- Advertisement -

Мадақ сөздің мазасы жоқ…

88

- Advertisement -

Кеудесінде жаны бар, ойында зерек санасы бар әрбір адам өзінен кейін не қалдыратынын ойлайды, жарық дүниеден өкінішсіз өтуге талпынады. Өмірін жақсартатын амал іздейді. Соның ең бастысы – адалдық пен әділдік жолынан таймай, ар-ұяты мен ожданын сатпай, халықтан алғыс алу. Көпшілікке кісілік мықтылығымен сыйлы болу.

Ал, өзгеге ұқсас, не болмаса азаматтық артық шылығы, шын мәнінде мықтылығы өзінің айнымас ұстанымы мен талапшылдық қасиетінен танылады. Қазір жан-жақтан анталаған түрлі-түрлі мәдени- рухани аласапыранда, адамдардың қалыпты қарым-қатынасының өзі есепке құрылып, ізгілік пен мейірімге зәрулік туындап, тек ашкөздік пен ақшаға суарылған дүниелер қоғамды тұмшалай бастаған уақытта әрбір тұлғаның абыройы мен адал, турашыл сөзі таңғы таза ауадай қажет болып отыр.

Өйткені, «ақша алға шықса, бақыттың жолы жабылады», деген шығыс ойшылдарының мұра сөзі айна- қатесіз шындыққа айналды. Ал, бұл әлеуметтік-тарихи санаға тигізетін зардабы көп мәселе. Сондықтан да көз арбайтын ақшаға, қу-дүниеге қызығу бір басқа, ол жақсы өмір сүру үшін артық етпейтін керек нәрсе десек те ананың ақ сүтімен, әкенің қанымен жаратылған кісі мұраты адамгершілікті асқақтату болар. Алайда, көріп отырғанымыздай, бұл күндері де дап-дардай адамдар егде жасына қарамай, жергілікті билікке жағыну мен дәмелі сый- сияпат, әлдеқандай марапатқа тәуелдіктің салдарынан қай жерде болмасын, әсіресе, жастар мен зерделі адамдар қатысып отырған ортада жүректегі ұятты белге байлап, мақтан сөзді үйіп, төгіп, жағымпаздық пен жәдігөйліктің, бейшаралықтың «үлгісін» көрсету неге екенін қайдам, кейінгі уақытта өршіп барады.

Естіген құлаққа тіптен ыңғайсыз: «Сіз келгелі халық риза», «Мәслихатқа да біз көп жылдан бері күткен ағайын келді» деп жалғаса беретін үйреншікті сөз аясында сөз жарыстыру баяғыдан бері таныс картина. Ешбір өзгеріске ұшырамаған қалпында қалды, апырай, мақтангерлік пен мақтан сөзді арнаудың өзін адалдықпен, өңірдегі жұрт пен қалың қоғам көзбен көріп, құлақпен естіген жаңалықтарымен дәлелдеп айтса, оған кім қарсы бола қойсын, өкінішке қарай, олқы соғып, тіптен олай болмай тұр. Бұл жосықсыздау жағдайдың бас-аяғын, әлеуметтік ортадағы әсерін терең зерделесек, бұл биік және дәмді астау төңірегіннен ұзап шықпайтын «белсенділер» қызметі тұтас ел болып, әділетті Қазақстан құруға жауапкершілікпен атсалысып жатқан тұста қажетті пайдасынан гөрі залал-зияны көп «тәрбие» деп санауға болады.

Бастық көрсе, адымды жүрісінен жаңылатын, жаттанды, әбден жауыр болған жылтыр сөзімен жағымпаздық дертіне ұшырағандардан қарапайым халыққа келер ешбір қайыры жоқ. Арасында ақылсыздықпен өздерінде мақтап былжырайды. Құлдық психологияның салдары баяғы. Ер-азаматтарға жарасатын қасиет – елдің сөзін сөйлейтін, мұңын мұңдап, жоғын жоқтайтын, көз жасын құрғатып сүртуге дайын адам халықтан алғыс алмай ма? Бір қызығы, жергілікті жерде әкім шенеуніктерге жағымпаздық пен жәдігөйлік секілді көріністер әйел кісілер тарапынан жоқтың қасы. Мүлдем жоқ. Аналар айтса, мұң-мұқтажын ашық, кейде қаттырақ айтады. Өздеріне керекті мәселелерді ғана шынайы және ширығып қозғайды.

