- Advertisement -

Жаңа технологияның жаңалығы көп

128

- Advertisement -

Соңғы жылдары ауданымызда жаңа технологияны тиімді пайдаланып, өнім көлемін арттырып жүрген шаруалар қатары артып келеді. Бұрын шаруа қожалықтар көктемгі жаңбыр суынан кейін бір рет қана өнім алатын болса, жаңа технология – жаңбырлатып және тамшылатып суару әдістерін қолдану арқылы бір жылда екі-үш рет өнім алуға қол жеткізген. Әсіресе, жаңбырлатып суару әдісінің арқасында бұрын игерілмей, бос жатқан жерлер айналымға қосылуда.

Солардың бірі – Ботамойнақ ауылдық округінде орналасқан «Шарипов Т» шаруа қожалығы. Қожалық бүгінгі таңда егіс алқаптарына заманауи қондырғылар орнату арқылы жаңбырлатып және тамшылатып суару әдістеріне көшуде.

Қожалықтың жұмысымен танысқан Байзақ ауданының әкімі Бақыт Қазанбасов шаруаның жұмысына жоғары баға берді. Ал, аудан әкімінің орынбасары Болат Сағынбеков бүгінгі таңда диқан қауымының көктемгі дала жұмыстарына бел шеше кіріскенін айтып, алдағы жоспарымен бөлісті. Оның айтуынша, биыл ауданда 2150 гектар алқапқа қант қызылшасын орналастыру жоспарланса, оның 1000 гектары жаңбырлатып, 300 гектары тамшылатып ылғалдандырылмақ.

Қожалық төрағасы Тимур Шарипов шаруашылыққа тиесілі 240 гектар алқапқа Түркия мемлекетінен алдыртқан жаңбырлатып суару қондырғыларын орнатып жатқанын айтты. Кәсіпкердің айтуынша, жаңбырлатып суару технологиясы арқылы дақыл түріне қарай өнімділік 2 мен 4 есеге дейін артады екен. Сонымен қатар, жаңа қондырғылар арқылы ағын суды екі-үш есеге үнемді пайдалана алады.

– Жаңбырлатып суарудың тиімділігін түсінген шаруалардың қатары күн санап артуда. Біз де оның тиімділігіне көзімізді жеткізгеннен кейін осы қадамға барып отырмыз. Өздеріңіз жақсы білесіздер, қазір ағын су мәселесі бізде ғана емес, барлық мемлекетте өзекті. Біз көрші Қырғыз мемлекетінің суына тәуелді болғандықтан, өзіміздегі мәселені осылай шешуге тырыстық. Ол үшін бұлақ суларын да тиімді пайдалануға болады. Осы құрылғыларды орнату арқылы диқандар жазық жерде тек мал азығы дақылдарын ғана өсіріп қоймай, жаңа технологияның көмегімен көкөніс, бақша дақылдарын да өсіре алады. Әрбірден кейін бұл халықтың әл-ауқатын арттырып қана қоймай, өңірдегі экологиялық жағдайдың жақсаруына да зор серпін береді, – дейді Т.Шарипов.

 

Нұргүл ҚАНАТБЕКҚЫЗЫ,

М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің

4-курс студенті.

Байзақ ауданы

 

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support