- Advertisement -

Жан бағуға жетпейтін жалақы

40

- Advertisement -

Күнделікті тұтынатын тауарлардың бағасы жарық жылдамдығындай шарықтап жатқан қазіргідей уақытта руханияттың шырағын сөндірмей, шуағын аялап отырған мәдениет саласы мамандарының мәселесі әлі толық шешілмей отырған сыңайлы. Президенттің тікелей пәрменімен жыл басында сала қызметкерлерінің жалақысы өсті деп қуанғанымызбен, мамандардың айлығы шайлығына жетпей отыр…

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында «Жас, әрі дарынды мүсіншілер, суретшілер, актерлар, музыка, театр қызметшілері, қаламгерлер жаңа жанр түрлерін игеріп, өнер саласында көп, ұдайы ізденуде және жақсы нәтижелерге жетуде. Бірақ олар көмекті, дәріптеуді меценаттардан күтуде, солар арқылы танылуда. Мемлекет тарапынан елеусіз қалуда. Сондықтан үкімет пен сарапшылар жаңа мәдениетті, оның дарынды өкілдерін дәріптеуге арналған нақты шаралар жоспарын жасау керек», деп жауаптыларға нақты тапсырма берген болатын. Өз сөзінде Президент мәдениет қызметкерлері, мұрағатшылар мен кітапханашылардың жалақысын 2025 жылға дейін жылда орт а есеппен 20 пайызға өсіруін тапсырды. Нәтижесінде, жыл басынан аталған сала қызметкерлерінің жалақысы өсті. Бірақ, қаншалықты? Көтерілген жалақы күнделікті қажеттілікке жете ме? Осы сауал бойынша өңірдегі мәдениет саласында жүрген мамандардың өздерімен тілдестік.

– Жалақы мәселесі біз үшін айта- айта жауыр болғалы қашан. Осы салада талай жыл еңбек етіп келе жатқан маман ретінде аталған мәселенің бірде- бір рет жемісті шешілгенін көрген емеспін. Өнер саңлақтары сан мәрте сахнаға шығып, ел алдында жүрсе де, олардың мәселесіне қолында билігі бар кісілер осы күнге дейін көз қиығын салмай келгені көңілге күмән ұялатады. Дәл осы тұста Мемлекет басшысының бұл мәселеге назар аударғанына қатты қуандық. Осылайша, жылдың басында жалақымыз өсті. Алайда өскен жалақымыздың өзі мардымсыз. Күнделікті азық-түлік бағасы жалақыдан да жылдам өсіп жатыр. Осы салада жиырма жылдан аса уақыт еңбек етіп жүрген біздің айлығымыз екі жүз мың теңгеге де жетпейді. Сол себептен маман тапшылығы да туындап отыр. Себебі жастар қазіргі нарықтың талабы бойынша кемінде үш жүз мың теңге айлық алғысы келеді. Көп айлық сұрайды деп оларды да кінәлай алмайсың. Себебі қазір ақшаның еш құны жоқ. Бір айлыққа қарап тағы отыра алмайсың. Талай жылдық еңбек өтілі бар мамандардың өзі мардымсыз айлықпен жүргенде, жастарға ондай жалақы қайдан болсын? Сол себепті жастар Елорда немесе Алматыға кетіп жатыр. Шынтуайтында халықтың ішінде, басқа салалармен салыстырғанда өнер адамдарына деген құрметтің жоқтығы осыдан-ақ білінеді. Жасыратыны жоқ, жалақы аз болғандықтан қосымша жұмыс істеп, пайда табуға тура келеді, – дейді Асқар Тоқпанов атындағы облыстық қазақ драма театрының қоюшы-суретшісі, Қазақстан Республикасының Мәдениет саласының үздігі Рахат Сапаралиева.

