- Advertisement -

Өндіріс – өңір дамуының қозғаушы күші

80

- Advertisement -

Кез келген мемлекеттің даму механизмі өндіріс орындарының жұмысымен біте қайнасып жатқаны белгілі. Өндіріс дамыса, өріс кеңейеді. Өңірдің ғана емес, елдің еңсесі көтеріледі. Осы уақытқа дейін Әулиеатаның әлеуетін арттыруға айтарлықтай үлес қосып келе жатқан ірі зауыттардың жұмысы биыл да қарқынды. Олардың дені биыл өнім көлемін ұлғайтып, жұмыс қуатын арттыруды жоспарлап отыр.

Жуырда облыс әкімдігі ішкі саясат және кәсіпкерлік басқармаларының бастамасымен өңірдегі химия өнеркәсібі нысандарына баспасөз туры өтті. Оған облыстық және республикалық БАҚ өкілдері қатысып, «Қазфосфат» ЖШС минералды тыңайтқыштар зауыты мен Тараз металлургия зауытында, сондай-ақ, Жаңатас қаласының іргесіндегі «ЕвроХим» кәсіпорнында болды.

Өңірдегі фосфор өндірісінің алыбы «Қазфосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне қарасты минералды тыңайтқыштар зауыты жылына 180 тонна аммофос, 72 тонна кальций, 80 тонна суперфосфат, 600 тонна күкірт қышқылы өнімдерін өндіріп, 1500-ден астам адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Ауыл шаруашылығы саласы үшін таптырмас тыңайтқыш ретінде пайдаланылатын бұл өнімдермен зауыт тек отандық нарықты ғана емес, сонымен қатар Ресей, Беларусь, Украина, Түркіменстан, Литва, Латвия, Польша елдерін де қамтамасыз етіп отыр.

Айта кетсек, Жамбыл суперфосфат зауыты 1940 жылдардың аяғында құрыла бастады, ал күкірт қышқылы цехы 1950 жылы алғашқы өнімдерін шығарды. Содан бері минералды тыңайтқыштар зауыты сан алуан өнім шығарып келеді.

«Кәсіпорын 449 гектардан астам аумақты алып жатыр, онда фосфорлы-азотты тыңайтқыштар, аммофос, азықтық кальций фосфаты, техникалық күкірт қышқылы өндірісі орналасқан. Өнімнің басым бөлігі ішкі нарыққа шығарылады. Сонымен қатар, өнімдер Қытай, Тәжікстан нарықтарына да жеткізіледі, – дейді зауыттың қауіпсіздік инженері Мейірлан Шәкіров.

Кәсіпорында журналистер аммофос шығаратын цехта, сонымен қатар, барлық технологиялық процестер басқарылатын орталық басқару пультінде болды. Олар толықтай компьютерлендірілген, бұл нақты уақытта болып жатқан барлық нәрсені бақылауға және жағдайдың кез келген өзгерістеріне бірден жауап беруге мүмкіндік береді.

Тараз металлургиялық комбинатының басқа химия кәсіпорындарынан ерекшелігі – түбегейлі жаңғыртудан өтіп, легирленген материалдар өндіретін нысанға айналды. Ферросиликомарганец – болаттардың көптеген түрлерін өндіру кезінде оларға беріктік пен сынғыштық, тотығуға (тот) төзімділік және басқа да көптеген пайдалы қасиеттерді беретін материал. Құрамында марганец бар болат шар диірмендерін, жер өңдейтін және тас ұнтақтайтын станоктарды, әскери техниканың сауыт элементтерін жасау үшін қолданылады. Өнеркәсіптік қолдануға жарамды ферросиликомарганец электродты пештерде алынады, олардың әрқайсысының қуаты 25 мегаватт электр энергиясын тұтынады.

– Біздің зауыт 2008 жылы металлургиялық зауытқа айналды, сол кезде біз әлемдік нарықта үлкен сұранысқа ие алғашқы өнімдерді шығардық. Қазіргі уақытта біз екі электр пешін қолданамыз, қуаттылығы 25 мегаватт, жұмыс процесі үздіксіз, пеш ішіндегі температура 1500- 1600 градус. Тәулігіне 160 тонна дайын өнім шығарамыз, – дейді Тараз металлургия зауыты техникалық қауіпсіздік жөніндегі директордың орынбасары Нұржан Оразалиев.

