- Advertisement -

Білімді ұлттың негізі — дарынды бала

69

- Advertisement -

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылғы «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында сапалы білім беру мәселесіне айрықша тоқталған еді. «Орта білімнің сапасы – табысты ұлт болудың тағы бір маңызды шарты. Әрбір оқушының білім алып, жан- жақты дамуы үшін қолайлы жағдай жасалуға тиіс» деп, осы мақсатта «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы қолға алынғанын атап айтқан болатын. Бүгінгі бала – ертеңгі ел тұтқасы екені айтпаса да белгілі. Жарқын болашақ үшін білім беру мекемелерінде, әсіресе білімнің негізін қалайтын орта мектептерде сапалы жұмыстың жүргізілуіне назар аудару керегі айтылып келеді. Қала мен ауыл мектептері арасында айырмашылық болмау керегі де қозғалғалы біраз болды. Сол айырмашылықты жоюға серпін беретін жобаның бірі – «Мың бала» ұлттық олимпиадасы деуге болады.

«Біз 2025 жылға дейін 800 мың баланың заманауи мектепте оқуына жағдай жасаймыз. Осылайша, апатты жағдайдағы және үш ауысыммен оқитын мектеп мәселесін толық шешеміз. Бұл ауыл және қала мектептерінің айырмашылығын едәуір азайтады», деген еді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев. «Мың бала» олимпиадасының мақсаты да – жыл сайын ауылдық жерлерде 6-сынып арасынан ең қабілетті деген оқушыларды анықтап, олардың еліміздің дарынды балаларға арналған жетекші мектептерінде білім алуына мүмкіндік беру. Осылайша, ауылдық жерлерде оқитын оқушылардың қабілетін дамытуға тең жағдай жасау көзделген. Олимпиада еліміздің Оқу-ағарту министрлігі «Елбасы академиясы» корпоративтік қорымен біріге отырып, биыл төртінші жыл өткізілгелі отыр.

– Ауыл оқушыларына арналған «Мың бала» ұлттық олимпиадасы «Ел үміті» бастамасы аясында еліміздің белсенді әрі дарынды жастарын қолдау мақсатында жүзеге асырылады. Олимпиада өңіріміздегі ең ірі және маңызы жоғары жобалардың бірі екенін атап өткім келеді. Бұл олимпиада – ауыл оқушылары арасында ғана өткізіліп, оларға қосымша әлеуметтік лифт болатын ауқымды жоба. Өткен жылы олимпиадаға біздің өңірден 5-6-сынып оқушыларынан 14 022 оқушы тіркеліп, екінші кезеңге 745 оқушы жолдама алды. Нәтижесінде 99 оқушы жеңімпаз атанды. Оның ішінде 42 оқушы 5-сыныптан, 57 оқушы 6-сыныптан. Жеңімпаз атанған 6-сыныптың 44 оқушысы мамандандырылған мектептерге орналастырылды. Бүгінгі таңда 112 оқушы дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектептерде білім алуын жалғастырып жатыр. Биылғы оқу жылында олимпиадаға қатысушылар саны 8 мыңға дейін артады деп ойлаймыз. Облыс бойынша үш жыл ішінде олимпиадаға ауыл мектептерінен бірінші кезеңіне 65 394 оқушы тіркелді. Екінші кезеңге 1 888 оқушы қатысып, 258-і жеңімпаз атанды. Оның ішінде жеңімпаз атанған 6-сыныпты аяқтаған 112 оқушы мамандандырылған мектептерде тегін оқуға мүмкіндік алды, тағы 110 бала онлайн форматта қосымша білім алуда.