Өңірдің тарихымен тағдырлас өнер шаңырағындағы жағдай осындай. Мұндағы ел білетін сахна саңлақтарының өзі бүгінде той жағалап, табыс табуға мәжбүр. Халық күткен қойылымдарға дайындалып жүріп, қосымша жұмыспен айналыспауға амалы жоқ. Себебі қас пен көздің арасында халықтың қалтасын қағып- сілкіген баға бағамына қарамастан отбасын асырау керек. Бұл жағдай театр қызметкерлеріне ғана емес, өңірдегі барлық өнер адамдарына да ортақ мәселе.

– Иә, 2025 жылға дейін кезең- кезеңімен, яғни әр жыл сайын 25 пайыздан қосу арқылы мәдениет саласы мамандарының жалақысын 100 пайыз өсіру жоспарланған. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Үкіметтің қаулысы да бекітілді. Осы қаулы бойынша 2022 жылы облыстық филармония қызметкерлеріне 23 пайыз, 2023 жылы 22 пайыз көтерілген. Сонда жалақымыз бүгінгі таңда 45 пайызға ғана көтерілді. Ал 2024 жылы 25 пайыз, 2025 жылы 30 пайызға көтерілмек. Барлығы сол кезде 100 пайызды құрамақ. Көтерілген сайын барлық тауардың, азық-түліктің құны да, коммуналдық қызметтер де көтеріліп жатыр.

Жалпы, азаматтық қызметшілердің еңбекақы төлеу жүйесіне сәйкес мәдениет және архивтер ұйымдарының басқарушы персоналы (А блогы) басқарушы қызметкерлерінен тұрады. Ал негізгі персоналға (В блогы) ұйымның негізгі міндеттері мен функцияларын іске асыруды қамтамасыз ететін қызметкерлер жатады. Осы А блогындағыларға директор, директордың шығармашылық жұмыстар жөніндегі орынбасарына тағы қосымша республикалық бюджеттен 30 пайыз қосылды. Бірақ, бұл кісілер қатарлы А блогындағы басқа қызметкерлерге ол 30 пайыз қосылған жоқ. «Неге бізге 30 пайыз қосылмайды?» деген сұрақ әріптестерімді мазалап келеді, ол турасында пікірлер де басқармаға айтылды. Сондықтан еңбекақыны төлеуді теңдестіру қажет деп ойлаймын. Бірақ ол республикалық және облыстық бюджеттерден қосымша қаржыландыруды қажет ететіндіктен мақұлданбай келеді. Жалпы, өнер адамдары ерекше жаралған жандар ғой. Олар сахнада әдемі киінуі керек, елге үлгі болуы керек. Шығармашылығын үнемі арттырып отыруы тиіс. Талап солай. Бірақ, әлеуметтік жағдайың дұрысталмаса бәрі бекер. Күллі қазаққа белгілі Тұңғышбай Жаманқұлов та осы турасында біздің министрлікке 2019 жылы хат жазған. Бірақ сол күйі нақты шешімін таппады, – дейді Кенен Әзірбаев атындағы облыстық филармония директорының орынбасары, әнші-композитор Жандос Омаров.

Аталған мәселе өңірдегі мәдениет саласына қатысты әрбір маманды айналып өтпейтіні айдан анық ақиқат. «2020 жылы кітапханашының негізгі персоналдарының лауазымдық жалақысына 35 пайыз қосымша ақы берілген. 2022 жылдан бастап барлық қызметкерлерге 23 пайыз лауазымдық жалақы қосылды. 2023 жылдан бастап 22 пайызға өсті. Десек те, қымбатшылық қысқан қазіргідей уақытта жалақы қанша жерден көтерілсе де, тапқан табысымыз көзге көрінбейді. Сондықтан әлі де болса кітапханашылардың жалақысы өссе деген талап-тілегіміз бар. Қазаққа саналы да сапалы ұрпақ керек. Осы орайда Мемлекет басшысының кітапхана ісіне айрықша мән беріп, қолдау көрсетуі – келешек үшін жасалған игілік. Мәдениет қызметкерлерінің мәртебесін көтеру арқылы білімді ұрпаққа жол ашатынымызды ұмытпайық», – дейді кітапханашы Раушан Рахымбердиева.

