- Advertisement -

Жүрегім менің жырлайды

42

- Advertisement -

Совет Рахымбайұлы Әлімқұлов
ақын
(1938-1992)

Қамшы

Тиген жерін күйдіріп, осып өткен,
Қамшы ердің болмаған досы тектен.
Тобылғы сап қамшысы жоқ жігіттің,
Құлазып, көңілінің қошы кеткен.

Деме бүгін қамшының құны кетті,
Тұрсын төрде ілулі ол, құдіретті.
Кавказдыққа қанжары болса мақтан,
Қазақ үшін қамшы күш-құдіретті.

…Талабым құлаш ұрып төске менің,
Өмірде қаққы көрмей өскен едім.
Сонда да қарт қолынан қамшы көрсем,
Қалт басып қалдым ба деп сескенемін.

Өлеңсіз өмір сүру қауіпті екен

Келмей кеттің, о, шабыт, көптен нетіп,
Қанша уақыт барады текке өтіп.
Жабыққанда жебеуші ең өлең сыйлап.
Алдым ба абайсызда өкпелетіп?

Келмей кеттің осы екен азап анық,
Кейде күлем, кей сәтте назаланып.
Отырам өткеніме, түрлі сұрақ
Жанымды тыншытпайды мазаны алып.

Кеудемде аласұрып, үдеп боран,
Бір ойға тоқтай алмай тіреп табан.
Өзіңді сағынумен, ақ періштем,
Күннен-күнге басылып жүдеп барам.

Жанымды жүдеу тартып көрікті орман,
Бұрынғыдай ұшпайды ерікті арман.
Түспейді ақ қағазға жыр жолдары,
Бұлақтай көзі бітіп, кеуіп қалған.

О, шабыт, сенсіз ғұмыр құны төмен,
Сенсіз сезім құм болып үгітілген.
Айырылып асқақ арман қанатынан,
Жүректі шарасыздық уы тілген.

Сенсіз солай, думан жат, сауық бөтен,
Кейде ойдан қалжырап ауып кетем.
О, шабыт, келші мені өгейсітпей,
Өлеңсіз өмір сүру қауіпті екен.

Жүрегім

Жүрегім, алтын қазығым,
Жомартым,адал, нәзігім.
Сенің жоқ маған жазығың,
Менің көп саған жазығым.
Өзіңді қанша қинадым,
Сонда да мені қимадың.
Сағатша соғып кеудемде,
Ақ шуақ өмір силадың.
Жүрегім – менің тірегім,
Қолтықтап әр кез тіредің.
Ауырсам жиі лүпілдеп,
Амандық маған тіледің.
Ауыр жүк артып асықтым,
Аямай кейде жасыттым.
Сондада соғып тоқтамай,
Бойымда қанды тасыттың.
Жүрегім, қанша езбедім,
Бағаңды қалай сезбедім.
Өзіңді қанша налыттым,
Сонда да менен безбедің.
Өмірдің құнын білсін деп.
Жақсылық тілеп кеудемде,
Ризамын, тұрсың дүрсілдеп.

Жүрегім менің жырлайды

Уақыт, уақыт зырлайды,
Алмайды бір көз іліп.
Жүрегім менің жырлайды,
Қатайып кей сәт езіліп

Уақыт, уақыт зырлайды,
Асыға аққан бұлақтай.
Жүрегім менің жырлайды,
Желді күнгі құрақтай.

Уақыт, уақыт зырлайды,
Асыға аққан бұлақтай.
Жүрегім менің жырлайды,
Өмірімнің сағаты.

Уақыт, уықыт зырлайды,
Үлесін алдан алам деп.
Жүрегім менің жырлайды,
Бір күні соқпай қалам деп.

Уақыт

Күндер өтіп барады сусылдаған,
Әр күнім, қалай қарап жүрсің маған?
Мен де бір жел айдаған құланыңмын,
Ащы көл, тұщы көлден сусындаған.
Уақыт зулап барады асықтырып,
Жаныңда жыр жатсын деп тасып, тұнып.
Дөңгелейді ару күн алға қарай,
Қызығына дүниенің ғашық қылып,
Таңба салып, әр күні тасқа кертіп,
Қалдырсам деп ескерткіш асқақ етіп.
Шыңыраудың түбінен сыр тартамын,
Барады-ау деп бал дәурен бастан өтіп.
Тағдырым тарта берсін қиындарын,
Шабыт – пірім табынып, сыйынарым.
Мол қармауға аптығып сезген сайын,
Қара жерден топырық бұйырарын.
Ынтызарым жыр болып гүлдер әсем,
Ой теңізді күндіз де, түнде кешем.
Өмір сүріп қалайын өкінішсіз,
Өтіп жатқан кетпесін күндерде есем…

Жүрегімді тыңдашы

Жүрегімді тыңдашы:
Жас балапан,
Өсіп толсыншы деп соғады.
Қара аспан аман,
Болсыншы деп соғады.
Жүрегімді тыңдашы:
Гүлін ашқан қызғалдақ.
Қурай көрмесін деп соғады.
Көк желек алқа тізген бақ,
Шулай көрмесін деп соғады.
Жүрегімді тыңдашы:
Сырлы күй шерткен домбыра,
Тыңдасын деп соғады.
Жүрегімді тыңдашы:
Таратып таң ақ шуақ,
Атсын деп соғады.
Шекарасыз жұрт шулап,
Жатсыншы деп соғады.

