- Advertisement -

Біреуі балағаттайды, біреуі алдайды

223

- Advertisement -

Т.Рысқұлов ауданының бірнеше кәсіпкері редакциямызға келіп, аталған аудан әкімдігі ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Темірғали Биғазиевтен боқауыз сөз естігендерін, оған әлі күнге аудан әкімі ешқандай шара қолданбай отырғанын айтып шағымданды. Бұл оқиға өткен жылдың маусым айында орын алып, содан бері екі тарап ортақ бітімге келе алмай даулары әлі күнге жалғасып келеді екен.

«Айгерім» жеке кәсіпкерлігінің жетекшісі Жайлаукүл Мұсалиева әріптестері Жұлдызай Алтыбаева мен Бауыржан Тұтқышбаев үшеуі аудан әкімдігі жер қатынастары бөлімінің басшысы Досмұханбет Жаналиевке жайылым жер және сүт өнімдерін өткеретін дүкен салу үшін жер телімін сұрап барған. Олардың үстінен кіріп барған аудан әкімдігі ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Темірғали Биғазиев қарап тұрмай, ауылдастарымен сөзге келіп қалып (бөлім басшысы да, арызданушы тарап та Көгершін ауылының тұрғындары), артынан жасы үлкені Жайлаукүл Мұсалиеваны боқауыз сөзбен сыбап салған. Сөйтіп, ол өзге әріптесінің жұмыс орнында тұрып, мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдебінде көзделген әдеп қағидаларын сақтамаған.

– Біз кәсіпкерміз. Еңбегіміз адал. Кәсібімізді кеңейту үшін аудандық жер қатынастары бөліміне барғанбыз. Ал Темірғалидан біз ештеңе сұрағанымыз жоқ. Өзі келіп, әңгімемізге килігіп, жасымның үлкендігіне қарамастан боқтық сөз айтты. Алдыма келіп, боқауыз сөзі үшін кешірім сұраса кешірер едім ғой. Мұнша жасқа келіп, баламдай адамнан боқауыз сөз есту маған да оңайға соққан жоқ, – дейді Жайлаукүл Мұсалиева.

Зерделеп көрсек, Темірғали Биғазиевтің әкесі Надир елге еңбегі сіңген, одақ тұсында Социалистік Еңбек Ері атағын алған, айтулы тұлғаның бірі екен. Ұл-қыздары еліміздің түкпір-түкпірінде қызмет етуде. Қара шаңырақтағы ұлы да қара жаяу емес, Көгершін және Құлан ауылдық округтерінің әкімі болыпты. Ветеринария бөлімін де басқарса керек.

Осындай тәжірибесі бар азаматтың болмашы жерде сыр бергенін кәсіпкерлер де, әріптестері де түсіне алмауда.

Кәсіпкерлер аталған бөлім басшысының үстінен аудандық сотқа шағым түсірген. Аудандық сот шешімімен Темірғали Биғазиев кінәлі деп танылып, оған 15315 теңге айыппұл салынады. Айыпталушы соттың шешімімен келіспей, облыстық сотқа шағым түсіреді. Облыстық сот аудандық соттың 2022 жылғы 4 тамыздағы Т.Биғазиевке қатысты қаулысын өзгеріссіз, оның шағымын қанағаттандырусыз қалдырады. Ал қазан айында бұл мәселе Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің өңірдегі әдеп жөніндегі кеңесінде қаралады. Онлайн форматта өткен жиында Темірғали Биғазиевке «ескерту» түріндегі тәртіптік жаза қолдану ұсынылады. Осылайша мемлекеттік қызметшілердің Әдеп Кодексінің талабын бұзған бөлім басшысы жазадан оңай құтылып кетеді.

Мәселе осымен тына салса бір жөн. Ал оның қайта ушығуына бір жағы Темірғали «айыппұлымды төледім, бұдан артық маған не істей алдыңдар» деп айтуы, екіншісі аудан әкімдігі жер қатынастары бөлімінің басшысы Досмұханбет Жаналиевтің сөзінде тұрмауы себеп болған. Яғни, кәсіпкер Жайлаукүл Мұсалиева бес жылдан бері Құлан ауылдық колледжі аумағында тұратын көпқабатты тұрғын үй тұрғындарын сүт өнімдерімен қамтамасыз етіп келген. Сол арадан дүкен ашуға ниетті ол бұл ойын облыс басшылығына да айтып, ол ұсынысын облыс әкімдігі қолдаған екен.

– Аймақ басшысы Нұржан Нұржігітовтің қабылдауында болған кезде ауданнан сүт өнімдері дүкенін ашуға ниетті екенімді айтып, 3-4 метр жер телімін бөлуді сұрағанмын. Нұржан Молдиярұлы менің өтінішімді қанағаттандыруды аудан әкіміне тапсырды. Аудан басшылары жер телімін тапсаңыз сізге аукцион арқылы берейік деп шешті. Мен аталған көлемде жерді тауып, жер бөлімінің басшысына көрсеттім. Ол жердің құжаты дайындалып, аукцион күні белгіленді. Сол күні жер бөлімінің басшысы түрлі сылтаулармен менің аукционға қатысуыма кедергі жасап, өз қитұрқы әрекетін жүзеге асырып, басқа біреудің ұтып алуына себепкер болды. Біздің ауданда елдің сөзін сөйлейтін, мұңын тыңдайтын әкім қашан болар екен, – дейді кәсіпкер.

Басшылар уәдесінде тұрмайды деген кәсіпкер: «Сол жерді мен өзім тауып бердім ғой. Бір сөзбен айтқанда, нанға май жағып аузына салып беріп отырмыз ғой», – деп қынжылады.

Аудан әкімдігі ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Темірғали Биғазиев енді кәсіпкерлерге «Айыппұлымды төледім, енді маған не істей аласыңдар» деп қоқаңдаса, жер қатынастары бөлімінің басшысы Досмұханбет Жаналиев кәсіпкерлерден қашып, ұстатпай жүр екен. Осылайша, қос басшының да өз ісіне деген жауапсыз әрекеттері кәсіпкерлердің ашуын тудыруда.

 

Марат ҚҰЛИБАЕВ

Т.Рысқұлов ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support