Абай хакім «Құдайға терістіктен не ар мен ұятқа терістікпен сілкініп, бойын жиып ала алмаған кісі, үнемі жаманшылыққа, мақтанға салынып, өз бойын өзі бір тексермей кеткен кісі тәуір түгіл, әуелі адам ба өзі?» деп айтқан жоқ па?!

Бірлік емес, байлық үшін жұлысқан, Бас басына би болуға тырысқан (М.Шаханов) заман өтер, кетер. Ал, кісілік сөз бен ойды бұзатын жарамсақтық көңіл-күй әкімдікте ме, өзге орындарда ма, мәдениет пен мемлекеттік қызмет тәртібі қатаң сақталуға тиісті ресми жиналыстың өзінде көрініс табуда. Ешбір ретсіз, рабайсыз мақтау сөзді көпіртіп, көзге түсуін жарамсыз не қисынсыз, орынсыз екенін сол лауазым иелерінің өзі де этика тұрғысында сыпайы болса да ескертіп жатпайды. Оған ой-өресі жетпегендігі. Ескі жүйенің жетегінде қалған қалпын көрсетеді. Қалай десек те, ондай түсінік-пиғылдағы әкім-қаралардың болмысы жаңа Қазақстанның халық қалаған рухымен де, саяси бағыт-бағдарымен де сыйыспайды деп білеміз.

Жұрт жасыратын несі бар, қамығатын көп жай жоқ. Бірақ, ел ішінде көңіл толмайтын деп, жергілікті басшылар атына жалған мақтауды шұбыртып, мәймөңкелеп, астына көпшік қойып сөйлеп, дабырлатуға дайын белгілі бір топтардың жағымсыз әрекеттері жалғаса түсіп, тойлар мен концерттерде, салтанатты кездесулерде дақпыртқа айналып, жүрек айнытатын теріс әсері болуына тайды. Қоғамды алаңдатқан өзекті мәселелерді қозғап, жүзеге асыруға салмақты сөздерімен түрткі болудың орнына, өмірден көргені мен түйгені бар кісілердің жалпақшешейлік әрекеттерін билікке жақын жүру жолы деп ұққанын төзгісіз іс деп айыптайды. Шын мәнінде бұл ескіден келе жатқан «дәстүрге» тоқтау болатын түрі жоқ. Бұл пәлекет енді жастарға жұғысты болып, сорламасақ, қанеки?!

Мұндай қоғамдық жарамсыз мінез алға апармайды, шындыққа жетелемейді, керісінше кейде өкпе-реніш, ашу туғызады. Қоғамға да, билікке де бұл қауіпті. Керек десеңіз, мақтау сүйетін мырзаларды енжарлық пен немқұрайлыққа ұйыта түседі. Жемқорлыққа да жол ашуы мүмкін. «Сіз кереметсіз!» деп жарысып, құстай сайрағаннан сан соғып қалған талай дәуірдің суретін көріп отырған жоқпыз ба? Дәл осындай шақта жергілікті басшыларға кейде дәл, кейде асыра мін тағып, орынды сын айтуға ұмтылатын блогерлердің қызметіне алғыс айтқың келеді екен. Сол себепті бұл толғақты тақырып қоғамдық ұйымдар мен бірлестіктерде, саяси партияларда да ашық талқыланып, мәселенің тәрбиелік мәні мен тигізер теріс жағы жеңіл көзқарастағы пенделердің жетесіне жеткізіп айтылғанын жөн санаймыз.

Қазіргі Мемлекет басшысының аса жоғары мәдениеті мен биік ұстанымынан, саяси терең ойлары және адамдармен сөйлесу қарым-қатынасынан табиғи қарапайымдылық пен шынайы адалдықтың өнеге-үлгісін аңғарасыз.