Электродтарды жаппай өңдеу цехының басшысы Серік Бейсенбаевтың айтуынша, соңғы жылдары өндірістегі өнім қуаты айтарлықтай артқан.

– Цехымыз сонау Кеңес заманында 1981 жылы іске қосылып, белгілі себептермен тоқтап қалды. Бірақ, 2010 жылы ол қайтадан жұмысқа кірісіп, өндіріс өсе бастады. Бастапқыда қайта іске қосу кезінде айына 300- 400 тонна өнім өндіріп, мұнда 100 адам жұмыс істесе, қазіргі уақытта айына 4500 тоннаға дейін өндіріп жатырмыз. Қызметкерлер саны 200 адамға дейін өсті. Мұның себебі электродтар өте қажетті өнім, ал электрод массасын өндіру ТМД елдерінде тек Ресейде, Украинада және біздің елімізде ғана бар. Жақын көршілерден Қытай өндіреді. Қазір біз Польшаға өнім жіберуге дайындалып жатырмыз. Өткен жылы поляктарға сынақ партиясы жіберілді, олар үшін бәрі жақсы болды. Демек, бұл да екіжақты тиімді бағыт. Түркия, Малайзия елдерімен де келіссөздер жүргізілуде. Бір-екі айдан кейін біздің өнімдер ол жаққа да кетеді деп үміттенемін. Жұмысшылардың орташа жалақысы айына 250 мың теңгені құрайды, – деді ол.

Кеншілер қаласы Жаңатаста да өндірістің өрісі кеңейіп келеді. Журналистер мұнда «ЕвроХим» аумағындағы құрылыс жұмыстарының барысымен танысты.

– Химия зауытының құрылысын аяқтау 2026 жылға жоспарланған. Химиялық зауыттың өзінен басқа, электр желілері, сумен жабдықтау, теміржол және автомобиль жолдары, сондай-ақ, әлеуметтік нысандар – 300 орындық вахталық қалашық, 60 пәтерлік тұрғын үй кешені, қонақ үй және демалыс аймағы бар, – дейді жаңа кәсіпорын салынып жатқан учаскедегі құрылыс жетекшісі Михаил Евдокимов.

«ЕвроХим-Тыңайтқыштар» ЖШС баспасөз қызметінің хабарлауынша, химия зауытының құрылысына қомақты қаражат пен тәжірибелі мамандар жұмылдырылған. Химия зауытына жоспарланған инвестицияның жалпы көлемі 1 миллиард АҚШ долларына жетеді. Серіктестік басшылығы инвестицияланған барлық ресурстар ақталып, болашақ химия зауыты Үкімет пен жергілікті атқарушы органдардың белсенді қолдауымен отандық шаруалардың тыңайтқышқа деген қажеттілігін тиімдірек қамтамасыз етіп, еліміздің экспорттық әлеуетін арттырады деп есептейді.

Айта кетсек, «ЕвроХим-Тыңайтқыштар» ЖШС облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына және оның инфрақұрылымына 2012-2023 жылдар аралығында мемлекеттік бюджетке 6,1 миллиард теңге жарна төлеп келеді. 2037 жылға дейін кәсіпорын мемлекет бюджетіне 40 миллион АҚШ долларына тең қаржы құяды деп жоспарланған.

2012-2021 жылдары аталмыш өндірістің әлеуметтік және экономикалық инфрақұрылымды дамытуы барысында Сарысу ауданы мен Жаңатас қаласында бірінші шағынаудандағы 19, 31, 33, 34 және 35 үйлер, балалар мен жасөспірімдер орталығы жөндеуден өтті. Сол секілді Талас ауданы мен Қаратау қаласында әлеуметтік маңызы бар он нысанға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Кәсіпорында жұмыспен қамтылғандардың 96 пайызы жергілікті тұрғындар.

Осылайша, облыстың шалғай өңірінде бұл өндіріс ошағының қарқынды дамуы тек республикалық бюджетке ғана емес, әрбір жергілікті тұрғынға да тиімді.

 

Нұржан ҚАДІРӘЛІ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support