- Advertisement -

Тауар өндірушіге де, тұтынушыға да тиімді

76

- Advertisement -

Жәрмеңкенің жиі өткізілгені қала тұрғындары үшін тиімді. Мұнда шаһар жұртшылығы қажетті азық-түлігін дүкен мен сауда орталықтарына қарағанда нарық бағамынан 10-20 пайызға төмен бағада алуларына мүмкіндігі бар. «Алқаптан – сөреге» жобасының да мақсаты осы болатын, яғни ауыл шаруашылығы өнімдерін тұтынушысына делдалсыз, өз бағасында жеткізу.

Негізінен көктем және күз айларында ұйымдастырылатын жәрмеңке биыл ақпан айынан басталып отыр. Облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрби Жігітековтің айтуынша, өткен жылы қала мен аудан тұрғындарының ауыл шаруашылығы өнімдеріне қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында 87 жәрмеңке ұйымдастырылыпты. Онда барлығы 2,2 миллиард теңгені құрайтын 3377 тонна ауыл шаруашылығы өнімдері өткерілген. Жәрмеңкенің 27-сі Тараз қаласында, 60-ы аудандарда ұйымдастырылған. Осы жәрмеңкелерде, атап айтсақ, Тараз қаласында 2121 тонна тауар, аудандарда 1239 тонна өнім өткерілген. Жалпы жәрмеңкеге тұрақты 100-ден астам шаруа қожалығы мен шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері қатысып келеді.

– Жәрмеңкенің жиі өткізілуі тауар өндірушіге де, тұтынушыға да тиімді. Біріншіден, тұтынушы қажет өнімін арадағы делдалсыз қолжетімді бағада ала алады. Екіншіден, шаруа өз өнімін сатылымға шығарып, нарықтағы бағаны тұрақтандыруға үлес қосады. Осы жағынан келгенде жәрмеңкенің аудан орталықтары мен Тараз қаласында жиі ұйымдастыру арқылы баға саясатына аз да болса ықпал ете аламыз, – дейді Нұрби Жігітеков.

Өткен аптада Тараз қаласындағы «Grand bazaar» сауда кешенінде ұйымдастырылған жәрмеңкеге барлық аудан мен Тараз қаласының тауар өндірушілері қатысты. Ол жәрмеңкеге 57,8 тонна өнім ұсынылған. Оның ішінде ет, шұжық пен сүт өнімдері, жұмыртқа, кондитерлік және макарон өнімдері, балық, ұн, бал және жеміс-жидек пен көкөніс бар. Қазіргі таңда халықтың сұранысындағы жылқы, сиыр, қой еттері 2000-2600 теңгенің аралығында сөреге шығарылса, жұмыртқаның 10 данасы 380 теңгеден, жеміс-жидек пен көкөніс нарық бағамынан 100-180 теңге төмен бағада өткерілген.

Жәрмеңке бұдан былай да ақпан айының соңына дейін аптаның әр сенбісінде аудандар бөлінісінде, Тараз қаласында өткізіліп тұрмақ.

 

    Марат ҚҰЛИБАЕВ

Тараз қаласы

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support