- Advertisement -

Заманауи жобалардың жарқын көрінісі

68

- Advertisement -

Жамбыл облысының қолайлы экономикалық және инвестициялық ахуалын дамытуға ықпал етуге бағытталған халықаралық форумның «Цифрландыру күні» «Көне Тараз» тарихи этно-мәдени кешенінде ұйымдастырылды. Оған қатысушылар әуелі Шерхан Мұртаза атындағы халықаралық Тараз инновациялық институты базасында Тараз қаласының IT академиясына барып, бірқатар заманауи жобалармен танысты. Соның бірі – «New STEP project» жобасы. Аталған жобаны Тараз инновациялық институты «Педагогика» факультетінің «Шетел тілдері» кафедрасының оқытушысы, педагогика ғылымдарының магистрі Г.Байғазиева бастаған «Шетел тілі: екі шет тілі» мамандығы бойынша білім алып жатқан 3-курс студенттері әзірлеген. Жобаның басты мақсаты – ана тіліміздің деңгейін көтеру, білім алып жатқан студенттердің бойында ғылым, білім жолында ізденушілік қасиет қалыптастырып, болашақтарына дұрыс жол сілтеу, теориялық білімдерін тәжірибе жүзінде бекіттіру.

Жобаның жаңалығы – «Шетел тілі: екі шет тілі» мамандығы бойынша білім алып жатқан студенттер ағылшын, түрік, қытай, корей тілдерін онлайн (тек қазақша контентті дамыту арқылы) және оффлайн түрде (тек қазақша түсіндіру арқылы) шетел тілдерін үйретеді. Жобаның басты идеясы: виртуалды мұғалім – «Жібек-бот». Қызметі – робот ретінде қазақ тілінде сөйлейді, шетел тілдерін әлеуметтік желілер арқылы үйретеді. Жобаның басты бағыты: әлеуметтік желідегі қазақша контентті дамытып, онлайн түрде (YouTube, Tik-tok, Instagram, Zoom), оффлайн түрде шетел тілдерін үйренемін деушілерге қазақ тілінде сабақ жүргізу. Бүгінде жобамен аттас «New STEP» сайты қазақ тілінде ашылып, YouTube каналда «New STEP» каналы ашылып, видео-сабақтар салынуда. Instagram және Tik-tok әлеуметтік желілері арқылы да «New.step.kz» деген атпен аккаунт ашылып, қазақ тілінде жұмыс жүргізілуде. Төрт тілде: ағылшын, түрік, корей, қытай тілдерінде тіл үйренемін деушілерге арнап қосымша кітапшалар шығарылған.

Жобаны іске асыру барысында команда жетекшісі мен мүшелері КазИнновейшен және АстанаHub өткізген стартап бойынша онлайн оқуға қатысып, стартап конкурсында 30 ІТ бизнес-идея ішінен ең үздік 10 жобаның ішіне еніп, қаржылай сыйлыққа ие болған. Институт тарапынан ең үздік жоба ретінде танылып, Өзбекстан, Самарқанд қаласында өткен студенттердің VII симпозиумына жолдама алып, ұйымдастырушылар тарапынан жоғары бағаға ие болған.

Халықаралық Тараз инновациялық институтының цифрлық технологиялар саласындағы жетістіктерімен таныстыру барысында институт ректоры Марат Баяндин оқу орнының «Агробиология», «Ветеринария және мал шаруашылығы», «Аквакультура» және «Шерхантану» ғылыми-зерттеу орталықтарының жұмыстары, жоғары оқу орнының «Huawel» ICT Academy» заманауи технологиялық проектілерді іске асыруға бағытталған жобасы мен облыстағы ауыл жастарының тегін білім алуына арналған «ХТИИ-дың 100 гранты» әлеуметтік жобасы туралы айтып, оқу орнының алдағы жоспарларымен бөлісті.

Форум барысында таныстырылған «Толағай» жөргектер бренді жапондық технологиямен жасалған. Сұйықтық жайылып кетпейтіндей әрі гипоаллергенді етіп жасалған өнім ерекше балаларға және басқа да барлық балаларға бағытталған сертификатталған өнім. Компания тек жөргек қана ұсынып қоймайды, аналарға арналған медициналық және психологиялық кеңестер беруді басты бағыттарының бірі ретінде бірге алып келеді. Форумда компания ерекше балалардың аналарына арналған мобильді қосымшаны ұсынды. Қосымшаға ата-аналар арнайы логин, пароль арқылы тіркеліп, білікті мамандардың видео дәрістерін тегін көре алады.

IT академияның басшысы Нұрғиса Шарапов цифрлық сауаттылықты арттыру, бағдарламалау тілдері, графикалық дизайн, робототехника, практикалық мастер-класс, виртуалды зертхананың негізгі қызметі саласында атқарып жатқан жұмыстары туралы айтып, ондағы қол жеткен жетістіктермен бөлісті.

