- Advertisement -

Әкені аңсау

321

- Advertisement -

1991 жылдың қаңтар айы. Мен Алматы қаласындағы Қазақ мемлекеттік университетінің 4-курс студентімін. Жатақханадағы телефонға кезекші апайымыз шақырды. Алып-ұшып барсам Жамбылдан хабарласып тұрған әкем екен. Хал-жағдайымды біліп, жаңа жылға неге келмегенімді сұрады. Мен «Санат» баспасына редактор болып қызметке тұрғанымды, жақында барып қалатындығымды айттым. Оған қатты қуанып қалған әкем «балам менің арманым Алматы еді, Құдай бетіңнен жарылқасын, қызметіңнен айырылма», деді. Араға ай салып, Аса қайдасың деп тартып тұрдым. Алғашқы айлығыма әкеме деп жейде мен галстук алғанмын. Туған күнімен құттықтап, сый-сияпатымды беріп қайтпақшымын. Ал ең бастысы, әкеммен арқа-жарқа әңгімелесіп, оқуды бітіргенде «қайда қалам, не істеймін?» дегендей сан алуан сұрақтың күрмеуін шешіп, болашағымды бағдарламақпын. Осылайша тәтті қиял үстінде Алматының пойызынан түсіп, Қаратаудың пойызына мініп, үйге таңертеңмен кіріп келгенімді де байқамай қалыппын. Алдымнан шыққан әпкем (әкемнің қарындасы) «Бақытжан-ау, Бақытжан әкеңнен айырылып қалдық қой» дегенде біреу тас төбемнен суық су құйып жібергендей мелшиіп тұрып қалдым. Есеңгіреп кетіп есімді жисам, анам мен аға-қарындас, туған-тумалардың барлығы құшақтап ап жылап жатыр. Менің көзімнен жас шықсайшы. Мелшиген де қалғанмын. Ертесіне әкемді жерлеп келгенде ғана көз жасым жауынмен бірге бетімді жауып кетті. Әкемнен шын айырылғанымды енді сезіп, егіліп жылай бердім, жылай бердім…

Әкетайым
(Әкемнің жаназасын шығаратын күні жаңбыр да құйып тұрды)

Сарылайын, сағынайын, жабығайын,
Қалай ғана ауыр ойдан арылайын.
Сұр бұлт, күн көзін жауып кетті,
Жеп барады ішті өртеп сары уайым.

Қоюланып қара бұлт аспан жапты.
Дүние де шыр айналып бара жатты.
Қалай қиып тастап кеттің әке бізді,
Аспанда бізбен бірге жылап жатты.

Құлындарың артта қалды әкетайым,
Енді қалай өзіңізді ұмытайын.
Қыран құсап қыр басына әкелдің де,
Тастап кеттің енді мен неғылайын?!

Шыңда отырмын, жүрегім зуылдайды,
Төмен қарап, сізді ойлап, болып қайғы.
Әкетайым енді мен қалай ұшам,
Сіз барда ойлап па едім бұндай жайды.

Қақсам әке қанатым талмайды ма?
Өмір жолы тым ұзақ болмайды ма?
Сол жолдан жаңылам ба деп қорқамын,
Жоқ әлде «әруағыңыз» қолдайды ма?!

Биіктеп ұшқанымды қалап менің,
Әрқашан ақылыңды айтып келдің.
Үңірейіп өмірде қалған мынау,
Ботадай боздап, мен-дағы қала бердім.

Түсіндім бе кезінде әке жайын,
Бармақ тістеп қалдым ғой неғылайын.
Аңсап күткен келді міне көктеміңіз,
Жүрегіммен мол шуақ мен құяйын.
Қайта оралып келсейші, әкетайым!
Қайта оралып келсейші, әкетайым!!!

Бұл өлең дәл сол күні осылай туған еді… Мен әкемді әке дей қойған жоқпын. Нағашы әжемнің қолында өскендіктен ерке әрі шолжаңдау болдым. Бетімнен ешкім қақпайтын. Не істесем де дұрыс. Тіпті сабаққа да селқостау қарадым. Тәртібім де онша емес еді. Тек мектепте жүргенде әдебиет сабағына ынтызарым зор болды. Әйтсе де, мұғалімнің айтқанын аузым ашыла тыңдап, ертесіне өзіне сол қалпында айтып беруден аса алмадым. Бір күні менің өмірімде күрт өзгеріс болды.

