- Advertisement -

Ынтымақ – ырысқа бастайды

59

- Advertisement -

Еңбекпен өрлеген өлкенің бірі – Қордай ауданы. Табиғаттың байлығын, құнарлы жердің жайлылығын тиімді пайдаланып, алқапты жайқалған егінге айналдырып, сонымен өсіп-өнген ауданның 10 ауылдық округінде 10 жобаның жүзеге асуы да тынымсыз еңбектің айғағы. Мұндай өнімді істің кілтін қордайлықтар бірлікпен келген берекеге балайды.

Түрлі этнос өкілдері шоғырланған өңірде бірлікке бастайтын іс-шаралар жиі ұйымдастырылып тұрады. Ортақ шаңырақ – Отанның өсіп-өркендеуіне негізделген жұмыстарға халық та бірлесе атсалысады. «Тіл – татулық тірегі» екені бесенеден белгілі. Бірнеше этносты біріктірген берекелі аймақта мемлекеттік тілді үйретуге де басымдық берілген. Тұрғындарға мемлекеттік тілді оқыту курстары тек аудан орталығында емес, ауылдық округтердегі мектептерде де, «Имамдар үйі» орталығында да жүзеге асырылып отыр.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен облыс, аудан басшылары тарапынан айтылған тапсырмалар кезең-кезеңімен орындалуда. Осы ауданның тұрғыны ретінде оны көріп те жүрміз. Бәрі де ортақ үйіміз – Отанымыздың өркендеуі мен елдің бақуатты өмір сүруі үшін екені белгілі. Көпшіліктің игілігін көздеген жақсы істерге біз өз үлесімізді қосуға қашан да дайынбыз, – дейді Дыдыр Двумаров.

Ел ішіндегі ынтымақты нығайту мақсатында Қаракемер, Масаншы, Сортөбе, Ауқатты, Қарасу, Қарасай ауылдық округтерінде Қоғамдық келісім кеңесі құрылып, оған тек беделді ақсақалдар ғана емес, жергілікті кәсіпкерлер де тартылған.

Ертеректе басына сынақ түсіп, өз жерінен алыстаған талай этнос өкіліне құшағын ашқан қазақ халқының кең пейілі мен пана болған байтақ даласына олардың осында қоныстанған бүгінгі ұрпағы да алғыс айтып келеді. Біз мұны тілі басқа болса да тілегі бір, жүзі басқа болса да жүрегі бір қордайлық өзге этнос өкілдерінің бірлескен істерінен байқадық.

Атап айтқанда, «Жамбыл облыстық «Вынхуа» дүнген этномәдени орталығы» қоғамдық бірлестігінің меценаты Лугмар Буларов, бірлестік төрайымы Айша Идыбо бір топ кәсіпкерлермен бірлесіп «Күшіміз – бірлікте», «Жақсылық айы», «Құдайы тамақ», «Жылу», «Мейірімділік керуені» атты қайырымдылық шараларын ұйымдастырған. Ал Алғыс айту күнінде «Берекеміз – бірлікте», «Жан жылуы», Республика күніне орай «Жанашыр жүрек» акцияларын, Наурыз мейрамында облыстық ассамблеяның «Мейірімді жүрек», Құрбан айтта «Ізгілік айы» іс-шараларын өткізген.

Сондай-ақ «Мектепке жол» акциясына да өз үлестерін қосып, балаларды қуантып, ата-аналардың алғысына бөленген. Олар мұндай қайырымды істерді тек аудан аумағында жасаумен шектелмей, еліміздің өзге аймақтарында да жүзеге асырған. Соның бір мысалы ретінде, өткен жылы Қостанай облысында өрт салдарынан орын алған төтенше жағдайға байланысты көмек ұйымдастырылғанын айта кеткен жөн.

Аталған қайырымдылық істерге «Вынхуа» дүнген этномәдени орталығы 19 миллион 700 мың теңге жұмсапты. Мұндай сауапты істен аудандағы басқа этномәдени орталықтар да тыс қалған емес. «Отечество» славян этномәдени орталығының төрайымы Любовь Харченко және бірлестік өкілдері де көптің игілігіне жарайтын көмектерін аямай отыр. Республикалық «Архыз» қарашай-балқар этномәдени бірлестігінің облыстық филиалының өкілі Таня Апаева да «Мектепке жол» акциясы аясында аудандағы көпбалалы отбасының оқушыларын мектеп құралдарымен қамтамасыз еткен.

Қордай аудандық «Ахыска» түрік этномәдени орталығының төрайымы Камиля Дургалова 1 миллион 500 мың теңгеге, «Вайнах» шешен-ингуш этномәдени орталығының төрағасы Эльсихан Хазбулатов 700 мың теңгеге аз қамтылған отбасыларға, ардагерлерге азық-түлік себетін таратқан.

 

  Қамар ҚАРАСАЕВА

Қордай ауданы

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support