- Advertisement -

Танымал тұлғалардың түсініксіз тұрпаты

10

- Advertisement -

Әлем білетін қаба сақал саясаткер Карл Маркс «Адамға тән нәрсенің бәрі маған да жат емес» деп айтқандай, қазақы қоғамдағы атақты адамдардың бойында да ел түсінбейтін, кейбірі әдепке қайшы деуге болатын оғаш қылықтар мен өмірлік дағдылар, өзіндік ерекше әдеттері аз болмаған. Солардың бірнешеуіне тоқталып өтуді жөн көрдік.

  • Он тоғызыншы ғасырда Арқада өмір сүрген Паң Нұрмағамбет деген атақты бай қолынан қысы-жазы ақ биялайын тастамаған. Халық маңғаздығына орай «Паң» деген атақ берген. Сол Паң төре бол, қара бол, кіммен болсын амандасқанда, қолынан ақ биялайын шешпейтін көрінеді.
  • Атақты Ақан сері қымыз берген үйдің аяғы кір болса, дастарқанын тастап жүре берген, кір жастықтан қашып, ер- тоқымын жастанып, құла дүзге барып қонатын болған.
  • Күш атасы Қажымұқан тышқаннан қатты қорқатын болған. Соны жақсы білетін ақын Иса Байзақов алып балуанға айтқанын істетеді екен.
  • Бауыржан Момышұлы жазу үстеліндегі хаосты, қағаз, кітаптардың қалай болса солай шашылып жатқанын ұнатқан. «Мой порядок – это мой беспорядок» дейді екен.
  • Жазушы Тәкен Әлімқұлов қақаған қыстан жалаңбас шығатын болған. Айтуынша, мұның қан қысымын төмендетуге көмегі тиеді.
  • Жазушы Асқар Сүлейменов күндіз ұйықтап, түні бойы кітап оқып, жазуын жазатын болған.
  • Ақын Жұмекен Нәжімеденов жыр жазып отырғанда сіріңкенің талдарын бір-бірлеп майдалап сындырып отырған.
  • Жазушы Дүкенбай Досжан шығармаларын өмір бойы етпеттеп жатып жазатын болған.
  • Көзі тірі жазушы Тынымбай Нұрмағамбетов үйренген автоқаламын қашан сынып қалғанша қолынан тастамай, ішін ғана ауыстырып отырады екен. Жазуды бастағалы бері автоқаламын екі- ақ рет, ары кетсе үш рет қана ауыстырған. Қырық жылға жуық уақыт ішінде ұстағаны – үш-ақ қалам.
  • Жазушы Мұхтар Мағауин жазуға қазы- қартаға тойып алып бір-ақ отыратынын айтады.
  • Академик Асқар Жұмаділдаевтың ешқашан ұялы телефон ұстамайтынын журналистер жақсы біледі.
  • Таразда ғұмыр кешкен белгілі жазушы Несіпбай Дәутайұлы қысы-жазы басынан шляпасын тастамай өткені жергілікті жұрттың әлі есінде. Көпшілік көзі тірісінде оны бұл жағынан орыстың халық артисі Михаил Боярскийге ұқсататын. Боярскийде тек Дәутайұлыныкіндей ұзын шаш болған жоқ.

 

Дайындаған Нұржан ҚАДІРӘЛІ.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support