- Advertisement -

Тренингке бардың ба, тәуір ақша бердің бе?..

156

- Advertisement -

Өмірді ұлы көш десек, адам сол көшке аяңдап ілесіп, уақыттың уысында сол ұлы жолдың асу-асу белдерінде түрлі кедергіге кездесіп жүріп болашаққа бет түзейді. Тірі адамға тіршілік, әркім өз қал-қадерінше еңбек етіп, нан табады. Бірі базар жағаласа, енді бірі несібесін қара жұмыстан теріп жүр. Әлдекім дәрігер болып, дертке дауа іздесе, енді біреу қаламының құдіретімен кітап жазып, жазушы атанады. Бірі бала оқытса, бірі құрылыс жүргізеді. Қысқасы, әр саланың өз маманы бар.  Өмірді ұлы көш десек, адам сол көшке аяңдап ілесіп, уақыттың уысында сол ұлы жолдың асу-асу белдерінде түрлі кедергіге кездесіп жүріп болашаққа бет түзейді. Тірі адамға тіршілік, әркім өз қал-қадерінше еңбек етіп, нан табады. Бірі базар жағаласа, енді бірі несібесін қара жұмыстан теріп жүр. Әлдекім дәрігер болып, дертке дауа іздесе, енді біреу қаламының құдіретімен кітап жазып, жазушы атанады. Бірі бала оқытса, бірі құрылыс жүргізеді. Қысқасы, әр саланың өз маманы бар.

Иә, тұрлаусыз тіршілікте ілкімді істің икемін келтіріп, абыройын асырып, мерейін тасытқан түрлі мамандық иелері көп-ақ. Қара баланың қамымен, қара қазанды оттан түсірмеудің амалы шаш-етектен. Ал бүгінгі күннің тыныс-тіршілігінде көш бастап тұрған, заманауи мамандықтардың бірі – тренинг өткізу болып тұр. Бұл білгеніңді біреуге үйрету, яғни ақыл сату. «Тренингке бардың ба, тәуір ақша бердің бе?» деген сөз тіркесі бүгінгі күннің мәтеліне айналғалы қашан?!

Қазіргі кезде тренингке қатысудың өзі тренд десек те болады. Және мұндай жиындарға халық барғыш-ақ. Психологиялық тренингтің жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай қаптауының сыры неде? Бұл бәлкім қоғам талабы, мүмкін қажеттілік болар? Тренингтің көбеюінің арты неге әкеледі? Пайдасы қаншалықты, зияны неде? Осы сұрақтарға жауап іздеп көрелік.

«Тренинг» сөзі ағылшын тілінен аударғанда «жаттығу, үйрету» дегенді білдіреді. Дамуы мыңдаған жылдар бұрын бастау алған. Ал тренинг өткізуді алғашқылардың бірі психологиялық кітаптардың авторы Дейл Карнеги қолданыпты. Ол 1912 жылы адамдарға көсіліп көсем, шешіліп шешен болудың қыр-сырын үйрететін «Dale Carnegie Training» орталығын құрған. Тренинг тарихы осылайша жалғасын таба берді. Кеңес дәуірінде 1981 жылы Ресейде белгілі психолог А.Егидестің жетекшілігімен «Маленький принц» атты клуб құрылып, алғашқы психологиялық тренингтер өткізіле бастапты. 1986 жылы маусымда Мәскеуге Америкадан Эрхард Вернердің келуі тренинг тарихында үлкен оқиға болған екен. Ресейде 1990 жылдары тренингтердің заманы туып, дәурені жүре бастады. Осы уақытта біздің елге де психолог мамандар келіп, тренингтер өткізуді қолға ала бастаған.

Ықылым заманнан адам баласы ақпараттың 70 пайызын ойын түрінде қабылдаса, жеңіл, еркін әрі тез түсіне қояды екен. Осы тұста айта кетер болсақ, миға кіріп, жүрекке ену үшін ақпарат көру арқылы 25, кітап оқу арқылы 10, есту арқылы 5-ақ пайыз сіңетіні белгілі. Міне, мәселе қайда жатыр?! Тренингтердің де ең үлкен үрдіс-тәсілдерінің бірі – барлық ақпаратты жеңіл жаттығулар, ойын арқылы өткізеді. Осы жағынан өзгеруге талпынған адам талай кітап оқып, теледидардан түрлі бағдарлама көріп, іздену арқылы емес, тренингке қатысу арқылы ақпаратты жылдам меңгеріп, тез түсіне қоятын болып тұр.

