- Advertisement -

Еңбек ескерілсе игі…

150

- Advertisement -

Редакциямызға Аман Сатыбалдиев деген қария келіп, өзінің еңбек ардагері екенін, алайда еңбегінің лайықты бағаланбай келе жатқанын айтты.

Аман Кәрібайұлының мамандығы бухгалтер-экономист және құрылыс шебері екен. Әуелі сол кездегі Жамбыл қаласындағы есеп-санақ техникумын, кейіннен Жамбыл гидромелиоративтік құрылыс институтын бітірген. Тіпті институттағы оқуын үшінші курста сырттай бөлімге ауыстырып, еңбекке араласып кетті. Содан кеңшарға прорабтың көмекшісі болып қызметке қабылданды. Көкдалада орта мектебінің құрылысын толық аяқтап, елдің алғысына бөленді.

1971 жылы Жаңатас қаласына құрылыс шебері болып жұмысқа ауысты. Жаңатастағы біраз құрылыстарда Аман Сатыбалдиевтің қолтаңбасы бар. 1973 жылы институттың дипломын алып, Қаратау өндірістік комбинатына қарасты құрылыс тресінің техникалық қауіпсіздік инженері болып еңбек етті. Қаратау өндірістік комбинатында күрделі құрылыстар басқармасында аға инженер-куратор болып 19 жыл бойы тер төкті. Кейіннен аталған комбинатта экспорттық бюроның басшысы болып 1982-2004 жылдар аралығында еңбек етті.

Аталған экспорттық бюроны басқарған кезде «Көксу» және «Ақсай» кен орындарының ашылуына тікелей үлес қосты. Сол «Көксу» мен «Ақсай» кен орындары әлі күнге дейін жұмыс істеп тұр. «Ұзақ жылдар комбинатта қызмет істедік. Абыройым жаман болмады. Еңбегімізге қарай құрметке де бөлендік», дейді Аман қария.

Аман Сатыбалдиев тоқсаныншы жылдары Жаңатас қаласының да жағдайы мүшкіл болғанын айтады. «Жаңатастан тұрғындар көше бастады, 85 мың тұрғыннан 30 мың ғана адам қалды. Жылдар бойы жылудан, жерасты суымен қамтудан қиындықтар туындады. Осындай қиын шақта мен сол кездердегі облыс басшылығына хат жазып, Жаңатас қаласының жағдайына көмек сұрадым.

Мәселелерді шешу үшін қомақты қаражат керек еді. Сол кездегі басшылардың қолдауымен қаржы бөлініп, Жаңатас қаласының жерасты кәріз жүйесінің құбырлары жаңартылып, шаһарды жылыту, салқын және ыстық сумен қамту жақсарды. Енді Жаңатасқа көгілдір отын тартылса нұр үстіне нұр болар еді», дейді. «Осындай еңбектерімді Сарысу ауданының басшылығы елей қоймады. Бірақ облыс әкімінің «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен марапатталдым.

Содан кейін ғана Сарысу ауданы әкімінен «Сарысу ауданына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісін алдым. Ал 1984 жылдан «Еңбек ардагері» медалім бар. Оған Қазақ КСР Жоғарғы кеңесінің төрағасы қол қойған. Дегенмен маған «Сарысу ауданының Құрметті азаматы» атағы берілмей, кешеуілдеп жатыр. Осы мәселені аудандық әкімдікте қозғап едім.

Аудан әкімінің орынбасары: «Ол тексеру комиссиясының шешімі бойынша беріледі» деді. Бірақ былтыр бес кісіге «Ауданның Құрметті азаматы» атағы беріліпті. Мен тағы да бұл тізімде болмай шықтым. Осы сұраққа кім жауап береді? Түсініксіз», дейді Аман Сатыбалдиев.

Аман қария биыл 84 жаста. Ақсақал әділдік іздеп сол кезде облыстық мәслихаттың хатшысы Махметғали Сарыбековке, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаевқа кіріп, жағдайын айтыпты. Махметғали Нұрғалиұлы мәселені түсіндіре келіп, облыста 9 адамнан құралған комиссия бар екенін, бұл кісінің жағдайын комиссия қарап шешім жасайтынын, «Сарысу ауданының Құрметті азаматы» атағын алса, артынша «Облыстың Құрметті азаматы» атағына комиссияға ұсыныс жасауға болатынын айтыпты. Еркінбек Солтыбаев та ардагерлер кеңесі тарапынан бұл кісіні қолдауға дайын екендерін жеткізіпті.

 

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support