағының Батыры атағы беріліп, оның туыстары іздестіріле бастаған екен. Себебі, батырдың наградаларын тапсыру керек болыпты. Батырдың туған жері Жамбыл облысының Сарысу ауданы, сол жақта туыстары тұруы мүмкін, іздестіріп мемлекеттік награданы тапсырыңдар деген нұсқау алдық. Награданы тапсыру міндеті маған тапсырылған еді. Мен сұрастырып жүріп, батырдың ағалары ағайынды Жәпел мен Сопының Жайлаукөлде тұратынын білдім. Жайлаукөлге келіп, Кеңес Одағының Батыры Амантай Дәулетбековтің «Кеңес Одағының Батыры» алтын жұлдызы мен ай сайын төлеп тұратын 10 сом жәрдемақысын немере ағасы Жәпелге тапсырдым. Ол кезде шаруашылық жаңадан ұйымдастырылып жатқан кез еді. Шу арнасының бойында Приходка деген балықшы орыс тұратын. Ол балық аулайтын. Содан кейін құрылысы басталған Шу-Мойынты теміржолына Сарысу ауданынан жұмысшыларды басқарып апардым. Алғашқы кезде жұмысшылардың тұратын жері, тамағы қиындау болды. Онымен қоса жан-жақтан келген көп ұлттың өкілдерінің тіл табысып жұмыс жасауы оңай бола қойған жоқ. Ұрлық та, қарлық та болмай қалған жоқ. Кейбіреулер күш көрсетіп, сырттан келген момын халық өкілдеріне әлімжеттік жасағаны да байқалды. Бірақ, кейіннен бәрі орнына келді. Мына бір жай есімнен кетпейді. Жоғарыда айтқанымдай, киіз үйге кіріп табағымызды рұқсатсыз алып кеткендердің сазайын берген едік. Жұмысты аяқтап, бір қап ақшаны соңынан алып қайттық. Сөйтсек, олардың бізден кек қайтармай жүргенінің өз есебі бар екен. Олар біздің ауылға қайтуымызды күтіп жүріпті. Қыс ызғары біліне бастаған кез еді. Жұмысшылар өздеріне бекітіліп берілген жоспарды орындап елдеріне қайта бастады. Еңбекақылары кейінірек берілетін болды. Күтуге тура келді. Ауданнан келген жұмысшыларды Әмедиядан басқасын Шу стансасынан поезға отырғызып, екеуміз қалдық. Бір аптадай күтіп, екі қап ақшаны алып, қалың сексеуілдің ортасымен Шу стансасына жақындап қалғанда ұзын бойлы 5 бұзақы алдымыздан пышағын көрсетіп шыға келді. «Айтбай, сен қаптағы ақшаларды алып Шудағы поезд жол бастығына барып билет алып, елге қайта бер. Мен тірі болсам артыңнан бір сағат көлемінде жетіп қалармын», деп қарсы алдынан келе жатқан бұйра бас дәу қараға қарай ұмтыла берді. Әлгінің құлағанын көрдім. Қалғанын көруге мүмкіндік болмай, қалың сексеуіл ішіне кіріп Шу стансасына қарай тартып отырдым. Ұзаңқырап артыма қарасам қалың сексеуілден ештеңе көре алмадым. Жылдамдатып поезд жол бойындағы станса бастығының кабинетіне келдім. Жағдайды түсінген станса бастығы билеттеріңді алдырып беремін, – деп менің әңгімемді зейін қоя тыңдап отырғанда Әмедия да жетті. Үсті-басы, киімінде қанның тамшылары бар, сыртқы киімінің түймелері үзілген, бетінде тырнақтың сызығы бар. Бес бұзақы ауыр жаралы, сол жерде қалды. Ал, мені соттайсыңдар ма, әлде қамайсыңдар ерік өздеріңде, мен келдім деп қасқайып тұр. Поезд жол бастығы: «Сені тапқан анаңнан айналайын. Сен нағыз қазақтың батырысың. Бір ауданның жұмысшыларының бірнеше айдағы еңбекақысын бұзақылардың қолынан аман-есен алып қалдың. Саған көп рақмет. Өмір жасың ұзақ болсын. Елдеріңе аман-есен жетіңдер. Міне, сендерге Жамбыл қаласына дейін поезға екі билет. Жамбылдан ары қарай елдеріңе автокөлікпен барарсыңдар, – деп сәт-сапар тілеп шығарып салды. Міне, Әмедия палуан батырдың ерлігі», деп әңгімесін аяқтаған еді. Жалпы, Әмедия әулеті өсіп-өнген жандар. Дүйсенбайдан Иманбай, одан Әмедия палуан. Әмедиядан Бердалы, Елубай, Теміржан, Жұматай. Бердалыдан – Берсүгір, Бақытжан, Ержан, Ерлан, Нұрлан, Сақтаған, Манарбек. Теміржаннан Бақыт, Тұрсын. Жұматайдан Мейрамбек, Мейірхан өрбиді. Бұлардың бәрі еліміздің әр өңірінде жұмыс істеуде.  

Майлыбай СМАҒҰЛОВ,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

Сарысу ауданы

 

Ұқсас жаңалықтар