Күндер өтіп барады сусылдаған

Күндер өтіп барады сусылдаған,
(Әр күнім қалай қарап жүрсің маған).
Мен де бір жел айдаған құланыңмын,
Ащы көл тұщы көлден сусындағын.

Әр күнді түсірсем деп тасқа кертіп,
Ескерткіш қалдырсам деп асқақ етіп,
Шыңыраудың түбінен сыр тартамын,
Бал дәурен барады-ау деп бастан өтіп.

Іздеймін аласұрған құйын арын,
Шабыт – пірім табынып, сыйынарым.
Сезген сайын аптығам мол қармауға,
Қара жерден топырақ бұйырарын.

Ынтызарым жыр болып гүлдер әсем,
Ой теңізді күндіз де, түнде кешем,
Әйтеуір, кетпесе екен күндерде есем.

Календарьдың ұшып жатыр парағы

Календарьдың ұшып жатыр парағы,
Күндер, күндер зулап өтіп барады.
Күрт құласа демі бітіп кәрі ағаш,
Балауса тал көктем бүршік жарады.

Күндер, күндер зулап өтіп барады,
Көңілдерде түрлі белгі қалады.
Ағып түссе көк төсінен бір жұлдыз,
Екіншісі жарығырақ жанады.

Дүбірлете шапқан аттай даланы,
Күндер, күндер ағып өтіп барады.
Бір құсқонса жерге талып қанаты,
Бір балапан көкке қанат қағады.

Бір тіршілік тамыр жайып өседі,
Бір тіршілік мәңгілікке өшеді.
Аспандағы ала бұлт та бір жерде,
Тұрақтамай әлсін-әлсін көшеді.

Дүбірлете шапқан аттай даланы,
Күндер, күндер ағып өтіп барады…

Құлындарым

Жанымда жарады көп гүлін дарын,
Ұғыңдар онда тілек-шырын барын.
Бар қайғыны кетейін мен арқалап,
Сендер жаси көрмеңдер, құлындарым.

Мен-ақ естиін тағдырдың мұңын, зарын,
Сендер бұзба ұят, ар, дінін заңын.
Маған-ақ бата берсін бар қиындық,
Сендер жаси көрмеңдер, құлындарым.

Құлындарым, жалғасым, болашағым,
Қайта оралған көктемім,бала шағым,
Мен үшін келе жатса күз жуықтап,
Сендер үшін басталды тамаша күн.

Болғанда бірің шекер, бірің балым,
Түсініңдер өмірдің сырын қалың.
Біреуіңнің қалт басып, жығылғаның,
Менің де қара тасқа ұрынғаным.
Түсініңдер осыны құлындарым

Көңіл сезімдері

Гүлдер сынды қаулап шыққан өңірге,
Адамдар бар неше түрлі өмірде.
Бірі оның жараласа жаныңды,
Бірі күн боп ұялайды көңге.

* * *

Бірі саған құшақ жайса шалғайдан,
Бірі сені күте-күте сарғайған.
Бірі сенің талантыңа бас исе,
Бірі дайын соғуға қас маңдайдан.
Бірі сені шықса сүйеп асуға,
Бірі әзір сыртыңнан сөз тасуға.
Бірі сенің тұнығыңды лайлап,
Бірі құмар жемісіңді басуға.

* * *

Адамдар-ай, қилы-қилы мінезді,
Жақсы көріп, жарылқамақ кім езді?
Шіркін, сылып тастаса ғой бойдағы,
Көре алмастық, күншілдік-дерт мерезді.

* * *

Жеңілтек су өрден құлап алға ақты,
Жел ұшырып дөңгелетті қаңбақты.
Бір орында тапжылмай жалғыз-ақ.
Тұрды жартас байсалды да салмақты.

* * *

Тұра алмайтын ғайбатына жан шыдап,
Талай сөздер өтті мені қамшылап.
Сонда-дағы міз бақпадым жартастай,
Жала сөзден тұрды арым аршып ап.

* * *

Табиғатқа қояр кінә бар ма айып,
Болды көзден жазды күнгі сән ғайып.
Тал-теректер жалаңаш қан сидиып,
Жапырақтар ұшып жатыр сарғайып,
Кеше ғана тұрған жайнап, нұр сіңіп,
Семіп жатыр сабағынан гүл сынып.
Оның аяп мұнша қысқа ғұмырын,
Тұнжырады бағбаншы қарт күрсініп.
Бұрынғыдай жатқан түз жоқ сыйқы ұнап,
Құс біткендер қайтып жатыр қиқулап.
Көкке қарап күрсінеді қарт бағбан,
Жүрегінде әлдеқандай күй тулап…

* * *

Табиғат та кетті қалғып тыныстап,
Дем алуға бет түзеді айдағы.
Ақын ойда отыр шашын уыстап,
Есіне алып елестерді қайдағы.
Бұлттар-дағы көшіп жатыр үдеріп,
Тау басына қонғалы.
АҚЬІН отыр жағын таяп түнеріп,
Ойында өлең жолдары.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support