Қазір адам баласының күйзеліске жиі ұшырайтыны көп байқалады. Оған дәлел – психолог іздеп жүргендердің қарасының көптігі. Осындай сәтте адам жанына демеу болатын сауатты психолог екені анық. Осы орайда біз психолог Жанар Кеншінбековамен әңгімелескен едік.

– Психологиялық тренингтерге келген адамның ойы өзгереді. Көкжиегі кеңейеді. Алғаш салы суға кетіп келген кісінің кейіннен бойына күш-қуат құйылып, көз алдыңда нұрланғанын көресің. Өмірдің заңдылықтарын меңгерген адамның өмірі жеңілдейді емес пе? Өзіңді жан- жақты танудың пайдасы болмаса зияны мүлде болмайды. Адамдар өмір бойы әлдебіреуді жөндеймін деп әлек болып жүреді, бірақ бәрін өзінен бастау керек. Дегенмен түрлі тренингтердің тәсілі де әртүрлі. Мәселен, «үш күнде бизнесмен етемін» дейтіндер де бар. Алайда адамның фундаменті жоқ болса, бұл терең мәселені игеру үшін көп ізденіп, оқу керек. Ол үшін коммуникациялық қабілет қажет. Әрине, үш күн өте аз… Қазіргі коуч, тренер, психологтардың айтқаны дұрыс, бірақ адам өзіне пайдалы тұсын алып, нәтижесін шығаруды өзі дұрыс қолға алу қажет. Көп адам естіп, көргенімен, оны тәжірибе жүзінде іске асырмайды. Осыдан теріс ұғым пайда болады. Яғни «Бұл ақша алудың, халықты тонаудың көзі» деген сияқты пікірлер көбейеді. Негізі, бұл білгеніңмен бөлісу. Алған ақпаратты дұрыс қолданғандар жетістікке жетеді, – дейді психолог.

Әлдебір тренингке қатысқан адамның біраз уақытқа дейін жүрегінде жеңілдік орнайды. Соның әсерімен ол біраз дүниені қолға алып, біршама жетістіктерге жетедіде. Алайда кедергіге кезіге қалып, одан де. Алайда кедергіге кезіге қалып, одан шығар жол таппаса тренингтің пайдасы болмады деп өкінеді. Осы тұста адамның психологиясы, сыртқы әлемді қабылдауы әртүрлі екенін де есте ұстаған жөн. Біреулер үшін бірді екілі тренингтің пайдасы болып, биікке қол жеткізсе, енді біреулер үшін жүздеген тренинг те еш нәтиже бермейді. Оның үстіне отбасы татулығын алға тартқан кейбір коуч-тренерлердің өз өмірі оңып тұрмағанын жұрт жақсы біледі. Осы жерден оларға деген сенімге селкеу түседі.

Осы тұста педагог-тарихшы Айшуақ Дәрменұлының әлдебір басылымға берген сұхбатынан мысал келтіруді жөн көрдік. «Бала және оған қамқорлық көрсету» атты бестселлердің авторы Бенжамин Споктың өзінің туған баласы мен немересі нашақорлық зардабынан өлген. Әлемге кең танылған «Адамдарды қалай жаулап алуға және қалай әсер етуге болады?» кітабының авторы Дейл Карнеги отбасы мүшелерін қуып жіберіп, жалғыз қалғанда сырқатының бейнетіне шыдамай атылып өлген.

АҚШ-та «Некені қалай сақтау керек?» кітабының авторы Дерек Медине әйелін сегіз оқпен атып өлтіріп, өмірлік түрмеде отыру жазасына кесілген. XX ғасырда педагогикалық тәрбие саласында революция жасаған әрі бала тәрбиесіне қатысты бірнеше кітаптың авторы, итальяндық педагог Мария Монтессори некесіз тапқан баласы Марионы басқа отбасына тапсырып, он жылдан соң өз баласын қайта асырап алған екен. «Қалай бақытты болуға болады?» бестселлерінің авторы Чхве Юн Хи қатты күйзеліске ұшырап, эвтаназия арқылы өмірмен қоштасқан.