Бұдан кейін форумға қатысушылар институттың өткен жылдың жазында іске қосылған «Қысқы бақ» кешенінде болды. ХТИИ жанынан ашылған жер шарының түкпір-түкпірінде кездесетін тропикалық және шөлейтті аймақтарда өсетін өсімдіктер бағында студенттер мен келуші қонақтар үшін қолайлы микроклимат жасалған. Адамдардың өмір сапасын жақсартып, білім беру жүйесін жаңа белеске көтеретін жасыл орталыққа саяхатқа келгендерге ғылымды патенттеу секторының бастығы Сабыржан Орынбасар осында қолданылатын заманауи қондырғылардың жасалу және іске асырылу жолдарын айтып берді.

2016 жылы республикалық 10 үздік колледждің бірі атанып, өткен жылы «Үздік колледж» байқауының жеңімпазы болған Жамбыл политехникалық жоғары колледжінде болған форумға қатысушылар аталған білім орнының «Робототехника» саласындағы көптеген жетістіктеріне куә болды. 25 ақпанда Халықаралық Тараз инновациялық институтында өткен бірінші аймақтық «ITII HACKATHON-2023» форумында «Chinese kz» білім беру орталығы ұсынған «Шетелде оқуға арналған платформа» №4 кейс бойынша жүлдені осы жоғары колледжінің «Ctrl C» командасы жеңіп алған болатын.

Түстен кейін форум аясында цифрландыру бағыты бойынша қонақтар «Қоғамдық келісім» үйінде «Ақылды» қалалардың проблемалары мен дамуы жөніндегі жиынға қатысты. Панельдік сессияда еліміздің Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің Геодезия және картография комитеті Кеңістіктік деректерді дамыту басқармасының басшысы Ляйля Сатыбалдина «ҰҚДИ: даму стратегиясы», «КазГИСА» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас директоры Әділхан Талкимбаев «Өңірлік геоақпараттық жүйе: дамудың жаңа тәсілдері», министрліктің Мемлекеттік қызметтер комитеті төрағасының орынбасары Айнұр Юсупова «Геопорталдар базасында мемлекеттік және қалалық қызметтер: БМЖМК-ның өңірлердің геопорталдарымен өзара іс-қимыл процестерін оңтайландыру» тақырыптарында баяндама жасап, қатысушылардың сұрақтарына жауап берді.

Осы күні «Қоғамдық келісім» үйінде Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин жамбылдықтармен және облыста өтіп жатқан «ZHEIF-2023» форумына қатысушылармен кездесті.

Министр әуелі жиналғандарды киелі Әулиеата жерінде өтіп жатқан халықаралық форумның ашылуымен құттықтап, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес халықпен кездесіп отырғанын жеткізді. Өз сөзінде Бағдат Батырбекұлы елімізде цифрландыру саласында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Министрдің айтуынша, бүгінде мемлекеттік қызметтерді цифрландыру толыққанды дамып келеді. Жетістіктер де аз емес.

Бүгінде мемлекеттік қызметтердің 92 пайызы автоматтандырылған. Біріккен Ұлттар ұйымының жасаған рейтингіне сәйкес, Қазақстан онлайн қызмет көрсету бойынша әлемде 8-ші орында болса, телекоммуникация саласында 28-орынды иеленген. Жыл сайын халыққа көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің түрі де көбейіп келеді. Бүгінде тұрғындарға осындай қызметтің 1315 түрі көрсетілуде. Өткен жылы Жамбыл облысында 1 миллион 800 мың қызмет көрсетілген болса, оның 60 пайызы онлайн түрде жүзеге асырылған. Мысалы, көлікті онлайн тіркеу бойынша жамбылдықтар республика бойынша бірінші орында тұр.

Бүгінде елімізде денсаулық сақтау саласындағы мәліметтерді толықтай цифрландыру жүзеге асырылуда. Басқа салалар да бұл жаңашылдықтан тыс қалмайтын болады.

Елімізде цифрландыру саласында атқарылып жатқан жұмыстарға, ондағы кездесіп отырған кемшіліктерді жою мәселелеріне жан-жақты тоқталған Бағдат Мусин тұрғындар тарапынан қойылған көкейкесті сұрақтарға жауап берді.

Сондай-ақ, бұл күні халықаралық форум аясында «Көне Тараз» тарихи-этномәдени кешенінде гала-концерт ұйымдастырылды. Салтанатты шараға тараздықтармен бірге облыс әкімі Нұржан Нұржігітов те қатысты. Концертте Кенен Әзірбаев атындағы облыстық филармонияның шығармашылық тобының орындауында қазақстандық композиторлардың және халық әндері шырқалды. Айта кетейік, көңілді кеш Тараз төрінде алғаш рет 3D мэплинг мультимедиялық шоу инсталляциясына ұласты.

 

 Жүрсінгүл ЖАҚЫП

 

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support