- Advertisement -

Тұрғындардың талап-тілегін тыңдады

100

- Advertisement -

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» Жарлығына сәйкес облыс әкімі Нұржан Нұржігітов Жамбыл ауданына қарасты Полатқосшы және Бесағаш ауылдық округтерінде жергілікті тұрғындармен кездесу өткізді. Нұржан Молдиярұлы басқосу барысында жауаптылар тұрғындардың тұрмыстық табысын арттыру жөніндегі жобаға енген ауылдық округтердегі барлық әлеуметтік мәселелер кешенді түрде шешуі қажеттігіне тоқталды.

Айта кетейік, Полатқосшы ауылдық округінде бүгінде 10 мыңға жуық тұрғын бар. Мұнда бір орта мектеп, үш балабақша, бөбекжай тұрғындарға қызмет көрсетеді. Ал 100 келушіге арналған Жалпақтөбе бастапқы санитарлық-медициналық орталығы ЭКГ, флюра, УЗИ, асқазан ауруларын анықтау (ФГДС), физио қондырғылармен жабдықталған. Елді мекен тұрғындары ауыз су мен табиғи газдың игілігін көруде.

Бұдан бөлек, Жалпақтөбе ауылында жеке көкөніс сақтайтын 97 қойма орналасқан. Олардың жалпы сыйымдылығы 24 370 тоннаны құрайды. Қазіргі таңда қоймаларда 2 300 тонна пияз, 4 200 тонна сәбіз сақтаулы. Кәсіпкерлік саласындағы мемлекеттік бағдарламаларды іске асыру бойынша өз кәсібін ашып, оны дамыту үшін 5 азамат 103 миллион теңге жеңілдетілген несиелер алған. 2025 жылға дейінгі даму жоспарын орындау мақсатында өткен жылы өнеркәсіп саласы бойынша іске асырылған 8 жобаның жалпы құны 65 миллион теңгені құраған.

Осылайша, 16 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Ал жыл қорытындысымен 206 азамат тұрақты жұмысқа тартылыпты. Жиын барысында аймақ басшысы тұрғындардың талап-тілегін тыңдады.

Ауылдықтардың айтуынша, мектепке барар жол қиылысына бағдаршам мен спорт кешенінің жоқтығы, жайылым жердің жетіспеуі және қаңғыбас иттердің көбеюі бас ауруға айналып отыр.

Нұржан Молдиярұлы барлық сұрақтарға облыс көлемінде атқарылып жатқан жұмыстарды негізге ала отырып, нақты жауаптар берді. Әкім өз сөзінде әрбір ұлт өкілі мемлекеттік тілді меңгеруге күш салу керектігін айтты.

– Мемлекет басшысы қоғам мүшелерінің тыныштығын, ел ішінде келісім мен бірліктің сақталуына айрықша назар аударып отыр. Өздеріңізге мәлім, елімізде көптеген ұлт өкілдері бір шаңырақ астында өмір сүруде. Оларға өздерінің мәдениетін, салт-дәстүрін дамытуға барлық жағдай жасалуда. Дегенмен қоғамдағы қарым-қатынас, бірлік үшін еліміздің барлық азаматтары мемлекеттік тілдік меңгеруі тиіс. Бұл тұрғындардың өзара байланысын арттыра түседі, – деді Нұржан Нұржігітов.

Облыс әкімінің халықпен кездесуі Бесағаш ауылдық округінде жалғасын тапты. Ағымдағы жылы қос елді мекеннен тұратын аталған округте жалпы құны 54 миллион теңгені құрайтын 4 шағын инвестициялық жоба іске асырылып, 20 адамды тұрақты жұмыспен қамту жоспарлануда.

Ал округтің 2025 жылға дейінгі даму жоспарына сәйкес 22 жобаны іске асыру көзделген. Өткен жылдың сәуір айында округ құрамындағы Бесағаш және Түрксіб ауылдарына ауыз су жүргізу жұмыстары басталды. Бұл жұмыстар ағымдағы жылдың наурыз-мамыр айларында толық аяқталады деп күтілуде. Жалпы, ауылдықтар табиғи газбен қамтылған.

Сондай-ақ округ бойынша 36,2 шақырымды құрайтын 46 көшенің 11-і асфальтталса, ағымдағы жылы «Ауыл – ел бесігі» жобасы шеңберінде Бесағаш ауылының 11 және Түрксіб ауылының 14 көшесін жөндеуге қаржы қаралған. Айта кету керек, округ облыс тұрғындарының тұрмыстық табысын арттыру жобасының алғашқы кезеңіне енген болатын. Бүгінде тұрғындар жоба аясында тұрмыстарының тіктеліп келе жатқанын айрықша атап өтті.

Кездесу барысында бесағаштықтар жайылым тапшылығы, ауыз су тарту жұмыстарының сапасыздығы, жеке тұрғын үй үшін жер телімін беру, көшені жөндеу, мектеп ғимаратының сыртын реттеу жұмыстарын жүргізу және тағы басқа мәселелерді көтерді. Облыс әкімі көтерілген сауалдарға нақты жауап беріп, кейбір мәселелерді реттеу бойынша тиісті тұлғаларға нақты тапсырмалар жүктеді.

– Тұрмыстық табысты арттыру жөніндегі жобаға енген ауылдардағы барлық әлеуметтік мәселелерді кешенді түрде шешуге күш салып жатырмыз. Осы орайда, ауылға 760 миллион теңге бағытталды. Бұл тұрғыдағы жұмыстар жүйелі жүргізілетін болады. Сонда ғана біз бір ауылдың мәселелерін толығымен шеше отырып, келесі округтерге ауыса аламыз, – деді Нұржан Нұржігітов.

Кездесулерден соң облыс әкімі азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдау өткізді.

 

Есен ӨТЕУЛІ

 

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support