Тиісті жұмыстар жүргізілуде

Тиісті жұмыстар жүргізілуде
ашық дереккөз
Тиісті жұмыстар жүргізілуде
Облыстық «Aq jol» қоғамдық-саяси газетінің 11 сәуір күнгі №40 санында Марат Құлибаевтың «Мәдениет үйінің мәселесі: бүлдіру оңай, бүтіндеу қиын» атты тақырыпта сын мақаласы жарық көрген болатын. Көкбастау ауылдық округіне қарасты Теріс ауылындағы ескі мәдениет үйі ғимаратының бұл жағдайынан хабардармыз. Оған зерделеу жұмыстары жүргізіліп, 2019 жылы «Болжам» ЖШС мәдениет үйі ғимаратының техникалық жай-күйі, пайдалану мүмкіндігі және жер сілкінісіне төзімділігі туралы қорытындысы шығарылып, ғимарат жарамсыздығы анықталды. Өткен жылдың 27 шілдесінде облыс әкімі Нұржан Нұржігітов Жуалы ауданына жұмыс сапарымен келіп, Теріс ауылындағы тозығы жеткен ескі мәдениет нысанының қазіргі ахуалымен танысып, оның орнына жаңа мәдениет үйінің құрылысын салу мәселесін қарады. Облыс әкімі тарапынан халықтың талап-тілегін орындау мақсатында соңғы 30 жыл көлемінде аталған ауылда әлеуметтік нысан құрылысының жүргізілмеуіне байланысты Теріс ауылдық мәдениет үйінің құрылысына жобалық-сметалық құжат әзірлеуге тапсырма берілді. Бүгінгі күні Теріс ауылындағы 149 орындық мәдениет үйі ғимаратының құрылысын салу бойынша Жуалы ауданы әкімдігінің сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімі тарапынан жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленіп, кешенді сараптама қарауына ұсынылды. Сараптама қорытындысы ағымдағы жылдың сәуір айында дайын болады. Алдағы кезеңде, жобалық-сметалық құжаттаманың ведомствоаралық кешенді сараптамасының оң қорытындысына байланысты, құрылыс жұмыстарын 2024 жылға іске асыру үшін облыс әкімдігінің тиісті басқармасына бюджеттік өтінім беріледі.  

Ғазиза ЕСТАЕВА,

аудан әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы.

Жуалы ауданы

Ұқсас жаңалықтар