Задында заман зиялысы мен саяси элитаның деңгейіне де көп өзгеріс керек екені даусыз. Мыжып айтатын мақтау сөздің мазасы кеткені рас. Халық жазушысы Шерхан Мұртаза Астанада жүргенінде «Мені де жиындар мен түрлі салтанатты мәжілістерге жиі шақырады. Бәріне бірдей барғым жоқ. Барсаң, май жаққан мақтау мен көтермелеу сөзден құлағың тұнады. Шақырып алып, сені аса бір ілтипатпен құрметтегенсіп, сосын әлдебір жуан дөкейлерді мақтатуға итермелейді не соған мәжбүрлегендей болады. Ардан қалай аттайсың, ел не дейді?». Асыл текті Шераға ар мен ел алдындағы абырой мен ұятты ойлап, оны ашық айтып, жазған. Осы орайда еске түсіп отыр, 90- шы жылдардың белортасынан ауа Алматыда кіл мықты, аузын айға балаған ірі тұлғалар шақырылған Үлкен сарай жиыны болды. Бірыңғай мақтау мен мадақтау сөз тау суындай тасқындап, түсінікті саяси науқанды тұс- тұстан жарнамалап, көңілмен кең көсілген мезеттің бір көлкіген сәтінде қайсар мінезді Шераға сөз сұрап алды да өзіне тән мәнермен, қос қалың қара қасын қайшылап: «Ойнасақ та біраз жерге бардық- ау дегендей, өз ой-пікірлеріңізді айтып жатырсыздар. Бәрі дұрыс. Бірақ, елге бір-бірін қайталау мен құрғақ сөз емес, қайратты іс керек. Сөзді тоқтатайық, ағайындар. Тау жақта қалақай деген ащы шөп өседі. Қанша жерден оған бал жақсаң да қалақай болып қалады» деді. Зілсіз сөз зілді болып естілді. Алтын жалатылған зал ішін үнсіздік басты. Ығай- сығай… Төр басына қарады.

Жиын аяқталды.

Қазір де желпілдеген жағымпаз, мәнсіз мадақ сөзбен өңірлер мен аймақтарда жұрттың ренішін туғызып жүрген «жақсыларға» Шерағаның алмастай бір ауыз өткір сөзі керек боп тұр.

Көрнекті ақын Жұбан Молдағалиев кезінде «Төбелердің көңілі үшін кейде шыңның асқақтығын жасырдық» деген еді. Қазір екінің бірі «ұлы қайраткер», «ұлы тұлға» деп те жүрміз, зер салып қарасақ, олардың көпшілігі тау емес, жай ғана жота екенін аңғарамыз. Бір өкініштісі, нағыз тұлғаны танып, асқақтата алар руханият пен қасиетке тапшымыз. Міне, соған енді әр әкім шенеуніктер билік қызметінде отырғанында «Сізге сенеміз. Көптен күткен едік» деген сыңайда, сосын не істеп, не қойғанын еш сезінбесе де «О, сізге риза болып жатырмыз» деп жарамсақтанған, ал күндердің күнінде қызметі ауысқан жағдайда «Бізді қолдап жүрдіңіз. Жолыңыз болсын!» дегеннен аспайтын «штаттағы» шешендердің «түлкібұлаң қызметі» қосылды.

Орайы келгенде көкейде тұрған бір ойды сабақтастырып жіберсек, бүгінгінің «үлкендері» өсиет айтудан гөрі, өсек айтуға пейіл болып жүргені өкінішті. Отырған орталары мен кездесулерде Абай, Қазтуған, Бұқар жырау, Ақтамберді, Бөлтірік, Жамбыл тәрізді берен жыраулар мен би- шешендердің аталы сөздерін қосып айтар үлкендерді көре алмай келеміз. Қиналатын тұс осы. Өнегені кімнен үйренеді, жастар үлгіні қайдан алады?

Оны ойлап жатқаннан гөрі… Қолында билігі бар адам көрсе, жік-жапар бола қалатыны несі? Адам баласы бір түрлі мақтаннан аман болмағы – қиын іс, деген адамзат ойшылын нені аңғартып отырғанын терең түсінген абзал.

Жақсыны жақсы деуіміз керек. Бұл адалдық үшін абыройлы іс.

Тегінде, қоғамға керегі не? Тұрмысты түзету болмақ. Адамдардың күнкөрісі барлық жерде бірдей жақсы емес. Жергілікті жерде, облыс орталығында, аудан мен ауылдарда жаңа өндіріс орны, жаңа технологиялар көзделген межеде ашылып, кедейшілік пен жұмыссыздыққа қарсы күресті күшейту – басты шарт. Бір ауданда отыз жылдан астам уақыттан бері тым болмаса бір сүт цехы ашылмаса, онда ауыл шаруашылығы саласы оңды дегенге ешкім де сенбейді.

