- Advertisement -

Мемлекеттік рәміздер – ел айбыны

183

- Advertisement -

Елдің егемендігін, халықтың біртұтастығын білдіретін белгі іспеттес мемлекеттік рәміздерге деген құрмет – әрбіріміздің азаматтық парызымыз. Сондықтан да оны қолданудың, орналастырудың өзіндік ережелері бар. Мәселен, мемлекеттік рәміздерді пайдаланудың халықаралық стандарттарына сәйкес, егер шетелдерге саяхаттай жүріп, қонақүйге тоқтасаңыз, оның есігінің алдына өз еліңіздің туын ілдіріп қоюға құқылысыз. Ол «Бұл қонақүйде Қазақстан азаматы тұрады» дегенді білдіреді.

Мемлекеттік рәміздерді қолданудың ережелерін түсіндірген облыстық семинарда республикалық комиссия мүшелері жамбылдықтармен жүзбе- жүз сұхбаттасып, тәуелсіздіктің нышаны туралы толыққанды мәлімет берді. Мемлекеттік рәміздер мен ведомстволық және оларға теңестірілген өзге де наградалар геральдикасы мәселелері жөніндегі республикалық комиссия облысымыздағы мекемелерде Ту, Елтаңба, Әнұран мәтінінің орналасу реттілігін қадағалау барысында ешбір кемшіліктер кездестірмегенін жеткізді.

– Комиссия мүшелері Жамбыл облысына мониторинг жүргізіп, әдістемелік көмек беру мақсатында келді. Осы мониторингтің қорытындысы бойынша облыс әкімі мамыр айының басында Президентке есеп беретін болады. Осының өзі мемлекеттік рәміздерді қолданудың үлкен жауапкершілік жүктейтінін аңғартады. Мемлекеттік рәміздер тек мемлекеттік мекемелерде, іс-шараларда ғана қолданылмайды. Еліміздің әрбір азаматы шетелдерге барғанда тұрақтаған қонақүйінің әкімшілігіне айтып, көк Туымызды қонақүйдің алдына ілдіруге құқылы. Байқасаңыздар, көптеген ірі қонақүйлердің алдында түрлі мемлекеттердің тулары ілініп тұрады. Бірақ, Қазақстандікін жиі байқай бермейміз. Өзім де өзге елдерде болғанда Қазақстанның Туын ілуін ескерткенімде, көбінде жоқ болып шығады. Ондайда өзім алып барған туды сол қонақүйлерге сыйлап кетемін. Егер барлығымыз барған жерден осыны талап етсек, біздің Туымыз да әлемнің ірі қонақүйлерінде желбіреп тұрар еді. Осыны ескере жүрсеңіздер екен.

Рәміздерге жеке тоқталып өтер болсақ, Туда ұлттық стандарт бойынша көгілдір және сары түс бар. Өздеріңіз де білесіздер, Тудың ортасында шұғылалы күн, оның астында қыран бейнеленген. Тудың сабының тұсында ұлттық өрнек тік жолақ түрінде нақышталған. Мемлекеттік Тудың авторы Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері, өздеріңіздің жерлестеріңіз – Шәкен Ниязбеков.

Біз облыстағы 27 мекемеге мониторинг жүргізіп шықтық. Заң бойынша мемлекеттік Ту Президентке бағынатын және үкіметке есеп беретін мемлекеттік, мемлекеттік емес барлық мекемелердің аумақтық бөлімшелерінде болуы тиіс. Тіпті, мемлекеттік болмаса да, бала оқытып, тәрбиелейтін мектеп, колледждер де жас ұрпақты тәрбиелеп отырғандықтан, патриоттық бағыттағы іс-шараларды жүргізетіндіктен, мемлекеттік рәміздерді көрнекілік ретінде қолдануға міндетті. Сондай-ақ, мемлекеттік Ту барлық басшылардың кабинеттерінде орналастырылады. Ол бірінші басшы немесе төрағаның оң жағына орналастырылу керек. Ту сыртқа және ішке қолданылуына қарай екі түрде болады. Сыртқа ілінетінінің матасы жұқа болып келсе, ішке ілінетінінің матасы ине шаншылмайтындай қатты, тығыз болуы керек. Сонымен қатар, әскери шерулерге алып шығатын шашақталған түрі де бар. Қандай болса да, барлық Ту екіжақты болуы керек, яғни екі бетінде де қыран, күн, ұлттық оюлар бірдей бейнеленуі тиіс. Мемлекеттік Ту біздің барлық спорттық киімдерде, білім беру, Оқу-ағарту министрлігінің рұқсатымен оқулық құралдарында бейнеленеді. Спорттық шараларда, оқу жылының ашылу, жабылуында және әлемдік спорттық жарыстарда отандасымыз жеңіске жеткен кезде мемлекеттік Ту міндетті түрде көтеріледі. Президентіміз шетелдерге барғанда мемлекеттік Туды міндетті түрде өзімен бірге алып жүреді. Мысалы, ұлттық стандарт бойынша Тудың ені мен ұзындығының арақатынасы 1:2 болса, халықаралық іс-шара өткізілгенде, шетелдердің президенттері келгенде ол елдердің тулары біздің елдің Туымен бірдей болуы керек. Егер басқа елге бізден барса, сол елдің шартты көлемімен бірдей стандартта болады. Егер елімізде өтетін халықаралық іс-шараға 5 мемлекеттен көп ел қатысса, біздің Туымыз бесеуінің ортасына орналастырылады. Барлық мемлекеттік Әнұран орындалатын іс-шараларда Ту болуы керек.

