- Advertisement -

Әлем жаңалықтары

100

- Advertisement -

Ауғанстанға – гуманитарлық көмек

Қазақстанның гуманитарлық көмегі Ауғанстанға жеткізілді. Жалпы көлемі 5403 тонна (81 вагон) негізгі гуманитарлық жүк теміржол арқылы келді. Онда азық-түлік тауарлары, оның ішінде сүт консервілері, өсімдік майы, ұн, қарақұмық жармасы және дәрі- дәрмек қорабы бар.

15 сәуірде Қазақстанның Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин Кабулға барды. «Қазақстан қиын жағдайға тап болған ауған халқын көмексіз қалдырмайды. Гуманитарлық миссиямыз қасиетті Рамазан айында өтіп жатыр, барлық мұсылмандар үшін берекелі уақытта баршаңызға бейбітшілік пен тыныштық тілейміз», – деді С.Жұманғарин.

Серік Жұманғарин Ауғанстанға сапары аясында елдің Сауда және өнеркәсіп министрінің міндетін атқарушы Нұриддин Азизи, вице-премьер Абдул Ги Барадар, Сыртқы істер министрі Әмір Хан Муттаки және Байланыс және телекоммуникация министрі Наджибулла Хакканимен кездесті. Сондай-ақ, Кабулда қазақ және ауған кәсіпкерлерінің кездесуі, арнайы сауда бизнес-форумы өтті. Енді Қазақстанның Ауғанстандағы сауда үйі ашылмақ.

Үндістан Қытайды басып озады

Үндістан халық саны бойынша Қытайдан озып, әлемдегі халық саны көп мемлекет атануы мүмкін. Біріккен Ұлттар Ұйымы сәуірдің екінші жартысында Үндістан халық саны бойынша Қытайдан озып, ең тығыз қоныстанған мемлекет атанады деген болжам жасады.

Қазір Үнді жерінде 1,4 миллиард адам тұрады. Ал, 2011 жылғы санақ кезінде 1,2 миллиард адамды құраған еді. Ал, Қытай демографиялық мәселеге тап болып отыр. Бұл елде 100 әйелге 105 ер адамнан келеді. 1970 жылдары енгізілген «Бір отбасы – бір бала» саясатының аяғы осындай мәселеге әкеліп соқты.

2024 жылғы ТМД астаналары таңдалды

Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы Сыртқы істер министрлері кеңесінің отырысында Самарқанд – Достастықтың 2024 жылғы мәдени астанасы, ал Ташкент жастар астанасы болып жарияланды. Бұл туралы ТМД бас хатшысы Сергей Лебедев мәлімдеді.

Сонымен қатар, Минск 2023 жылғы ТМД-ның спорттық астанасы болып таңдалды. 2024 жылы бұл дәреже Арменияның Гюмри қаласына беріледі.

ТМД Сыртқы істер министрлері кеңесінің отырысы Самарқандта өтіп, оған Әзербайжан, Армения, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан, Түрікменстан, Өзбекстан мен ТМД Атқарушы комитетінің сыртқы саясат мекемелерінің басшылары қатысты.

Зейнетақы туралы заңға қол қойды

Франция президенті Эммануэль Макрон зейнетақы реформасы туралы заңға қол қойды. Құжат сенбі күні Франция Республикасының ресми газетінде жарияланды.

Осылайша, Әлеуметтік қамсыздандыру кодексіне өзгеріс енгізілді. Бірінші бөлімдегі «алпыс екі» деген жері «алпыс төрт» деген сөзбен ауыстырылды. Бұл жұма күні Францияның Конституциялық кеңесі зейнетақы реформасын ішінара заңды деп танып, зейнеткерлікке шығудың ең төменгі жасын 62-ден 64 жасқа дейін көтеру туралы негізгі бапты мақұлдағаннан кейін болып отыр.

Жұма күні республиканың Конституциялық кеңесі зейнетақы реформасының негізгі ережелерін мақұлдағаннан кейін Францияның бірқатар қаласында наразылық демонстрациялары өтіп, оның соңы тәртіпсіздік пен полицейлермен қақтығысқа ұласты.

30 жылда – алғаш рет жаңа ақша

Сомали орталық банкінің басты мақсаты – ұлттық валютаны қалпына келтіру. Ол елге қаржы-несие саясатын толық бақылауға алуға көмектеседі. Бұл туралы аталған елдің Орталық банк басшысы мәлімдеді.

Сомали 1991 жылы үкімет құлап, елде азаматтық соғыс басталғаннан кейін жаңа банкнот басып шығармаған. Бұрын айналымда болған банкноттардың көбі жоғалып немесе тым тозып кетті. Оларды бөлініп қалған өңірлерден далалық командирлер мен кәсіпкерлер басып шығарып және жеткізіп отырған АҚШ доллары мен жалған банкноттар алмастырды. 2017 жылы Халықаралық валюта қоры экономикада айналымда жүрген жергілікті валютаның 98 пайызы жалған екенін анықтады.

Қаңтарда банк жаңа ақшаны басып шығару келесі жылға жоспарлап отырғанын мәлімдеген болатын. Орталық банк 2017 жылы ХВҚ-мен бірлесіп құнды ақшаны шығару жоспарымен жұмыс істеді, оған Дүниежүзілік банк те қосылды.

Электр энергиясы тарифі көтерілмек

Қырғызстанда 1 мамырдан бастап тұрғындар үшін электр энергиясы 0,77-ден 1 сомға дейін қымбаттайды. Мұндай жарлыққа Қырғызстанның Министрлер кабинеті қол қойды.

Құжатқа сәйкес, сағатына 700 кВт электр энергиясын пайдаланған жағдайда, 1 кВт құны бұрынғыша 2,16 сом/кВтсағ күйінде қалады. Мұқтаж отбасылар мен азаматтар үшін де баға өзгермейді – 50 тиын. Ал шектеусіз пайдалану (қуаты шектеусіз) 5,04 сом/кВтсағ-тан 3,28 сом/кВтсағ-қа арзандады.

Тарифтерді өзгерту шарасы елдің энергетика қауіпсіздігін қамтамасыз ету, тұтыну көлемі қатты артқанына қарамастан тұрғындарды электрмен тоқтаусыз жабдықтау және ескірген құрылғыны модернизациялауға бағытталған.

Қырғызстан ТМД елдері арасында электр энергиясы ең арзан елдердің бірі. Электр энергиясын тұтыну жыл сайын артып жатқандықтан ел жетіспейтін көлемді көршілес елдерден импорттауға мәжбүр.

 

Дайындаған Жүрсінгүл ЖАҚЫП.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support