- Advertisement -

Емделемін деп, екпеден көз жұмды

92

- Advertisement -

Байзақ ауданы, Сарыкемер ауылындағы Жолдыбай әулетіне жол тарттық. Жол қарап тұрған кішкентай қыз бізді көрген бойда: «Әкем қайда? Сіздермен келмеді ме?» деді.  

Бұл қара жол тұлымшағы желбіреген бақытты қызды күнделікті таңертең әкесі Серік екеуін «Астана» балабақшасына алып келетін. Бірі – жұмысына, екіншісі – сүйікті балабақшасына асығатын. Кешкісін әкесі екеуі қол ұстасып үйге оралатын. Қазір де ештеңе өзгере қоймады. Сол қара жол, дәл сол тұлымшағы желбіреген қара қыз балабақшаға келеді. Тәрбиешілері мен достары да баяғыдай. Тек балабақшаға әкесімен емес, анасымен барып, келетіні болмаса… Әкесі «Дәрігерге барып келемін» деп кеткеннен, қайтып оралмады. Жол қарап, бірі жарын, бірі келмеске кеткен әкелерін, енді бірі сүйікті бауырын күтіп жүргеніне бір жыл, үш ай өтті. Себебі, жақындары өз аяғымен дәрігерге кеткен атпал азаматты өлді деуге қимайды…

42 жастағы Серік Жорабеков жары Ғалия Рахметілдаеваны ертіп қалалық диагностикалық «Садыхан» орталығына суықтаған құлағын көрсетуге барады. Науқас онда Ерлан Садуов есімді дәрігердің көмегіне жүгінеді. Барлық тексерістен өткен соң, науқастың әйелі жазып берген дәріні алып келеді.

– «Бұл дәріні егуге болмайды. Аллергия береді» деп бірнеше рет айттық. Бірақ, дәрігер біздің сөзімізге құлақ аспады. Күйеуім ішке кіріп кетті де, мен сыртта күтіп тұрдым. Арада 20 минут уақыт өтті. «Неге кешігіп жатыр?» деп есіктен кіріп келгенде, жерде сұлап жатқан күйеуімді көрдім. Дәрігер бөлме кезіп жүр. Тіпті, ауаны кеңейтіп, терезе де ашпапты. Шұғыл күйеуімнің бауырларына қоңырау шалдым. Жедел жәрдемді де өзіміз шақырдық. Ал, әлгі дәрігер ес жиғызу үшін тек мүсәтір спиртін иіскетіп тұра берген. Неге жедел жәрдем шақырып, дабыл қақпағанын түсінбеймін, – дейді марқұмның жары Ғалия Алтынбайқызы.

Марқұмның әпкелері де бауырларына жанашырлық танытып, дер кезінде жедел жәрдем шақырмаған дәрігердің ісіне қапалы.

– Сонда дәрі еккен сәтте «Сынама екпе салдық» дейді. Мейлі, «проба» салыпты. «Аллергиям бар еді» деп шырылдаған інімнің сөзіне неге құлақ аспады?

Неге сол «пробаны» салмай-ақ қоймады?! Енді міне, атпал азаматымызды жоғалтып отырмыз. Төрт періштесі «әкетайымды тауып беріңдер!» деп жылағанда сай-сүйегің сырқырайды. Енді біздің бауырымыздың орнын кім толтырады? Ол дәрігер әлі қызмет етіп жүр, ал біздің емделуге барған ініміз соның екпесінен соң қайтыс болды. Ол дәрігер неге бір жылдан аса уақытта бір рет келіп, төрт перзенттің жағдайын неге сұрап келіп, маңдайынан сипамайды? Неге жауапкершілігін сезініп, көңіл айтып, жанашырлық танытпайды? – дейді марқұмның әпкесі Шыңғыскүл Жорабекова.

Сол қаралы күні Серік Жолдыбайұлын тексерген дәрігер Ерлан Садуовпен тілдесіп, мән-жайды білу мақсатында диагностикалық орталыққа бас сұқтық. Алайда, Ерлан Садуов бірден тілдесуден бас тартып: «Басшыммен сөйлесіп келіңіздер» деген соң, диагностикалық орталықтың бас дәрігері Ажаркүл Искаковаға жолықтық.

– Бұл бітпеген, аяғына жетпеген, шикі жұмыс. Экспертиза айналысып жатыр. Барлық құқық сол кісілерге жүктелген. Сондықтан, қорытындысы шықпаған іске ештеңе айта алмаймыз, – деп шығарып салды.

«Дәл осы жағдайға байланысты басқа дәрігерлер алдына келген науқасты қалай емдеу керек?» деген сұрақты көлденең тартып, дәрігер-отоларинголог Ерхан Ширимбаевпен де тілдескен едік.

– Ең бірінші ем-шара науқасты тексеруден басталады. Аппаратқа салып, инструментпен көреміз. Құлақ тамшылары, антибиотиктермен емдейміз. Егер консервативті емге көнбесе, ары қарай хирургиялық жолға өтеді, – деді дәрігер. Иә, бәрі бір ем, бәрі бір жол. «Тек аллергиясы бар адамға біле тұра, ине егу қаншалықты дұрыс?» деген сұрақ көкейде қалып қойды…

Отбасы мүшелерінің айтуы бойынша, іс әлі сотқа жетпеген, тергеу амалдары жалғасып жатыр. Сондықтан әзірге жабулы қазан – жабулы күйінде қалды.

– Сот-медициналық сараптамасының қорытындысы қажет. Ол адам неден қайтыс болғанының себебін анықтайды. Тағы да бұл қылмыстың ақиқатын анықтау үшін облыстық медициналық және фармацевтикалық бақылау департаментінің қызметтік тексерісінің нәтижесі керек, – деді заңгер Ерлан Сатыбалдиев те қорытындысы шықпаған іске сын айтуға ерте екенін ескеріп.

Көкейде жауабы жоқ сауал көп. Жесірін қаңғыртпай, жетімін жылатпаған қазақтың қаралы үйінің бүгінде қамқоршысы жоқ, Құдайы ғана бар. Оны жалдамалы пәтердің есігінен жолға қарап, әлі күнге жолын тосып, әкеге деген сағынышын баса алмай, бір-бірін құшақтай жылаған төрт баланың көз жасын көргенде түйсіндік. Жанға – дауа, дертке – шипа іздеп, дәрігерге барып, көз жұмған атпал азаматтың обалы кімге?! Қамқоршысынан айырылған балалары мен қанаты қайырылған жары мен бауырларының көз жасын кім сүртеді?!.

 

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support