- Advertisement -

Отанның жүрегі – отбасы

129

- Advertisement -

Облыс орталығында Халықаралық отбасы күніне орай «Отбасы – аялы алақан мекені» атты ауқымды мерекелік іс-шара өтті.

Сән-салтанаты жарасқан іс-шараға қазыналы қарттар мен ақ жаулықты аналардан бастап, жас отбасылар, бүлдіршіндер қатысты.

Денсаулық сақтау саласында жалпы тәжірибесі екі ғасырдан асатын дәрігерлер династиясы – Умаровтар, азаматтық қорғау органы династиясы – Ақсақаловтар және үш буынды ұстаздар жанұясы – Аришевтар отбасы да мереке ортасында болды.

– Біз әкеміздің жолын жалғап, денсаулық сақтау саласында әлі күнге жемісті еңбек етіп келеміз. Інілерім, сіңлілерім де осы саланың білікті мамандары.

Өзімнің отыз жылдан астам тәжірибем бар. Әрине, кез келген отбасы бақытты болуы үшін ең алдымен денсаулық керек. Сондықтан, Отанымыздағы әрбір отбасыға денсаулық тілеймін, – дейді жоғары санатты дәрігер, кардиолог Гавхар Умарова.

Іс-шара барысында «Отбасы ағашы» республикалық акциясы аясында саябаққа тал-дарақ отырғызылды.

Салтанатты іс-шараға қатысқан «Мерейлі отбасы – 2022» ұлттық байқауының облыстық кезеңінің жеңімпазы, жетімдер үйінен 16 ұл- қызды асырап алып, бауырына басқан Сапура Ержанқызы да жас отбасыларға ақ батасын берді.

– 1988-89 жылдары өз балаларыма қоса асырап алған балаларымның бәрі ер жетті, үйлі болды, тұрмыс құрды, қазіргі таңда елуден астам немерем бар. Жеті келін түсірдім, сегіз қызымды ұзаттым. Ешқайсысын шамам келгенше ешкімнен кем қылмай өсірдім. Әрқайсысының өз нәсібесі бар. Қазір ұл-қыздарым сан салада жемісті еңбек етіп жүр. Енді шаңырақ көтеріп отырған жас отбасыларға баянды бақыт, ұлағатты ұрпақ тілеймін, – дейді Сапура Ержанқызы.

Отбасы күні мерекесі кейбір жанұялар үшін дәстүрлі мейрам болғанымен, мерейлі сәтті алғаш рет қарсы алып отырған жас отбасылар да шараға белсенді қатысты.

– Отбасы қашанда еліміз үшін қасиетті ұғым, қастерлі құндылық. Біз де ұлтымыздың сол ұстанымымен жаңадан шаңырақ көтердік. Бұл – жарым Мадина Шакирова екеуміз бірге мерекелеп отырған алғашқы мейрам. Мереке күні арнайы жас отбасылар үшін ұйымдастырылған интеллектуалды ойындарға белсенді қатыстық. Ойын барысында отбасы құндылықтарына қатысты қызықты сауалдар мен тапсырмалар берілді. Осы шара барысында үлкен әулеттің дариясына айналған ата-әжелердің батасын алдық. Алла жазса, біз де алдағы уақытта сол кісілердің жасына жетіп, ұрпағымыз көп болса деп армандаймыз, – дейді жас шаңырақтың иесі Нұрмұхаммед Сеитов.

Мерекелік іс-шара спорттық шараға жалғасты. Ал, кішкентай бүлдіршіндер өз отбасыларының суретін салып, бақ сынасты. Оларға 500-ден аса тегін балмұздақ үлестірілді. Салтанатты шара концерттік бағдарламамен қорытындыланды.

 

Нұржан ҚАДІРӘЛІ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support