Мемлекет басшысы Үкімет пен әкімдіктердің алдына әлеуметтік инфрақұрылымдарды түбегейлі жаңғырту, ауылдарда мемлекеттік бағдармалар мен жобаларға сәйкес жұмыстарды жүйелі және сапалы жүргізу, шағын және орта бизнесті дамыту, инвесторларды тарту және қоғамдық бірлік пен халықтың пікіріне құлақ асып, азаматтық ашық қоғамды қалыптастыру секілді зор міндеттерді жүзеге асырып, көпшілік сенімін күшейтуге тиіс деп аса қажетті талаптарды қойып отыр. Мемлекет қаржысын бөліп беріп, бюджеттің тиімді жұмсалып, орындалуын бақылаумен ғана әкімдік жұмысы бітпейді. Ел басқару ісі бұйырған екен. Әкім болған азаматтар жауапкершілігі мен міндетін таза мансап тұрғысында қарастырмаған жөн. Қазіргі әкімдер толыққанды мемлекет және қоғам қайраткері биігінен табылуы тиіс. Жеке абырой-беделі, білімі мен алғырлығы, бастамашыл, идеялық тапқырлығы, кісілік мәдениеті мен көпшіліктің тілін таба алатын ақыл-ойы, рухани-ұлттық кесек мінезі және дүниеқоңыздық, сұғанақтық, жерлестік, рушылдықтан ада қадір-қасиеттері атойлап тұруы керек. Бірақ, барлық жерде бірдей бұл талап сақталмайды. Кездейсоқ болмаса да әкім дегенге шапқылап жүрген елгезек жігіт шамасында ғана шырамытып қараса, онда не шығады?

Тағы бір мәселені айтпай тұра алмадық. Ел ішінде… Жұғымсыз жүріс-тұрысымен, лас айлакерлігімен аты шыққан байырғы шенеунік көкелер кейбір жас әкімдердің кадр таңдау және тендрді жеңдіру мәселесінде «сенімді кеңесші, құпия уәзіріне» айналған-ды дегендей алыпқашпа әңгіме көп. Аяқ астынан олардың «сыйлы» тұлғаға айналуы да осындайда бекер емес дейді. Өзгенің көлеңкесінде тұрғанның өз көлеңкесі болмайды. Өз көлеңкесі болмаса – өлгені дейді.

Жалпы қарапайым адамдар әкімдердің бір ғана жағымсыз әрекетін көрсе болды, көңілі қалады. Егер белгілі бір өңір қылмыстың көбеюі мен сыбайлас жемқорлық мәселесі бойынша алдыңғы орынды бермейтін болса, онда мемлекеттік тәртіпті бұзу мен ашкөздік жайлаған деген сөз. Қоғам дертіне айналған жегі құрттың жиі орын алу себебін енді алыстан індетіп іздеудің қажеті жоқ.

Мұндайда мадақ емес, сын айтылуы керек емес пе?

Есті адам ел пікірін ескеретін болса, екінің бірінде есі кетіп сөйлемес еді ғой мінберден?! Жоқ, олай емес. Тек мақтау керек, «айтсам өз сөзім» деп өзеурейді. Ал, мақтауға үйренген мырза сол сөзді сағынып тұрады ма, ел естісін дей ме, міз мақпайды. Бұл жағынан жарыс, бәсеке де бар секілді. «Жақсы кісілер еді… жұрт алдында жағымпаздық пен жалпақшешейлікке қалай дәті барады?» деп те ойлайсың. Өзгенің емес, өзінің алдында қадірін кетіргендер күштілер мен тістілерге жалбақтаудан ұялмайтын әдетін қоятын сыңайы байқалмайды. Халық «Жағымпаздық жардан жығады» деп те айтқан.

Қоғам өмірінде өңкей өтірік пен өңмең деген пиғылдар, жағы талмайтын жағымпаздық арқылы талай дүниенің ойранын шығарады. Бүлдіреді. Жаңғырту мен жаңаруға кесірін тигізеді. Біз бұған сақ болуымыз керек. Сананы сергітетін, жадыны жаңғыртатын ұлттық, халықтық құндылықтарды қастерлеу үшін жоғары мәдениеттілік көрсету керек-ақ.

Жалған мадақ пен жылтыр сөз – қоғамның да, адамның да абыройын асыра алмайды, біле білсек, мұндай пиғылды ұнату мен оны бетімен жіберу басшы атаулының имиджіне ешбір қызмет етпейді.

Жалпы, бұл өзекті мәселеде тиісті орындар тарапынан кеңесіп, кесімді, піскен бір тоқтам болуы қажет. Олай дейтініміз, жергілікті әкімдердің арасында өздерін жарты патша санайтын жаман пиғыл түсініксіз жағдайда төбе көрсетіп, етек алып барады. «Аузы жаман елді былғайды, аяғы жаман төрді былғайды» (Халық нақылы).

Бұл жақсы емес.

Адамдық биіктікті ұстау кімге болса да сын. Мемлекеттік қызметшілер үшін қандай деңгейде болмасын бұл тіптен маңызды.

 

Мейрамбек ТӨЛЕПБЕРГЕН,

қоғам қайраткері.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support