- Advertisement -

Ақкөлдік түлектер үй сыйлады

113

- Advertisement -

Мектепті әр жылдары бітірген түлектердің бүгінде кіндік қаны тамған мекенге тарту жасайтын жақсы дәстүр қалыптасты. Бұл алдымен туған өлкеге, оқыған мектепке, білім берген ұстазға деген құрмет. Көңіл қуантатыны сол, жақсы іс жастарға да жұғысты болып келеді. Түлектердің өзара кеңесіп, ұйымдасуының нәтижесінде қазір ауылға көрік кірді. Олардың демеушілігімен көтерілген нысандардың қатары көбейді. Түлектердің шарапаты мұнымен ғана шектелмейді. Мұқтаж отбасыларына қайырымдылық көрсетіп, сауапты іске себін тигізуде.

Дәл осындай ізгілікке Ақкөл ауылдық округі тұрғындары да куә болды. Жалпы, ақкөлдік азаматтар өңірге жомарттығымен, қайырымды істерімен танымал. Мұнда аз жылдың ішінде ел игілігіне арналған нешеме нысан соғылды. Олардың дені мектепті әр жылдары бітірген түлектердің бастамасымен бой көтерді.

Биыл Ақкөл және Ы.Алтынсарин атындағы орта мектепті 1993 жылы бітірген түлектер бірлесіп, ауыл тұрғындарына қуаныш сыйлады. Ортадан жиылған қаражатқа ауыл ішінен баспана сатып алып, оған күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізді. Көрігі кіріп, дайын болған үйдің кілтін көпбалалы Өтегеновтер отбасына табыс етті. Қоныс той қуанышын бөлісуге аудан әкімінің орынбасары Айтолқын Әбдібекова, аудандық мәслихаттың депутаты Ғалым Қартабаев, ауылдық округ әкімі Жандос Ратов бастаған ауыл тұрғындары жиылды. Игі істің басы-қасында жүрген азаматтарға ризашылығын білдірді. Өз кезегінде Айтолқын Серікқызы мектеп бітіргендеріне 30 жыл толған түлектерге жылы лебізін арнап, аудан әкімінің Алғыс хатын табыс етті.

Бүгінде бір-бір отбасының тірегі болып отырған азаматтар үлкен өмір айдынына қанаттанған 1993 жылы Ақкөл аудан орталығы саналатын. Ондағы екі мектепте білім алған сыныптастардың басын қосқанда бірқауым елге айналатын. Бүгінде олардың бірқатары келмес сапарға аттанған. Кездесуге жиылған түлектер дастарқан жайып, олардың рухына Құран бағыштауды да ұмытқан жоқ. Кіші футболдан турнир өткізді. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге ақшалай сыйлықтар табыс етті.

Одан бөлек, осы түлектер Ақкөл орта мектебінің ауласына мұғалімдердің бір мезгіл тыныстауы үшін құны 1,5 миллион теңгені құрайтын екі самалжай (беседка) орнатып берді.

 

Нарбол ҚАШАҒАН,

журналист.

Талас ауданы

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support