- Advertisement -

Әуезовтің бітпей қалған очеркі

124

- Advertisement -

Заңғар жазушы Мұхтар Әуезовтің «Америка әсерлері» деген очеркі 1960 жылы ақпан-наурыз айларында белгілі жазушы, ақындар: Леонид Леонов, Олесь Гончар, Степан Шипатаевтармен бірге Америка Құрама Штаттарына барып қайтқан сапарынан жазылған. Жазушының науқастанып қалуына байланысты үлкен очерктің екінші бөлімі бітпей қалады. Очерктің бірінші бөлімінде айтылғандай, мұхиттың арғы шетінде айдан астам уақыт жүргенде: екі рет Вашингтонда, екі рет Нью-Йоркте, Калифорния мен Лос-Анджелесте және сол штаттың Фресно графствосында, одан кейін Аризона штатында, оның орталығы Феникс қаласында, қайтарда Бостон шаһарында бірнеше күн болады.

Жолсапар очеркте жазушының алғашқы екі қала: Вашингтон мен Нью-Йорктен алған әсерлері, аңғарып, түйген-жағдаяттары баяндалады. Көлемді очерктің бірінші бөлімін «біз қарлы, жауын-шашынды, әлі қысы аяқталмаған, Вашингтон, Нью- Йорк тұрған Атлант теңізі жағасынан бұл мемлекеттің маужыраған жылы жағы – Тынық мұхит жағасындағы Калифорния штатына ұшуға беттедік. Алдымыздағы ендігі біздің көңіл қиялымызды тартқан қала – Лос-Анджелес» деп аталуынан автордың өзге штаттар мен қалаларда болғандағы көрген-білгендерін, көңілге түйгендерін жалғастырып жазуды жоспарлағанын, көпшілікке беймәлім, оңай таныла қоймайтын қат-қабат, қатпар-қатпарлары мол елдің жай-жапсары жайында біраз сөз айтуды мақсат еткендігін аңғару қиын емес.

Мақсат демекші, автор очеркке кіріспес бұрын «үш түрлі жайдан өзіміздің ардақты оқушылар алдынан өтініп алу мақұл деп білдім» деп, алдына қойған міндетін өте бір үлкен жауапкершілікпен анықтап алады да, «жазатын сөйлемдерді өзіміздің оқушының білгендеріне, сезіп-танып жүргендеріне аз да болса қосымша боларлық жөн-жосықтар баяндай түспекпін». Яғни, оқырман өзінің білгендеріне «менің көрген-сезгендерімді», «тоқып-танығанымды қоса түссін… ең бірінші еске солар, оқушыдан өтініп өтер жайымның бірі – осы» дейді.

«Екінші жай: менің жазатыным тек көргеннен, көзбен көргеннен алған тікелей әсер ғана» – деп өзінің саяхатшы емес екенін, жазғанның саяхатнама емес екендігін ерекше атап айтады. Өйткені, саяхатнамаға аса жауапты талаптар қойылатыны білгілі. Ол ұзақ уақыт зерттеп барып жазатын, оқырман білімін байытатын құнды еңбек екенін ескертеді.

Жалпы, халықаралық тақырыпқа жазылған, шетелдік сапарлардан туған дүниелерді саралауға, олардың жанрлық аражігін тануда, теориялық тұжырымын жасауда осындай айқындықты ұстансақ, аталмыш тақырыпқа жазғандардың бәріне бірдей бірөңкей бөрік кигізіп жариялай бермес едік.

Мұхаңның бағалауынша, Америка Құрама Штаттары – екі жүз жылдан астам тарихы бар, мәдениеті дамыған аса зор ұлы мемлекет. «Ондағы тарихтық, мемлекеттік, қоғамдық, аса шебер ұзақ өскелең алуан- алуан ерекшеліктері, қайшылықтары, даму- өрлеу заңдары қым-қуыт қиын дүниелер.. аз аралаған жолаушыға оңай таныла қоймайтын қат-қабат, қатпар-қатпары бар».

Сол себепті күрмеуі қиын, күрделі дүниені «білгір кісі болып сөйлемек те емеспін» дейді. Үшінші ескертпесі – осы.

Бұдан жазушының деректі шығармада оқырманда ақиқаттан титтей де болса ауытқытпай ұстайтынын, қалам қуаты, көркемдік деңгейі биік бола тұра шындықты бәрінен де жоғары қоятынын аңғарамыз. Әрі жазатын объектісіне соншалық жауапкершілікпен қарайтынына, оны бүге-шігесіне дейін зерттемей, көпке арнап сөз айтпайтынына тағы да көз жеткіземіз.

Мұхаңның оқырманға айтқан үшінші ескертпесіндегі «білгір кісі болып сөйлемек те емеспін» дегені дәл осы кезде дамыған елдер журналистикасы ұстанып отырған негізгі принциптердің бірі десе де болады. Айталық, «Ассошиэйтед Пресс» агенттігі, «Би-Би-Си» корпорациясы, дүниежүзіне хабар беретін «Си-Эн-Эн» телестанциясының бірнеше елдерге тарайтын еларалық ірі газеттер осы көзқарасты жақтайды. Олар тек көзбен көргенді ғана хабарлаймыз, өмірлік деректің өзін ғана сөйлетеміз, оған баға беру, ол туралы өз пікірімізді тықпалау біздің міндетіміз емес дейді. Шынайы демократиялық қоғам құру кезінде, пікір алуандығын сыйлайтын елде бұл концепцияның орны мүлде бөлек.

