- Advertisement -

Дизель отынынан тапшылық жоқ

210

- Advertisement -

Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Шәкір Момынқұлов көктемгі дала жұмыстарының барысы туралы баяндады. Оның айтуынша, биыл 770,4 мың гектар алқапқа ауыл шаруашылығы дақылдарын орналастыру жоспарланған. Таратып айтсақ, дәнді және дәнді бұршақты дақылдарды 398,3, майлы дақылдарды 72,1, қант қызылшасын 10,4, картопты 11,8, көкөністер мен бақша дақылдарын 61,6 мың гектар алқапқа орналастыру болжанған. Бұдан бөлек, мал азығы дақылдары 216,2 мың гектар алқапқа орналастырылған.

– Қазіргі таңда көктемгі дала жұмыстары жоспарға сәйкес жүргізілуде. Ауа райының қолайлығы шаруа қожалықтарына зор мүмкіндік беруде. Бүгінгі күні масақты дақылдар 186,9, көпжылдық шөп 27,6, көкөніс 20,6, майлы дақылдар 12,2, қант қызылшасы 1,5, бақша 2,5, картоп 2,3 мың гектар алқапқа орналастырылды. Бұдан бөлек, мал азығы 9,7, дәндік жүгері 727 гектар алқапқа себілген. Жаздық бар дақылдар 264 мың гектар алқапқа орналастырылып, ол жоспардың 58,2 пайызын құрап отыр. Көктемгі дала жұмыстары қалыпты жағдайда жүруде, – дейді ол.

Егістік алқаптарын құнарландырып отыру маңызды. Биыл 54 мың тонна тыңайтқышты 280 мың гектар алқапқа енгізу жоспарланған. Оған «Минералды тыңайтқыштардың құнын субсидиялау» бюджеттік бағдарламасы аясында бюджеттен 1 миллиард 71 миллион теңге қарастырылған. Бүгінгі таңда 5266 тонна тыңайтқыш алынып, 13,1 мың гектар алқапқа сіңірілген.

Дақылдардың ішінде қант қызылшасына басымдық берілген. Алдын ала есеп бойынша 2023 жылы қант зауытына өңдеуге тапсырылатын 323 мың тонна қант қызылшасын субсидиялау көзделіп отыр. Оған бюджеттен 8 миллиард 75 миллион теңге қарастырылған.

Көктемгі дала жұмыстарына қажетті 90,8 мың тонна тұқымның 82,6 мың тоннасы қолда бар, яғни шаруашылықтардың тұқыммен қамтылуы 91 пайызды құрап отыр.

– Көктемгі дала жұмыстарына 6893 ауыл шаруашылығы техникасы жұмылдырылған. Оның 4529-ы трактор, 1071-і соқа, 457-сі қопсытқыш, 746- сы дән сепкіш, 90-ы тұқым дәрілегіш. Жалпы, жоғары өнімге қол жеткізу үшін, агротехникалық іс-шараларды дер кезінде орындау қажет, яғни ауыл шаруашылығы техникаларын дер кезінде жаңартып отыру керек. Биыл ауыл шаруашылығы техникаларын 12 пайызға жаңарту көзделген. Биылғы жылдың І тоқсанының қорытындысы бойынша 213 ауыл шаруашылығы техникасы алынды, оның біреуі астық жинайтын комбайн, 90-ы трактор, 122-сі ауыл шаруашылығы тіркемелері. Дала жұмыстарын жүргізуге облысқа биыл 15,5 мың тонна дизель отыны бөлінді. Бөлінген дизель отынын агроқұрылымдарға тарату үшін облыс бойынша 14 оператор белгіленіп, 1 литр дизель отыны 204-214 теңге аралығында шаруаларға таратылуда. Бүгінгі күнге белгіленген операторлар тарапынан ақпан, наурыз және сәуір айларына бөлінген көлемнің 15,5 мың тоннасына қаражат төленді. Қазіргі уақытта оның 11,7 мың тоннасы облысымызға жеткізіліп, ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерге 10,6 тоннасы таратылды. Сондай-ақ, көктемгі дала жұмыстарын қаржыландыру мақсатында облысқа 2023 жылға «Кең дала» бағдарламасына 1 миллиард теңге қаржы қарастырылған. Бүгінгі күнге облыс бойынша 77 ауыл шаруашылығы құрылымдарынан 1 миллиард теңгеге өтінім түсіп, 55 шаруашылыққа 656,2 миллион теңге төленді, – дейді Шәкір Момынқұлов.

 

Марат ҚҰЛИБАЕВ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support