Тағдырлары солай шығар, жазғырудан аулақпыз. Осы адамдардың ілімін біреу мадақтап жатқанда, «әулие болса өзін неге жарылқамады» деген ұры ойдың құлағы қылтиып тұрады. «Шам жарығы түбіне түспейді» дейді ғой. Мінберден қазақ тілінің мүшкіл халі туралы күңіреніп сөйлейтін, өз балалары ана тілінен мақұрым кейбіреулер еске түседі» депті ол.

Қазақтың біртуар тұлғалары Абайдың Зере әжесі, Шоқанның Айғаным әжесі болды. Біз атаның нақылы мен әженің ақылын тыңдап өскен елдің ұрпағымыз. Алайда қазір олардың орнын ер мен әйелдің қарым-қатынасын егжей-тегжейлі зерттеп жүрген Айнұр Тұрсынбаева, «Жеті күнде тұрмысқа шығарамын» деп жарияға жар салған Құралай Ошақбаева басқаны анық. «Бизнес бастау» кәсіпкерлік мектебінің жетекшісі Ахметбек Нұрсила тәп-тәуір ақшаға бизнесмен болуды үйретіп жүр. Атай берер болсақ елімізде коуч-тренерлер жетіп артылады.

«Батыстың канализациясынан аққан қоқыс қазақ оқырманына 2005-2006 жылдары кіре бастады. Киосаки, Трейси, Хей дегендерді сол жылдары оқыдық. Психолог дәрігерлер неге Хейді алаяққа теңейді? АҚШ қоғамы неге сотқа тартады? 1980 жылдары СПИД ауруынан азап шеккендер көбейді. Медицина әлі оған қауқарлы емес еді. Осы кезде сахнаға Хей шығады. Курстарын, сабақтарын, ең соңында «Өзіңді өзің емде» деген кітабын сатады. Жаны қысылған ауру не істейді? Коронадан баудай түскенде кірпі етін «ем болады» деп жегендерді естідік. Науқастар тап осы жолмен оның кітабын ыстық тоқаштай талап кеткен. Хей өзін «жатыр обырынан емдедім» дейді. Алайда сот емделген ауруханадан онда рактың болмағанын, жай ғана миома диагнозы болған құжатты тапты.

Жалпы, кедейліктегі балалық, ауруы жайлы өтірікпен халықтың аянышын оятып, курсын сату алаяқтарға ортақ. Хейді тыңдасақ дәрігерлер он жыл бойы оқып, бекер сандалып жүр екен. Кітабынан соң, Хей өзінің энергиясына суарылған заттарын сатқан. Әрбірі 30 миллион данамен сериалы кітаптары, «құшақтап шеріңді шығарасың» деп жұмсақ аю, «көркіңнің әдемілігін түсінесің» деп айна, сәттілік әкелетін моншақтар мен шұлықтар кімнің есінде? Бетің қалың болса, баю қиын емес», дейді жазушы Лира Қоныс.

 P.S. Сапалы тренингтен сауатты ілім алғыңыз келсе, кімге бара жатқаныңызды, дәрісті кім оқитынын алдын ала біліп алыңыз. «Ішікті айналдырсаң жүні шығады, ішекті айналдырсаң жыны шығады, әйтеуір айналдыра берсең, періштенің де міні шығады» деген нақылға сүйенсек, мінсіз нәрсенің болмайтыны есіңізге түседі. «Құдайға сенгеннің екі бүйірі, адамға сенгеннің екі көзі шығады» дегенді де ескерген жөн. Бәріне бірдей топырақ шашудан аулақпыз. Психолог та, жетістікке жеткен маманның ақылы да, әрине, қажет. Сол үшін, психологиялық тренингке барарда ақылға салып, екінің біріне сене бермей, елеп-екшеп, кімнің кім екенін танып барғаныңыздың абзал екенін айтуды жөн санадық.

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support