Сондай-ақ, мемлекеттік Туды республика азаматтары да қолдануға құқылы. Мәселен, автокөліктерге, тұрғын үйлердің есік алдына, балкондарға ілуіне рұқсат етіледі, бірақ ұлттық стандартқа сай болуы тиіс. Яғни, күннің қауырсындары 32 тармақ, қыранның қауырсындары тоғыз-тоғыздан және түсі көгілдір болуы керек. Заңда бұрыннан да Қазақстан азаматтары мемлекеттік Туды өз үйінде қалауынша қолдана алады деген бар болатын, 2020 жылы енгізілген өзгерістерге сәйкес, «балконға» деген сөз қосылды. Тек ұлттық стандартқа сай және Ту жерден жоғары орналастырылуы қажет, – деді Мәдениет және спорт министрлігі Геральдикалық жұмыс басқармасының басшысы Гүлдана Аргенова.

Сондай-ақ, мемлекеттік мекемелердің ғимаратының сыртында орналасқан рәміздер түнгі уақытта жарықтандырылуы шарт. Ал, тұрғын үйлерде ол міндеттелмейді. Осы тұста толығырақ айта кетсек, мемлекеттік Туды жеке және заңды тұлғалар ғимараттарда (тұрғын үйлерде және тұрғын емес үй-жайларда), оның ішінде балкондарда және салтанатты іс-шаралар өткізілетін орындарда патриоттық сезімдерін, қазақстандық бірегейлігін білдіру, елдің, оның азаматтарының жетістіктерін қолдау мақсатында пайдалана алады. Сондай-ақ, мемлекеттік Ту оның көлеміне қарамастан, ұлттық стандартқа сәйкес келуі тиіс екенін ескерген жөн. Жеке және заңды тұлғалардың мемлекеттік Туды ұлттық стандарт талаптарын бұза отырып пайдалануына жол берілмейді. Мемлекеттік Туда белгіленген нысан, өлшем мен техникалық талаптардың бұзылуы ұлттық стандарттарға сәйкессіздіктер болып табылады. Мемлекеттік Ту ұлттық стандартқа сәйкес келмеген жағдайда ол Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын тәртіппен ауыстырылуы және жойылуы тиіс. Қолданыстағы «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске» сәйкес, ұлттық стандарт талаптарына сәйкес келмейтін мемлекеттік Туды заңсыз дайындағаны үшін әкімшілік айыппұл салынады. Мемлекеттік Туды жеке және заңды тұлғалар қорлау заты ретінде пайдалануына тыйым салынады.

Гүлдана Мәлікқызы семинар барысындағы дәрісінде осыдан бірер жыл бұрын Астана қаласының бір тұрғыны Головкинді қолдау мақсатында өз балконына Туды іліп, жауапқа тартылғанын еске салды.

– Өздеріңіз білесіздер, астаналық тұрғын балконына Туды іліп, оған айыппұл салынғаннан кейін көп азаматтар Туды жеке үйде қолданудан қаймығып қалды. Негізі тұрғын үйлерде Мемлекеттік Туды қолдануға болады. Бірақ, Туды тесіп, жыртып немесе шегемен қағып, ілуге болмайды.

Мемлекеттік Ту тек бір жағдайда ғана төмен түсірілетінін ескеру керек. Ол аза тұту жарияланған қаралы күнде ғана төмен түсіріледі, егер Ту ағашқа байланған болса, шешіп алынады. Ол тек бір тәулікке ғана жарияланады. Ал, Мемлекеттік Туды азаматтар көліктеріне қолданса, тек ішіне ғана орната алады. Көліктің сыртына тек Мемлекет президентінің хаттамалық рұқсатымен президентті алып жүретін кортеждердегі көліктерде ғана қолданады. Ең бастысы – Мемлекеттік рәміздерді қолданғанда ұлттық стандарттарға сәйкес ережені ескерген абзал. Елтаңба мен Туды аяқасты етуге жол бермеу – еліміздің әрбір азаматының борышы деп білемін. Тудың құлағаны – елдің құлағаны деп білсек, еліміздің амандығын, айбынының асқақтауын тілеп, Мемлекеттік рәміздерімізге құрметпен қарайық, – деді Гүлдана Мәлікқызы.

Семинарға қатысушылар тарапынан қойылған сауалдарға республикалық комиссия мүшелері Ішкі істер министрлігі Геральдика, стандарттау және сапа тобының бас сарапшысы Гүлбибі Алғазинова мен облыс бойынша техникалық реттеу және метрология департаментінің басшысы Дәулет Қалдығожин жауап берді.

Семинардың басты мақсаты – Мемлекеттік рәміздерді қолданудың ережелерімен жан- жақты таныстыру болғанымен, бұл басқосуда елдікті жоғары бағалаудағы азаматтық позиция тақырыбындағы пікірлер көп айтылды. Мемлекеттік рәміздер еліміздің айбыны екені анық. Ал, оны одан ары асқақтату әрбір азаматтың Отанына деген адал сүйіспеншілігімен жүзеге асады.

 

Қамар ҚАРАСАЕВА

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support