- Advertisement -

Жастарды қолдау – жарқын бағыт

164

- Advertisement -

Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев облысқа жұмыс сапарымен келіп, М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің Жастар сарайында жамбылдық жастармен кездесті. «Жастарды қолдау – тұрақтылық пен орнықты дамудың негізі» атты тақырыпта өткен кездесуге облыс әкімінің орынбасары Еркін Үйсімбаев қатысып, өңірде жастар саясатымен жүзеге асырылып жатқан жұмыстарды айтты.

– Жастарды қолдау – болашаққа жасалған жарқын бағыт. Мемлекетіміз жас жеткіншектердің заманауи білім алып, салауатты өмір салтымен денсаулығын сақтап, тың идеяларын жемісті жүзеге асыруға әрдайым қолдау көрсетіп келеді. Бұл бағытта мемлекеттік бағдарламалар да жүзеге асырылып жатыр. Оны өздеріңіз де көріп жүрсіздер. Бүгін өздеріңізбен жүздесіп, ой-пікірлеріңізді тыңдап, бүгінгі заманның бет-бейнесітуралы сырласу үшін арнайы келіп отырмын. Әуелі өздеріңізге Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың жолдаған сәлемін жеткіземін.

Өздеріңіз білесіздер, елімізде былтырдан бастап үлкен саяси реформалар жүргізілуде. Алдымызда тағы бір саяси науқан келе жатыр. Өткен жылы Президент сайлауы өтті. Мұндай өзгерістер не үшін қажет? Ол болашағымызға не береді? Қазір ақпарат айдынының ашықтығы соншалық, қайсысы жалған, қайсысы шын, бірден анықтау оңай емес. Сондықтан өздеріңізбен бетпе-бет сөйлесіп, еліміз үшін маңызды тақырыптар төңірегінде сұхбаттасайық.

Батыр Бауыржан Момышұлы атамыздың «Шындық көп, ал ақиқат біреу» деген сөзі бар. Шындықтан гөрі ақиқатқа жүгінгеніміз дұрыс. Өткен жылғы «Қасіретті қаңтар» оқиғасы тарихымызда із қалдырды. Сол оқиғаға көбіне жастар шықты.

Олардың біразы шынайы ақпараттың болмағанынан шықты деп ойлаймын. Сондықтан да айтарым – білім кітапта. Кітап, газет-журнал оқитын адам адаспайды, әр нәрсенің ақ-қарасын анықтай алады.

Сол оқиғаға қатысты Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы халықпен кездесуінде «Қаңтар оқиғасының астарына үңілсек, оның себептері айқын көрінеді. Елімізде ұзақ уақыт әлеуметтік әділдік назардан тыс қалды. Мемлекет пен қоғамның арасы алшақтап кетті. Жылдар бойы шешілмеген әлеуметтік-экономикалық мәселелерден жұрт әбден қажыды. Бұл – түсінікті жайт. Алайда, қылмыскерлердің көздегені басқа еді» деген болатын. Арандатуларға арбалмау үшін де алған ақпаратымыздың ақ-қарасын анықтауымыз керек. Сол қасіретті қаңтар оқиғасынан соң елімізде саяси реформалар жүргізілді. Оның себебі, ел ішінде әділдік орнату еді. Президентіміз айтқан Әділетті Қазақстанды бәріміз бірге құрамыз, – деген Мәлік Нұржанұлы жастардың ой-пікірлерін сұрады.

Мемлекеттен қолдау тапқан бірқатар студенттер мемлекет билігіне ризашылықтарын айтып, ойларын ортаға салды.

– Бизнес пен ғылым қатар жүргізілсе ұтымды нәтиже көретініміз анық. Оның дәлелін өмірде көріп те жүрміз. Мен осы М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің технологиялық факультетінде «Текстиль, материалтану және стандарттау» кафедрасының «Стандарттау және өнімнің сапасын басқару» мамандығында оқимын. Өзімнің «Vulpis Plastic» атты тұрмысқа, автокөлік индустриясына, жиһаз өнеркәсібіне қажетті пластикалық өнімдерді термо-вакуумдық формовка арқылы өндіруге бағытталған жобамды ұсынып, грант иегері атанып, оны Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзі табыстаған болатын. Жастардың ұтқыр идеяларын жүзеге асыруға қолдау көрсетіп отырған мемлекетімізге, Президентімізге рахмет, – деді 3-курс студенті, «DUISENI» жеке кәсіпкерлігінің иесі Жасұлан Дүйсени.

Студент бола жүріп, бойда бар қабілетімен жетістікке жетіп үлгерген парапауэрлифтингтен халықаралық дәрежедегі жүлдегер Ерболат Кәрібай, «Қазақстан волонтерлер лигасы» Тараз қалалық филиалының төрағасы Ағарыс Әуесхан, «Академиялық ұтқырлық» бағдарламасымен Польшадан білім алып келген Ұлжалғас Сейтқасымова да алғыстарын білдіріп, ізденімпаз жастарға арналған бағдарламалар аясы кеңейе берсе деген тілектерін жеткізді.

М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің ректоры Мұхтар Байжұманов оқу орнында Президент тапсырмасымен орындалып жатқан жұмыстарды баяндады.

– Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауларында білім мен ғылым саласына да көптеген тапсырмалар беріп, бағдарламалар жайында айтты. Соның бірі – ел аумағында шетелдік жоғары оқу орындарының кемінде 5 филиалы мен өкілдігін ашу туралы тапсырмасы. Осы тапсырманы орындау мақсатында университетімізде бірқатар жұмыстар атқаруда. Президент халыққа арнаған Жолдауында су шаруашылығында сұранысқа қажетті мамандар даярлау туралы ауқымды тапсырма жүктеді. Осыған байланысты біз Ташкентте су шаруашылығының мамандарын дайындайтын университетінің деңгейін көрдік. Өте жақсы қамтылыпты. Соның филиалын Тараз өңірлік университетінен ашуға келісім жасастық. Енді 1 қыркүйектен бастап Ташкенттегі су шаруашылығы университетімен қос дипломды мамандар даярлауға оқу бағдарламаларын әзірлеудеміз. Ресейдің Менделеев атындағы химия-технология университетімен қарым- қатынас жасауды да Президент өзі сөзінде айтқан болатын. Осыған байланысты қаңтар айында Ресейдің аталған университетінің ректоры, проректорлары, ғалымдары, профессорлары келіп, келіссөз жасастық. Онда да екі дипломдық білім беру көзделді. Және облысымызда түрік инвесторлардың «Қазақ сода» зауыты салынуда, жұмысын 2025 жылдың 1-ші жартыжылдығында бастайды екен. Сол зауытқа қажетті мамандар даярлауға түрік инвесторларымен де жақында келісім-шарт жасастық. Алғашқы этапта 300- 350 маман керек екен. Осы бойынша да оқу бағдарламаларын жасап, 1 қыркүйектен жұмыс жасаймыз, – деді Мұхтар Қазбекұлы.

Кездесу соңында жастар көкейлеріндегі сауалдарын қойып, тиісінше мол мағлұмат алды.

 

Қамар ҚАРАСАЕВА

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support