Кітапхана ісі мамандарының айлығына қарап «Қазіргі жастар кітап оқымайды» деп қанша жерден байбалам салсақ та, онымыз бекершілік екені белгілі. Сондықтан, әуелі мамандардың әлеуметтік мәселесі шешілсе, олардың жұмысы да жүйеленетіні естен шықпаса екен дейміз. Аталған мәселеге орай біз «Дипломмен ауылға» бағдарламасымен аудандарда еңбек етіп жүрген жастардың да пікірін білдік.

– 2015 жылы сол кездегі Тараз мемлекеттік педагогикалық институтын аяқтап, бірден Жамбыл ауданына жұмысқа келдім. «Дипломмен ауылға» бағдарламасы аясында жеңілдетілген несиені де алдым. Басында еңбек жолымды клуб қызметкері болып бастадым. Басқа салалармен салыстырғанда мәдениеттегі мамандардың жалақысы өзгелермен таласа алмайтыны әу бастан белгілі. Мен өз мамандығымды жақсы көретіндіктен әй-шайға қарамай, осы салаға сіңіп кеттім деп айтсам артық болмас. Қандай да бір іс-шара, болмаса мереке күндері де мәдениет саласының мамандары тыным таппай жұмыс істейді. Осы еңбектің ел Президенті тарапынан еленіп жатқаны әрине, жақсы. Бірақ, әлі де болса сала мамандарының жалақысы өсуі керек деп санаймын. Себебі мамандардың басым көпшілігі талай жылдық еңбек тәжірибесіне қарамастан пәтер жалдап тұрады. Өздеріңіз білетіндей, олардың көбінің несиелері де бар. Осы тығырықтан шығу үшін әр жерде қосымша жұмыстар істеуге мәжбүр болуда. Ал басшылық тараптан талап өте жоғары. Талай жыл осы салада сүбелі еңбек етіп, енді жастарға тәрбие беріп, ұстаздық етер тұста мамандардың көбі тұрмыстың тауқыметін арқалап жан-жаққа кетіп жатыр. Жалақы аз болғандықтан облыс орталығына бармайтын жастар, ауылдық жерде мүлде тұрақтамайды. Әйтпегенде, ауыл мәдениетін көтеруге ниетті жастар аз емес. Сондықтан осы мәселе әлі де түбегейлі шешілсе деген үміттемін, – дейді Жамбыл аудандық Мәдениет үйі директорының орынбасары Сағи Мұздыбай.

Бір сөзбен айтқанда, өңірдегі мәдениет саласының мамандары айлықтан айлыққа амалдаумен ғана жан бағуда. Жалақы мәселесі ел шежіресіне шаң жуытпай отырған мұрағатшылардың да мұңына айналған. Шалғай ауылдардағы өнер мектептерінің де мамандары айлықтың өскенін жылдап күтіп жүр. Ұлттың мәңгілік тарихын көздің қарашығындай сақтаумен саналы ғұмырын сарқыған мұражай мамандары да аз ғана жалақымен күн көруде. Қоғамның іргетасы мықты, мемлекеттің мерейі үстем болуы үшін әрбір саланың өз орны бар. «Сен де бір кірпіш дүниеге, кетігін тап та бар, қалан» деп хакім Абай айтпақшы, қандай да бір салаға салмақ артық түсіп, оған көңіл бөлінбесе, ол елдің дамуына да кері әсер етері сөзсіз. Сондықтан Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасына сай, мәдениет саласы қызметкерлерінің мәртебесі артып, жалақы мәселесі оң шешіледі деген сенімдеміз.

 

Нұржан ҚАДІРӘЛІ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support