Осы очерк жазылатын алпысыншы жылдардың басында Кеңестер Одағы мен Америка Құрма Штаттарының арасындағы саяси хал-ахуалдың шиеленісе түскені тарихтан белгілі. Өзге идеология үстемдік құрып тұрған елдің шындығын жасқанбай айту, жігін жатқызып жеткізу, батыл да шебер суреткердің ғана қолынан келсе керек еді. «Кеңес әдебиеті өкілдеріне арналған қырыс-теріс қабақ, қас-қияс көңілі де біліне қойған жоқ» деп екінің бірі айтар ма еді? Нью-Йорк қаласын аралағаннан кейін «анық мәдениеті зор, анық зәулім қала осы дейсің» деп жазуы, ақиқаттан аттап кетпегендіктен туған тұжырым екені даусыз. Американдық өмір салтына ауыз ашып, көз жұмып таңдана бермей, социалистік құрылыспен салыстыра сынай қарап отырады.

«…Кеңес әдебиеті дейтін көпұлтты, көптілді туыстас әдебиеттер қатары мол екенін біле қоймайтын тәрізді… бірен- саран болмаса, көпшілік жазушыны, көп ірі шығармаларды білмейтіні байқалады», – деп дөп басады, кино өнері жайында: «терең, қиын оқиға, өзгеше мән-мағына да жоқ. Бірақ, барлық «қызығы» дерлік қанжар, қан өлтіру, жою, өлу-өшу жөнінде болуында… Мол ақша табар тартымды үлгілерді осындай қантөгіс сұмдықтарға толы оқиғаларда, суреттерде, кино әңгімелерде болады екен… Мұндай көркем өнер, болмыстар – бүгінгі Американың әрі шындығы, әрі соры дегені қандай дәл. Ол елдің материалдық игіліктерге бай, тұрмыс дәрежесі биік, техникалық жарақтану жағынан жоғары болғанымен, интеллектуалдық тұрғыдан шығындап кетпегені дүниежүзіне мәлім.

Сол елдегі өркениетке, адамзаттың рухани байлықтарына «ірге, негіз» болған ең алдыңғы мәдениет көздеріне, өнер түрлеріне жасалған білгір де әділ талдау автордың білім көкжиегінің, наным кеңістігінің ғажайып кеңдігімен таңдандырады. Вашингтондағы Конгресс, Шекспир кітапханалары, Нью-Йорктегі әлемге әйгілі жүз екі этажды Эмпайер Стейт Билдинг небоскребі, аспалы Бруклин көпірі, Американың реалистік мектебі дейтін топқа қосылатын Реджинальд, Гриш, Марш сияқты суретшілері және сол қатардағы Ричард Липпольд жасаған «Күн», «Джим-Эристің» «Тыныштық» деген шығармаларын, кино өнері мен телевизия берілімдерін атақты Бродвей театры туындыларын уақытпен кеңістікке еркін саяхат жасай отырып талдауы осы салалардың мамандарын таңдандыратынына күмән жоқ. Сол туындылардың күш-қуатын адамзатқа еткен игілікті әсерлерімен бағалайды. Олардың кейбіреулерін «көргенде түсінейін десең – дауласасың, сүйсінейін десең – әсірелеген жасандылығын ойлап ызаланасың» дейді.

Ұлы суреткердің қай шығармасынан да анық сезілетін көркемдік қуат, сөзбен өрілген сурет, өз сөзімен айтқанда «мың бояудың тоғысы» бұл очеркте де жеткілікті. Мысалы, алғаш рет мұхитты қиып өтіп, Нью-Йорктың аэропортына келіп түскенде, әртүрлі самолеттер қозғалысын «біреуі баяулап, біреуі ағызып жүріп жатады. Кейбіреулер қалықтап, жайлап барып- барып біраз шаққа қалтиып, қозғалыссыз тұрып қалады. Содан кейін ағыза-зырлай, оқтай зулай жөнеледі. Бейне бір үлкен теңіз түбіндегі әр алуан, әр атаның ұлы, балықтар, жайындар, теңіз түбінің өзгеше хайуанаттары тәрізді. Бір-біріне жылжи тақай келіп тұрысып, бір кішілеуі жүйткіп өтіп, кейбір үлкендері қалғығандай мелшиіп, бір сәт тұрып қалып, енді бірде үнсіз ағыза жөнелетін тәрізді, сондайлық теңіз жүзіндей, не теңіз түбіндей ұшып- қонысқан, сүңгіп-шүйген мол әлемнің көп өзгеше жәндігі өз қимыл-қозғалысын, барлық болмысын аңдатады», – дейді. Аэропорттың күту залында отырған адамға, әйнектің арғы жағындағы көріністің дәп сондай екні рас қой. Дәл теңеу.

«Америка әсерлері» – Мұхтар Әуезовтің дерегі мол, танымдық талдауы терең, көркемдік деңгейі биік, публицистикалық шығармасы.

 

 Намазалы ОМАШҰЛЫ,

филология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.

 

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support