Аудан орталығы Меркіден біздің сыныпқа келген қыз үйге берілген тапсырманың мазмұнын айтқанда барлығымыздың аузымыз аңқиды да қалды. Сондай жатық. Тыңдаған сайын, тыңдай бергің келеді. Оған дән риза болған апайымыз «Көрдіңдер ме балалар, қандай тамаша. Ал біздің Бақытжан болса келтесінен қайырып, тәп-тәуір дүниенің «жұлым-жұлымын» шығарады. Оның барлығы жауапсыздықтан, өз бетінше оқып, зерделеу жоқ», – дегені бар емес пе. Бетімнен отым шықты. Бұл қызға дейін мен өз-өзімді әдебиеттен алдыма жан салмайтын алғыр бала санайтынмын. Сөйтіп не керек, әдебиет әлемімен таныстығым жақынырақ осы тұстан басталды.

Әйтсе де, мектеп бағдарламасынан ұзап шыға алмаған баланың қанша алғыр болса да барар жері белгілі. Менің қазақ ақын-жазушылардың шығармаларымен толыққанды танысуым, әкемнің қолына келуден басталды. Әдебиетке жақын бола тұра, өз бетімше әдеби кітаптарды оқымайтынымды байқаған әкем біраз ақыл-кеңесін берді. Өзі кітап әкеліп, оқуымды қадағалады. Сөйтіп мен алғашында Бердібек Соқпақбаев, Сайын Мұратбеков, Мұзафар Әлімбаев, Тұманбай Молдағалиев сынды ақынжазушылардың ғажайып балалар туындыларымен таныссам, кейінірек Мұхтар Әуезовтен бастап, Шерхан Мұртаза, Тайыр Жароков сияқты көптеген ақтаңгер ақындар мен ақиық жазушылардың шығармаларын оқып, рухани азық жинадым.

Мұның барлығы 6-сыныптан бастап, қолына алған, ақылы мен кеңесін айтудан еш жалықпай дұрыс тәрбие бере білген әкемнің арқасы деп білемін. Кейде мен әжемнің қолында жүріп, «балалық бал дәурен шағымның» барлығын ойынның «қызығы мен шыжығына» өткізіп алған жоқпын ба деп те ойлаймын. Басынан әкемнің қасында болғанда басқаша болар ма еді? Бүлдіршіндерге жазған өлеңімен бала кезімде сусындап, ертегіге елітіп өскенімде ғой, шіркін. «Тісі шыққан балаға шайнап берген ас болмайды», – демекші өсіп, өрен болып келгенде қазақтың сан алуан қиял-ғажайып әңгімелері мен ертегілерінен тыс қалғанымды байқағандаймын ба, қалай?

Жә, бұл да сылтаудың бір түрі шығар. Ең бастысы, мен әкемнің аялы алақанының арқасында әдебиет әлеміне келгенімді еш жасыра алмаймын. Қайта «оқып-шоқуыма» жағдай жасап, бар білгенін үйреткенін мақтан тұтамын. «Жақсының аты, ғалымның хаты өлмейді», дейді қазақ. Менің әкемнің атына өзі туған ауылы Т.Рысқұлов ауданы, Луговой кентінде көше берілсе, Жамбыл ауданының орталығы Асадан да өзі тұрған үйге ескерткіш тақта орнатылып, көше аты берілгені әкеме деген құрмет деп білемін. Тек өкініштісі – Асада берілген көше аты ұшты-күйлі жоқ болып кетті. Нақтырақ айтқанда, көше тұр, әкемнің аты берілген құжат жоқ. Іздестіріп едік, таппадық деген желеумен әлі күнге дейін әкемнің атын көрсетіп тұратын көрнекілік жазуы ілінбеген. Бірақ қазіргі аудан әкімі Ерлан Қыдыралыұлы жаңадан түсіп жатқан ең ұзын көшенің біріне Совет Әлімқұлов ағамыздың атын береміз», деп мені желпіндіріп қойды. Әрине, ол 85 жылдығына жүзеге асса нұр үстіне нұр болар еді.

PS: Егемендігімізді алған 32 жыл ішінде талай табыстарға қол жеткізіп, ел еңсесі де көтерілді. Ендігі мақсат – «Келешегіміз кемел, болшағымыз баянды» болу үшін Президенттің өзі атап көрсеткендей, рухани жұтаңдылыққа жол бермеуіміз тиіс. Оны тағы да бір тарихымызға шолу жасап, хандар мен билерді түгендеумен қатар, алып батырлар мен ақтаңгер ақындар және кемеңгер жазушылардың сыр сандығынан шығып, жыр сандыққа айналған шығармаларынан іздеген жөн-ау. Бақытжан СОВЕТҰЛЫ, Қазақстан Жазушылыр одағының мүшесі, сатирик-ақын.

 

Бақытжан СОВЕТҰЛЫ,
Қазақстан Жазушылыр одағының мүшесі,
сатирик-ақын.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support