Өздеріңіз білетіндей, елімізде жүзеге асырылып жатқан «Білімді ұлт» сапалы білім беру» ұлттық жобасының бір міндеті – орта білім беру сапасын арттыру. Әсіресе, өңірлер арасындағы, қалалық және ауылдық мектептер арасындағы білім беру сапасындағы айырмашылықты қысқарту көзделген. Ал, «Мың бала» олимпиадасы – осы міндетті шешетін жобалардың бірі. Олимпиада қорытындысында еліміз бойынша 1000 жеңімпаз анықталады. Жеңімпаздар республикалық физика-математика мектебі, «Білім-Инновация» мектебі және «Дарын» мамандандырылған мектебі сынды еліміздің жетекші мектептерінде білім алу мүмкіндігіне қол жеткізеді. Қосымша 5000 оқушы онлайн сабақтарға қатыса алады. Оларға Қазақстан Республикасының заңында көрсетілген квота негізінде арнайы мамандандырылған мектептерде оқу үшін орындар бөлінеді. Өз тарапымнан өңірімізде ауыл оқушыларының олимпиадаға қатысуы үшін қажетті барлық жағдай жасалғанын атап өткім келеді, – дейді облыс әкімдігі білім басқармасының басшысы Мейірхан Өмірбек.

Олимпиаданың өңірдегі ұйымдастырушылық жұмыстарын «Жамбыл дарыны» аймақтық ғылыми-практикалық орталығы жүзеге асырады. Орталық директоры Майра Есеналиеваның айтуынша, олимпиадаға қатысу тегін.

– Олимпиадаға қатысу үшін ең әуелі 1000bala.elumiti.kz сайтында тіркелу қажет. Тіркелу 1-30 наурыз аралығында жүргізіледі. «Мың бала» олимпиадасына соңғы екі оқу жылында ауылдық мектептерде оқыған тек 6-сынып оқушылары қатыса алады. Олимпиада екі кезеңнен тұрады. Бірінші кезең онлайн форматта өтеді. Биылғы 3-7 сәуір аралығында таңғы сағат 09.00-ден кешкі сағат 22.00-ге дейін 1000bala.elumiti. kz сайтында тестілеуден өту керек. Тестілеу «Логикалық ойлау» және «Кеңістіктік ойлау» деп аталатын екі бөлімнен тұрады. Қатысушы бала әрбір бөлім бойынша 20 сұраққа 90 минутта жауап беруі тиіс. Жалпы сұрақ саны – 40. Тестілеуге интернетке қосылған смартфон, компьютер немесе планшет арқылы өтуге болады. Сондай-ақ, қатысушылар тестілеуді өз мектептерінде немесе өңірлік «Дарын» орталықтарында да өте алады. Облыстар бойынша ең жоғары қорытынды балл алған 5 мың оқушы олимпиаданың екінші кезеңіне жіберіледі. Екінші кезең 26-28 сәуір аралығында өтеді. Тестілеу Тараз қаласы, Тәуке хан көшесі, №24 мекенжайындағы «Ustudy» тестілеу орталығында өткізіледі. Қатысушылар компьютерлік тестілеу өткізілетін мекенжайға міндетті түрде келуі керек. Бұл кезеңде қатысушылар «Математикалық сауаттылық», қазақ тілінде оқитын оқушыларға «Қазақ тілі», орыс тілінде оқитын оқушыларға «Орыс тілі» және «Ағылшын тілі», «Жаратылыстану» пәндерінен академиялық білімін бағалайтын компьютерлік тестілеуден өтеді. Тестілеу 100 сұрақтан тұрады және оларға жауап беруге 150 минут беріледі. Сондай-ақ, былтыр олимпиада финалистері болып, ал биыл ауыл мектептерінің 6-сыныбында оқып жатқан 500 оқушыға олимпиаданың екінші кезеңіне автоматты түрде өтуге мүмкіндік беріледі. Оларға олимпиадаға қайта тіркелудің қажеті жоқ, – деген орталық директоры Майра Аманқұлқызы биыл сайтта өткен жылдағы тест тапсырмалары бойынша дайындалуға мүмкіндік беретін тренажер (https://ro.elumiti.kz) іске қосылғанын да жеткізді. Айта кету керек, апелляция қарастырылмайды.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support