- Advertisement -

Ежелгі қаланың орны табылды

122

- Advertisement -

Жамбыл ауданында осыдан 1000 жыл бұрынғы өркениетке тиесілі Қаракемер қаласының орны табылды. Археологтардың айтуынша, 600 гектар аумақты алып жатқан көне шаһарды көшпенділер мен бірнеше түркі мемлекеттері мекендеген.

Тарихшылар Құмтиын ауылының қасынан табылған Қаракемер қаласының орнын екі бөлікке бөліп отыр. Бірінші төбе мен екінші төбенің арасы 700 метрді құрайды. Археологтар тобының жетекшісі Ералы Ақынбек қаланың хронологиялық жасын VII-XII ғасырларға жатқызып, бірнеше мемлекет арасында алма-кезек ауысып отырғанын айтады.

– Бұл жерде түрік қағанаттары өмір сүрген. Батыс түрік қағанаты, Түркеш, Қарлұқ, Қарахан мемлекеттері тұсында осы қала гүлденіп, салтанат құрған. Ал, қала бірнеше құрылыс кезеңінен тұрады. Кей ғасырда соғылғаны келесі ғасырда құлаған. Қаланың үстінен қайта салынғаны көрінеді. Жергілікті халық бұл жерді Төрткүлтөбе дейді. Осы «Төрткүлтөбе 1»-де көлемі 11х12 метрлік қазба жұмыстары жүргізілді. Басталған жұмыс нәтижесінде бірнеше бөлме орындары анықталды, – дейді археолог Ералы Ақынбек.

Көне шаһардың орнын 1938 жылы кеңестік археолог, шығыстанушы Бернштам анықтаған. Бірақ, кешенді қазба жұмыстары жүргізілмей, зерттеу нысаны ретінде назардан тыс қалып келген. Ал, Әлкей Марғұлан атындағы археология институтының археологтары былтыр қала орнын зерттеуге ниет танытқан. Биыл арнайы грант бөлінгендіктен, 20 күн бұрын қазба жұмысын бастап кетті. Қалашық орнынан шыны ыдыстар, әшекей бұйымдар, майшам, тас диірмен, темір соқа мен мал сүйектері табылды.

Тотығы шыққан темір соқа түркі мемлекеттерінде егін шаруашылығы қарқынды дамығанынан хабар береді. Мамандар шыны ыдыстардың сынықтарына қарап, сол ғасырларда оны балқыту технологиясы жоғары деңгейде дамығанына таңғалады. Ал, жануарлардың қаңқаларына қарап, қала тұрғындары тек ұсақ малды қолда ұстаған деп топшылайды. Ірі қарадан тек сиырдың ғана сүйегі мен асығы шыққан.

«Сиырдың өзі ұсақ түліктің бірі болған дерсіз. Себебі, бойы небары 1,30 сантиметрден сәл ғана асқан. Ал, әшекей бұйымдарды әрлеп-сәндеуде асқан шеберлік жатыр. Мәселен, шыны жасау технологиясы көпті таңғалдырады. Өйткені, шыны сынығын алып, анықтап күнге қарайтын болсаңыз, ауа көпіршіктері де аз. Әдетте ауа көпіршектері көп болатын болса оның балқу температурасы төмен және сапасыз болады. Мынау өте сапалы жасалған. Дәл қазір оны бізге «жаса» деп берсе арнайы аппаратпен жасамасақ, қолдан жасай алмауымыз мүмкін. Қарапайым түрде шыны бұйым жасау үшін 1200 градуста құмды ерітіп, балқыту өте жоғары дәлдікті қажет етеді», – дейді зооархеолог Мәмбет Шағырбаев.

8 адамнан тұратын алматылық археологтар тобы әлі бір ай бойы қазба жұмыстарын жүргізбек. Сондай-ақ, олар жергілікті тұрғындарды да қаланы қазу жұмыстарына тартқан. «Алдағы зерттеу жұмыстары кезінде көптеген тарихи жәдігерлерді тауып қалуымыз мүмкін» дейді олар.

 

Ақжігіт ЖЕТПІСБАЙ,

журналист.

Жамбыл ауданы

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support